Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
1400 оқушыға арналып жабдықталған заманауи білім беру кешені Абай облысындағы алғашқы BINOM мектебі болмақ.
Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің өкілдері, BINOM мектептерінің және BI Engineering & Construction компаниясының басшылары, ұстаздар, қала тұрғындары мен оқушылар қатысты.
Жалпы ауданы 17 мың шаршы метрден асатын жаңа мектеп 12 блоктан тұрады. Жертөле қабаты бар төрт қабатты ғимаратта бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған кабинеттерді қоса алғанда, 56 кабинет, информатика, цифрлық сауаттылық, робототехника және шет тілдері кабинеттері, сондай-ақ үш спортзалы бар.
Жоба аясында заманауи білім беретін кеңістіктерге басты назар қойылған. STEM зертханасы, кино-фотозертханасы бар FABLAB, бейнелеу өнері, дизайн және технология, тұрмыс мәдениеті және тамақтану мәдениеті кабинеттері, meeting room, акт залы және балаларға практикалық дағдыларды меңгеріп, шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беретін басқа да мамандандырылған бөлмелер ашылады.
«Семейде мектеп салу BINOM мектептерін дамытудың маңызды кезеңі. Біз бұл арқылы мейлінше көп балаға заманға сай білім алуға мүмкіндік береміз. Сапалы білім өңірдің болашағына тікелей әсер ететініне кәміл сенімдіміз. Біздің міндетіміз – әр бала өз әлеуетін аша алатын, ал ұстаздар кәсіби тұрғыда өсу үшін барлық жағдай жасалған мектеп тұрғызу», – деп бөлісті BINOM мектептері желісінің директоры Шолпан Қадырова.
Мектепке іргелес аумақта толыққанды спорттық және рекреациялық инфрақұрылым бар, оның ішінде футбол алаңы, баскетбол мен волейболға арналған алаң, алғашқы әскери дайындық алаңы, арнайы кедергілерден тұратын жолақ, жүгіруге арналған жол, ұзындыққа секіру және доппен ойнайтын сектор, сонымен қоса бірнеше демалыс аймағы мен іс-шаралар өткізуге арналған алаң болады.
Нысан құрылысын Қазақстан бойынша білім беру және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды іске асыруда көпжылдық тәжірибесі бар BI Engineering & Construction компаниясы жүзеге асырады.
«Заманауи мектептер салу бірінші кезекте болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Біз балалар мен ұстаздарға ондаған жыл бойы қызмет ететін қауіпсіз, сенімді және жайлы кеңістік құру үшін сынақтан өткен инженерлік шешімдер мен заманауи құрылыс технологияларын қолданамыз», – деді BI Engineering & Construction компаниясының «Орталық» дивизионының директоры Әлібек Омаров.
Құрылыс аяқталғаннан кейін BINOM мектебі 1400 оқушыны қабылдай алады және Қарағайлы жаңа шағынауданындағы ең ірі білім беру нысандарының біріне айналып, балалардың білім алуына, спортпен айналысуына және жан-жақты дамуына арналған заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.