Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Семей қаласында кәсіпкерді алдап, миллиондаған теңгесін иемденген күдікті ұсталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады.
Полицияға 30 жастағы жеке кәсіпкер арызбен жүгінген. Оның айтуынша, 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айлары аралығында бейтаныс ер адам сеніміне кіріп, тендерлерге қатысу арқылы табысын еселеуге көмектесетінін айтқан.
Күдікті мемлекеттік сатып алу саласындағы мүмкіндіктерді пайдаланып, жоғары пайда табуға болатынын алға тартып, кәсіпкерден ірі көлемде ақша алған. Нәтижесінде жәбірленуші оған 4,3 миллион теңгеден астам қаражат берген.
Алайда уәде етілген табыс та, тендерлік жобалар да болмаған. Біраз уақыттан кейін кәсіпкер өзінің алаяқтық құрбаны болғанын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Семей қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Алайда ол жәбірленушіден алған ақшаны толықтай жұмсап үлгергенін айтқан.
Полиция қызметкерлері дәлел ретінде банк операцияларына қатысты құжаттарды тәркілеп, қылмыстық іс материалдарына тіркеді.
Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.