Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Сенаторлар "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.
"Заңдар аясында тоқтатылатын және жазадан босатылатын істердің санаттары айқындалды. Бірқатар санат бойынша жаза мерзімі қысқартылады. Әкімшілік рақымшылық ел тарихында алғаш рет жүзеге асырылатынын да ерекше атап өткен жөн", – деді палата спикері Мәулен Әшімбаев.
Заңға сәйкес, азаматтарды айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан толық босату қарастырылған. Олар:
Қазақстан азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар;
жеке кәсіпкерлер;
жеке нотариустар;
жеке сот орындаушылары;
адвокаттар мен заң консультанттары.
Әкімшілік рақымшылық сот салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды. Әкімшілік рақымшылыққа шамамен 1 млн адам ілігеді.
Ал қылмыстық рақымшылық азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстарға ғана қолданылады. Олар:
қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар;
зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар.
Ал ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқартуға мүмкіндік беріледі. Бірақ аса қауіпті қылмыстар жасағандар рақымшылыққа ілікпейді.
Рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, қылмыстық рақымшылыққа 15 мың адам ілігеді. Олардың ішінде 5 мың адам түрмеде, қалғаны пробациялық бақылауда жүр.
Айта кетері, алдағы рақымшылықтың бұған дейінгі ізгілік шараларынан ерекшелігі сол, Қазақстанда тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық жүзеге асырылады.