Сенат Конституция жобасы ережелерін түсіндіру үшін депутаттардың өңірлерге сапарын қорытындылайды

11.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Атап айтқанда, алдымен депутаттар «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқыға салады. Бұл құжатты Мәжіліс осы жылдың 26 қаңтарында қабылдаған болатын

— 2024 жылғы қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшылары кеңесінде қабылданған шешім негізінде төтенше ведомстволардың басшылары Азаматтық қорғау механизмін құру туралы келісімге қол қойды. Аталған Келісім апаттар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың, сондай-ақ зардап шеккен мемлекетке ерікті қолдау көрсетудің бірлескен тетігін құруға бағытталған. Оның әкімшілік жұмыс органдары ретінде Министрлер кеңесі мен Азаматтық қорғау механизмінің Хатшылығы белгіленді. Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан, оны министрлер кеңесі 3 жыл мерзімге тағайындайтын Бас хатшы басқарады. Оны құруға түрік тарапы қажетті қолдау көрсетеді, — деген еді сол кезде Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев.

Оның айтуынша, министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін мемлекеттің төтенше жағдайлар ведомствосының басшысы басқарады. Жыл сайын барлық мемлекеттер 50 мың АҚШ доллары көлемінде жарна енгізеді.

— Біздің еліміздің қаржы қаражаты Сыртқы істер министрлігінің «Қазақстанның халықаралық ұйымдарға, халықаралық және өзге де органдарға қатысуы» 017 бюджеттік бағдарламасы аясында көзделген. Бұл Келісімді іске асырудың ешқандай теріс салдары жоқ, керісінше жолға қойылған жүйенің арқасында түркі мемлекеттері арасында азаматтық қорғау саласындағы өзара қолдау мен ынтымақты күшейтуге мүмкіндік береді, — деді вице-министр.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының ережелерін түсіндіру аясында Сенат депутаттарының өңірлерге шығу қорытындылары бойынша ақпарат тыңдалады.

Есертеріңізге сала кетсек, өткен аптатағы палата отырысында сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының өкілеттігін тоқтату және оларды қызметінен босату туралы мәселені қарап, күн тәртібіне шығарылған бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады.

Алдымен депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады

Келісімнің мақсаты — тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде олардың шығу тегін анықтау, куәландыру және растау тәсілдерін сәйкестендіру үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету.

— Келісімде тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай белгілері айқындалды. Елде толығымен өндірілген тауарларға пайдалы қазбалар, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ электр әрі жылу энергиясы және басқалар жатады. Бұл ретте, жуу, буып-түю және қарапайым жинақтау операциялары сияқты тауардың шығу тегіне әсер етпейтін операциялардың тізбесі айқындалды, — деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Сенаторлар мақұдаған келесі Заң — «2021 жылғы 16 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы». Құжат ЕАЭО елдерін анықталған ақаулар мен техникалық бақылаудан өтпеген өнімдер туралы бір-бірін жедел хабардар етуге міндеттейді. Бұл ерте ескерту жүйесін қалыптастыруға және тұтынушыларға қауіп төндіретін тауарлардан ішкі нарықты «тазартуға» мүмкіндік береді.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды да мақұлдады

2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында қол қойылған бұл Келісім заңсыз көші-қонға және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

— Құжат екі елдің аумағына келу және болу шарттарына сәйкес келмейтін немесе сәйкес келмей қалған адамдарды анықтау мен қауіпсіз әрі белгіленген тәртіппен қайтару бойынша тиімді рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған. Атап айтқанда, үшінші мемлекеттердің азаматтарын олардың азаматтығы бар елге, ал азаматтығы жоқ адамдарды соңғы уақытта тұрақты тұрған немесе оларға жол жүру құжатын берген мемлекетке қайтару қағидаты бекітілген. Сонымен қатар, реадмиссия туралы сұрау салудың мазмұнына қойылатын талаптар, оны жолдау тәртібі мен қарау мерзімдері, қайтаруға жататын адамдарды тасымалдау шарттары мен тәсілдері белгіленген. Тасымалдау әуе және жерүсті көлігін қоса алғанда, кез келген көлік түрімен жүзеге асырылуы мүмкін, — деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Мұнымен қоса, құжат дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қатаң кепілдіктерді көздейді, оның ішінде рұқсатсыз немесе заңсыз өңдеуден, сондай-ақ байқаусызда жоғалудан, жойылудан немесе зақымданудан қорғау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, реадмиссия рәсімдеріне байланысты тараптардың қаржылық міндеттемелері, соның ішінде көлік және транзиттеуге арналған шығындарды бөлу, дауларды реттеу тәртібі, сондай-ақ Келісімнің күшіне енуі мен қолданылуын тоқтату шарттары айқындалған. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью