Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
- Бір палаталы Парламентке өтуге байланысты Конституциядағы Парламент бөлімінің бірқатар бабына оның құрылуы, сайлануы, құзыреттік өкілеттігі, заң қабылдау процестері мен құрамына қатысты маңызды өзгерістер енгізу көзделген. Бірқатар баптың тұтастай алынып тасталуы да айқындалып отыр, - деді ол.
Оның сөзінше, Құрылтай Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді билік органы болып бекітілмек.
- Құрылтайдың өкілеттілігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады. Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайларда және тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциялық заңда айқындалады. Ұсыныстарға сәйкес, құрылтай Конституциялық заңдарда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан жасақталады, - деді ол.
Сондай-ақ, ол Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімін 5 жыл деп бекіту ұсынылғанын еске салды.
- Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауын жұмыс істеп тұрған шақырылым өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізу көзделген. Ал кезектен тыс сайлау Құрылтай өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан күннен бастап екі ай мерзім ішінде өткізіледі. Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған тұлға Құрылтай депутаты бола алады деп ұсынылып отыр. Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қосымша талаптар жеке Конституциялық заңда белгіленеді, - деді Нұрлан Бекназаров.
Айта кету керек, бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.
Дәл қазір Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.
Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.
Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.
Халық кеңесіне заң шығаруға бастама жасау құқығын енгізу қоғамдық қатынастар мен аймақтардың дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты маңызды бастамаларды жедел шешуге ықпал ететін заңнамалық қолдауды қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады деп жоспарланған.