Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Заң Парламент депутаттарының бастамашылдығымен әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы елдің заңнамасын жетілдіру, еңбекті қорғауды басқару жүйесінің және азаматтардың әлеуметтік қорғалуының тиімділігін арттыру.
- Осы орайда заң қолданыстағы Еңбек кодексіне, Әлеуметтік кодекске, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Рұқсаттар және хабарламалар туралы, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, - деді сенатор Руслан Рүстемов.
Бұл ретте, Еңбек кодексіне:
- қызметкерлерге диеталық емдік және диеталық профилактикалық тағам өнімдерін беру шарттары мен нормаларын бекіту бөлігінде еңбек жөніндегі уәкілетті органның құзыретін кеңейту;
- ұйымдағы тиісті кәсіп, лауазым бойынша ең жоғары және ең төменгі жалақы мөлшерлері арасындағы жол берілетін арақатынасты ұжымдық шартта белгілеу;
- еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде төленетін жәрдемақылар мен өтемақыларды қоса алғанда, төлемдер туралы ережелерді ұжымдық шартқа енгізу;
- өндірістік жазатайым оқиғалар орын алу жағдайында қызметкердің кінәсінің дәрежесін анықтауда жазатайым оқиғадан зардап шеккен қызметкердің кінәсі 25 пайыздан аспауы керектігін бекіту;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның тікелей ұйымның бірінші басшысына бағынуын белгілеу енгізіледі.
Сондай-ақ, еңбек заңнамасын ереуілдерді өткізуге қатысты жекелеген мәселелер бойынша мынадай нормалармен толықтыру:
- татуластыру комиссиясының жұмысына делдалды тарту және оның жұмысқа қатысу тәртібін егжей-тегжейлі реттеу;
- ереуіл кезеңінде қауіпті өндірістік объектілерде міндетті түрде қамтамасыз етілуге тиіс қажетті жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі көлемін айқындау;
- ереуіл өткізу кезеңінде қызметі тоқтатылмайтын өндіріс түрлерін нақтылау көзделеді.
- Сонымен қатар, ҚР Конституциялық Сотының нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің жас балаларға күтім жасаған уақытын еңбек өтіліне есептеуге қатысты нақтылаулар енгізіледі. Заңды қабылдау нәтижесінде қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын және еңбек құқықтарын қорғау, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту қамтамасыз етіледі, - деді депутат.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісі бұл заңды биыл ақпан айында қабылдаған еді.