Сеніп тапсырған мәліметтің сұрауы бар

15.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Осы жағдайдан кейін «Әділет» партиясының фракциясы депутаттық сауал жолдап, қазақстандықтардың дербес деректері шекарадан тыс беріле ме, олардың қорғалуына қойылған талаптар орындала ма деген мәселе көтерген болатын. Сауалға арқау болған оқиға цифрлық нарықтағы бәсеке мен мемлекеттік бақылаудың ауқымы жөнінде де пікірталас туғызып отыр. 

Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева «Әділет» фракциясының атынан Бас прокурор мен жауапты министрге сауал жолдап, мәселенің құқықтық негізіне тоқталды.

– Еліміздің жаңа Конституциясында алғаш рет әр адамның жеке және отбасы құпиясының қорғалуына, сондай-ақ дербес дерегінің заңсыз жиналуы мен пай­даланылуынан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілген. Бұл – адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық дәуірде бұл кепілдіктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Мемлекет басшысы бастаған өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтың құқығын күнделікті өмірде нақты қорғау. Сондықтан консти­туциялық кепілдіктер әрбір ұйымның жұмысында орындалуға тиіс, – деді ол.

Осы кепілдіктердің іс жүзінде қалай орындалатынына тоқталған депутат «Яндекстегі» іркілісті мысалға келтірді. Оның айтуынша, азаматтардың мәліметін ел ішінде сақтау талабымен шектелмей, сол деректердің қайда және қандай тәртіппен өңделетінін де анықтау қажет.

– Бәрімізге мәлім, 11 қазан қазақстан­дықтар «Яндекс» компаниясының кей­­­бір қызметтеріне қол жеткізе ал­ма­ды. Компания мұны шетелдегі ин­­­фра­­құрылымдағы ақаумен түсін­дір­ді. Министрлік қазақстандық пай­да­ланушылардың дербес деректері сақ­талатын серверлер ел аумағында ор­на­­лас­қанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді. Осыған байланысты мынадай шараларды ұсы­намыз. Біріншіден, 11 қазандағы жағ­дайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңды­лығын тексеру қажет, – деді депутат.

Нарық тізгіні кімнің қолында?

Қаржы шолушысы Андрей Чеботарев бұл оқиғадан кейінгі пікірталаста на­рықтағы үстемдік пен мемлекеттік рет­теудің міндеті араласып кеткенін айтады. Оның пайымынша, бір компанияның алға шығуын түсіндіру үшін бәсекелестердің болғанын ғана емес, жұрттың қай қызметті таңдағанын да ескеру керек.

– Әлеуметтік желілерде «Яндекс» нарықты басып алып, өзгелердің дамуына жол бермейді деген пікір жиі айтылып жүр. Бірақ Қазақстанда DiDi, Bolt, Uber секілді бәсекелестер жұмыс істеді, ал Aparu мен inDrive әлі де қызмет көрсетеді. Меніңше, «Яндекс» бәсекеде басым түсіп, нарықтағы үстем жағдайға осылай жетті, – дейді шолушы.

Бұл пайым тұтынушының нарыққа ықпалы басым екенін еске салғандай. Себебі күн сайын бір қызметті таңдау компанияның нарықтағы орнын нығай­тады. Демек, отандық өнімнің болуы оның кең таралуына жеткіліксіз: пайдаланушы оған ауысуға себеп табуы керек. Қолайлы, көліктің тез келуі, қызмет сапасы секілді өлшемдер осы таңдауға әсер етуі мүмкін.

– Цифрландыру министрі барлық жұмысын тастап, бір қолымен такси қо­сым­шасын жасап, екінші қолымен адам­дарды соны пайдалануға мәжбүрлеуі керек пе еді? Бізде өзіміздің қызметтер бар. Бірақ жұрт оларды таңдамады. Сон­дықтан кінәні өзгелерден ғана іздегенде, пайдаланушының өз таңдауы ескерусіз қалып қояды, – деп пайымдайды Чебо­тарев.

Ал азаматтардың мәліметі елге көшіріл­меген деген күдікке Чеботарев келіспейді. Ол бұл мәселеде билікті әрекетсіз қалды деп айыптауға негіз жоқ екенін айтып, 2023 жылы қабылданған шешімді еске салды: 

– 2023 жылы Қазақстанда жұ­мыс істейтін компанияларға қазақстандық­тардың дербес деректерін ел ішінде сақтау талабы қойылды. Ол үшін мұнда деректер орталығын салу немесе жалға алу қажет болды. Ірі компаниялар қо­сым­ша шығынға барғысы келмеді. Сол кездегі министр Бағдат Мусин бұл та­лаптың орындалуын табанды түрде та­лап етті. Соның нәтижесінде «Яндекс» дербес деректер сақталатын серверлерін Қазақстанға көшірді, – дейді ол.

Осы тұста компаниялардан бұрынғыдан көбірек талап ету керек пе деген сұрақ туады. Бірақ жаңа талап қоймас бұрын, оны орындауға қанша қаражат керегін және орындау мүмкін бе екенін анықтап алған жөн.  

Қаржыдан бөлек, қарым керек

Қазақстанда «Яндекске» бәсекелес сервис құру үшін қаржыдан бөлек, тех­нологиялық негіз бен тәжірибелі мамандар қажет. Қазақстандық кәсіпкер, UvU.kz IT-компаниясының тең құрылтай­шысы әрі бас директоры Мадияр Төлеуғали ірі компаниялардың жетістігін олардың ұзақ жылдар бойы жинақтаған білімі және зерттеу тәжірибесімен байланыстырады.

– «Яндекспен» бәсекелесу үшін карта жасап, бағыт құру алгоритмін әзірлеп, жолаушы мен жүргізушіге арналған қосымша ұсыну жеткіліксіз. Мұның бәрі қажет, бірақ компанияның артында жылдар бойы жүргізілген зерттеулер, мыңдаған инженердің еңбегі, басқару тәжірибесі және білім беру инфрақұрылымы тұр. Ақша маңызды болғанымен, ол өздігінен зерттеу мектебін немесе технологиялық мәдениетті қалыптастырмайды. Әлі дайын шешімі жоқ міндеттерді орындай алатын мамандар керек. Сол мамандарды тартып, кәсіби тұрғыдан өсіріп, компанияда ұстап қалатын орта да қажет, – дейді кәсіпкер.

М.Төлеуғалидың пайымынша, қазір­­гі нарықтағы жағдай бес-он жыл бұрын­ғы­дан өзгеше. Геосаяси және инфра­құрылымдық тәуекелдер цифрлық қыз­мет­тердің осал тұстарын көрсетті. Бұл нарыққа шығуға әзір компанияларға мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен ол жаңа сервистің табысы бірнеше шарттың қатар орындалуына байланысты екенін ескертеді.

Сөзіміздің тоқетері, бізге керегі – отан­дық кәсіптің өрісін кеңейтіп, тұтыну­шының таңдауын тарылтпайтын шешім. Қалай десек те, бұл оқиға азаматтардың деректерін қорғау талабын нақты тексеріп, цифрлық қызметтердің шетелдегі ақауға тәуелділігін азайту жолдарын қарастыру қажеттігін тағы бір көрсетті.

Кәмила ДҮЙСЕН

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью