Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Сенатор Серік Өтешов бұл меморандумды ратификациялаудың қандай маңызы бар екенін айтты.
– Құжат Алматы қаласында Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін Халықаралық Валюта Қорының өңірлік орталығының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастырады. Орталықтың біздің елімізде орналасуы Қазақстанның аймақтағы қаржылық білім мен құзыреттердің негізгі хабы ретіндегі рөлін нығайтып, мемлекетіміздің халықаралық беделін арттырады, - деді ол.
Орталық Алматы қаласында орналасқан.
– Бұл біздің мамандарға Вашингтон немесе Вена қалаларына бармай-ақ, ең үздік халықаралық практикалық білімге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Орталық жұмыс істеген уақыт ішінде 4 мыңнан астам маман оқудан өтті, оның ішінде Қазақстаннан 1 370-тен астам қызметкер бар. Орталықтың Алматыда орналасуының экономикалық тиімділігі де жоғары. Алғашқы бес жылда орталықты қаржыландыруға бағытталған 48 миллион доллардың басым бөлігі Алматы қаласының экономикасында қалады. Бұл жергілікті бизнесті қолдауға және қызмет көрсету саласын дамытуға оң ықпал етеді. Меморандумда қарастырылған иммунитеттер мен артықшылықтар халықаралық ұйымдар үшін стандартты болып есептеледі және олардың тәуелсіз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған, - деді депутат.
Аталған өңірлік орталық Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан сияқты 9 елге Халықаралық валюта қорының қызметін көрсетеді.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нүрия Ниязова Алматы қаласы Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы конкурс нәтижесінде таңдап алынғанын айтты.
– Меморандум Өңірлік орталыққа және оның қызметкерлеріне иммунитеттер мен артықшылықтар беруді көздейді, - деді сенатор.
Бұған дейін Халықаралық валюта қорының Азия-Тынық мұхиты елдеріне қызмет ететін өңірлік орталығы Шанхайда ашылғанын жазған едік.