Сенат энергияны Еуропаға экспорттауға арналған құжатты мақұлдады

09.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Аталған келісімге 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында үш мемлекеттің басшылары қол қойған болатын. Құжаттың мақсаты — жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында үш мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің құқықтық негізін қалыптастыру.

— Құжат энергетикалық жүйелерді біріктіруге және «таза» энергияны Еуропаға және басқа өңірлерге транзиттеуді ұйымдастыруға негіз қалайды. Келісім электр энергиясын сенімді әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды белгілейді. Бұл Қазақстанға экспорт бағыттарын әртараптандыруға және Қара теңіздегі суасты электр энергия желісі жобасы арқылы Еуропалық Одақтың «жасыл» энергия нарығына шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң экологиялық таза сутегі мен аммиакты өндіру және тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады. Бұл — көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық стратегиямызды іске асырудағы маңызды қадам, — деді сенатор Сүйіндік Алдашев

Келісім аясында басқарудың институционалдық тетігін құру және салалық ведомстволар деңгейінде Басқарушы комитет қалыптастыру көзделген. Бұл комитет бірлескен жоспарлардың орындалуын бақылау үшін жылына кемінде екі рет жиналатын болады. Құжатты ратификациялау елімізге өңірлік энергетикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға және төмен көміртекті өнім экспорттау арқылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Айта кету керек, келісім тек электр энергиясын жеткізумен шектелмейді, сонымен қатар «жасыл» сутегі мен аммиак салаларын дамытуға серпін береді. Қазақстанда 2040 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі жаңартылған тұжырымдама қабылданғанын ескерсек, бұл бағыттың маңызы арта түседі. Бүгінде Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін белсенді түрде арттырып жатыр. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елде жалпы қуаты 3 607 МВт болатын 164 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 68 жел электр станциясы, 50 күн электр станциясы, 43 су электр станциясы және 3 биогаз электр станциясы бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «жасыл» энергия өндіру көлемі 8,6 млрд кВт/сағатты құрады, бұл елдегі жалпы өндіріс көлемінің 7 пайызына тең. Аталған энергетикалық дәлізді іске қосу Каспий өңірі мен Орталық Азияның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану үшін өңірлік серіктестермен күш біріктіруге мүмкіндік береді, — деді депутат.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі 2026 жылы экологиялық таза энергия өндіру көлемін 8,8 млрд кВт·сағ дейін арттыру жоспарланғанын хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью