Семей полигоны: өткеннің қасіреті, бүгіннің жауапкершілігі

20.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Семей полигонының зардаптарын еңсеру мәселелерін талқылау, әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру, медициналық және ғылыми зерттеулердің өзекті бағыт­тарын айқындау, сондай-ақ халық­аралық ынтымақтастықты дамыту.

Іс-шараны ашқан Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Семей полигонының жабылуы Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Біз әлемге Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын, Семей полигонының жабылғанын мақтанышпен айтып келеміз. Алайда бүгін біз тағы бір маңызды сұраққа жауап беруіміз керек: осы сынақтардың зардабын тартқан азаматтардың мәселесін толық шеше алдық па? Тарихи әділеттілік тек өткенді еске алумен емес, бүгінгі адам­дардың тағдырына нақты жауап­кершілікпен өлшенеді», деді сенатор.

Сенатордың айтуынша, бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі – радиациялық әсерге ұшыраған азаматтардың нақты санын анықтау және бірыңғай мемлекеттік реестр қалыптастыру.

«Біз халықаралық деңгейде миллионнан астам адам зардап шекті деп айтып келеміз. Бірақ мемлекет нақты қанша адамның радиациялық әсерге ұшырағанын, олардың қаншасы бүгін өмір сүріп жатқанын, қаншасы қайтыс болғанын, олардың денсаулық жағдайы қандай екенін нақты білуге тиіс. Бұл мәселе болжаммен емес, дәл деректермен шешілуі керек», деді Бибігүл Жексенбай.

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың өкілдері әлеуметтік қорғау, медициналық көмек көрсету, радиациялық мониторинг жүргізу және Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңның іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қол­даныстағы заңнаманы жетілдіру, әскери қызметшілердің құқықтық мәртебесін нақтылау, медици­налық скрининг бағдарламаларын кеңейту және зардап шеккен азаматтардың бірыңғай мемле­кеттік реестрін құру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.

Сенатор Бибігүл Жексенбай өз сөзінде мәселенің тек әлеуметтік төлемдермен шектелмеуі керек­тігін айтты.

«Адамдарға тек жәрдемақы немесе өтемақы ғана емес, өмір сүруге, еңбек етуге, балаларын оқы­туға және болашағын құруға мүмкіндік беруіміз қажет. Сон­дық­тан Семей өңіріне қатысты саясат өтемақы төлеу саясатынан даму саясатына көшуге тиіс», деді депутат.

Қатысушылар Конституция­лық соттың Семей полигонына қатысты қабылдаған құқықтық ұстанымдарының маңызын атап өтіп, ғылыми зерттеулерді жаңарту және әлеуметтік қорғау жүйесін қазіргі жағдайға бейімдеу қажеттігін жеткізді.

Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы халықаралық бастамалары, оның ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге арналған халықаралық трасттық қор құру жөніндегі жұмыстар туралы ақпарат берді.

Дөңгелек үстел қорытын­дысында айтылған ұсыныстарды жинақтап, мүдделі мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.

«Семей полигонының зардаптарын еңсеру – тек өткеннің мәселесі емес. Бұл – бүгінгі азаматтардың денсаулығы, әлеуметтік әл-ауқаты және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі үшін мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі», деп түйіндеді Бибігүл Жексенбай.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью