Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі барлық ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері және адамдар көп жиналатын нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексеріледі.
- Аймақ басшысы Берік Уәли жауапты мемлекеттік органдарға аталған нысандарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталуын, эвакуациялық орындардың жай-күйін, өрт сөндіру құралдарының дайындық деңгейін зерделеп, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысына бақылауды күшейтуді жүктеді, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, кеше сағат 19:00 шамасында Семей қаласындағы «BALA park» балалар ойын-сауық орталығынан өрт шыққан болатын. Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары оқиға орнына жедел түрде жіберілді.
Жедел штаб құрылып, 120 құтқарушы, 75 полиция, 15 жедел медициналық жәрдем қызметкерлері, 30-дан астам техника жұмыс істеді. Сағат 20:30-да өрт оқшауланып, көп кешікпей толық сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 3100 шаршы метрді құрады.
Адам шығыны болған жоқ. Жалпы саны 11 адам медициналық көмекке жүгінді, қазіргі уақытта 5 адам ауруханада ем алып жатыр.