Сербиялық сарапшылар: Қазақстандағы реформалар екіжақты ынтымақтастыққа серпін береді

24.02.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Сербияның бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары, профессор Любица Васичтің айтуынша, Қазақстандағы өзгерістер Сербия үшін оң сипатқа ие. Себебі тұрақты әрі реформаларға бағытталған Қазақстан екіжақты ынтымақтастықта да, кең ауқымды көпжақты алаңдарда да маңызды әрі сенімді серіктес болып қала береді.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалар бағдарламасы — мемлекеттік басқаруды нығайтуға, конституциялық тетіктерді нақтылауға және елдің халықаралық ұстанымын күшейтуге бағытталған ауқымды, бірақ эволюциялық институционалдық жаңғыру тәсілі, — деді ол.

Профессордың айтуынша, бұл реформалар пакеті халықаралық ахуал терең өзгерістерге ұшыраған кезеңде ұсынылып отыр. Қазіргі жағдайда сенім деңгейінің төмендеуі, геосаяси жіктелудің күшеюі және милитаризацияның артуы байқалады.

Осындай жағдайда Президент Тоқаев Қазақстанның ұлттық мүдделерді қорғауға және текетіреске емес, ымыра іздеуге бағытталған дипломатияны ілгерілетуге негізделген теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясат ұстанымына адалдығын растады.

Қазақстан мен Сербия арасындағы екіжақты қатынастарға тоқталған сарапшы ұсынылған реформаларды институционалдық орнықтылық пен болжамдылықты арттыруға бағытталған қадам ретінде бағалауға болатынын айтты.

— Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен нақты айқындалған конституциялық тетіктер екіжақты келісімдердің тұрақтылығына және ұзақмерзімді ынтымақтастық форматтарына оң әсер етеді. Вице-президент лауазымын енгізу мемлекетаралық қатынастарда жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды күшейтеді. Ал Парламентті қайта ұйымдастыру парламенттік дипломатияның жеделдігін арттырып, заң шығарушы органдар арасындағы алмасуларды жандандыруы мүмкін, — деді ол.

Сондай-ақ Любица Васич Қазақстанның цифрландыруға, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге басымдық беруі ақпараттық технологиялар, инновациялық саясат, білім беру және энергетикалық инфрақұрылым салаларында жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті.

— Ұлтаралық келісімді нығайту және инклюзивті басқару саясатын жалғастыру да Сербияның өз көпэтносты және өңірлік саясатын іске асыру тәжірибесін ескере отырып, диалог пен тәжірибе алмасуға негіз болады, — деп түйіндеді ол.

Қазақстандағы өзгерістер туралы белгілі сербиялық журналист, «Сербия және әлем» («Serbia & World») басылымының өкілі Наташа Яковлевич те пікір білдірді.

Ол Астанаға екі рет журналист ретінде барып, Сенат, Мәжіліс және Сыртқы істер министрлігінің жұмысымен танысқанын айтты. Сондықтан Қазақстандағы конституциялық өзгерістер үдерісін, соның ішінде екі палаталы модельдің орнына бір палаталы «Құрылтай» парламентін құру бастамасын мұқият қадағалап отырғанын жеткізді.

— Мен бұл идеяны Президент Тоқаевтың батыл бастамасы деп санаймын. Сербияда бір палаталы парламент — Ұлттық скупщина жұмыс істейді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйе парламент жұмысының тиімділігін және заң қабылдау үдерісін жеделдетеді, — деді журналист.

Оның пікірінше, Қазақстан — әлемдік үрдістерге ілесуге ұмтылатын заманауи демократиялық мемлекет. Ел цифрландыруды, жасанды интеллект технологияларын және өзге де жаңғырту шараларын белсенді енгізіп келеді, бұл өз кезегінде азаматтардың өмірін жеңілдетеді.

— Сондай-ақ саяси иерархияда вице-президент лауазымын енгізу жоспары Қазақстанның халықаралық аренадағы өкілдігін тиімдірек етуге ықпал етеді. Ал Халық кеңесін құру азаматтардың саяси өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ұсынылған конституциялық өзгерістердің барлығы Қазақстан халқының игілігіне бағытталған деп есептеймін, — деп қорытындылады ол.

Бұған дейін ресейлік сарапшы да конституциялық реформа Қазақстандағы ішкі тепе-теңдікті күшейтеді деген пікір білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью