Семей орманындағы өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК авиациясы қосылды

16.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

"Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Тілсіз жауды ауыздықтауға жүздеген маман мен авиация жұмылдырылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің соңғы деректеріне сілтеме жасап.

Сағат 14:50-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖМ-нің 158 қызметкері мен 22 техникасы, ІІМ-нің 101 қызметкері мен 25 техникасы тартылды.

Бұдан бөлек, жұмысқа су төгу құрылғыларымен жабдықталған төрт әуе кемесі жұмылдырылды: "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның екі тікұшағы, Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшағы.

Жалпы авиация өрт ошақтарына 82 рет су шашты. "Қазавиаорманқорғау" тікұшақтары 58 рет, Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы 19 рет, ҰҚК-нің Ми-8 тікұшағы 5 рет су төкті.

"Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ауданы шамамен 60 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген, кей жерлерде төменгі өрт жоғарғы өртке ұласып жатыр", - делінген Экология министрлігі хабарламасында.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда, өртті сөндіру барысы туралы жедел есеп сағат сайын беріліп тұрады.

Еске сала кетейік, өрт 16 шілдеде сағат 09:45-те Абай облысы Бородулиха филиалының Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген болатын.

Ресми мәлімет бойынша, өрт аумағында ауа температурасы +34 градус, солтүстік-батыстан соққан жел жылдамдығы секундына төрт метрге, екпіні секундына сегіз метрге дейін жетеді. Өңірде өрт қаупінің бесінші, төтенше класы сақталып отыр.

Бұған дейін өңір полицейлері өрт аймағына жақын орналасқан балалар лагерінен 190 бала мен 19 қызметкерді эвакуациялаған болатын. Сондай-ақ қоршау жұмыстары ұйымдастырылып, өрт сөндіруге қатысып жатқан ведомстволарға көмек көрсетіліп жатыр.


Еске сала кетейік, 2023 жылдың маусымында "Семей орманында" ірі орман өрті болған еді. Өрт аумағы 60 мың гектарға дейін жайылып, салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Кейін Бас прокуратура резерваттағы өрт алдында бақылау камераларының бірі ажыратылғанын хабарлады.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью