Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Конституциялық комиссияның кезекті отырсында Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттігі туралы айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың орнын басады. 70-баптың ұсынылған нұсқасына сәйкес, Халық кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады.
Сондай-ақ Сергей Пономарев Халық кеңесін құру, оның өкілеттіктері және қызметін ұйымдастыру жеке конституциялық заңмен анықталатынын атап өтті.
Халық кеңесінің құрамына Қазақстан азаматтары кіреді. Оның арасында 42 мүшесі елдегі этностардың өкілдерінен, тағы 42-сі қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ өңірлердегі мәслихаттардан 42 өкіл болады. Бұл өз кезегінде жергілікті жердегі жағдайды ескеруге мүмкіндік береді.
Халық кеңесінің өкілеттігі 71-бапта көрсетілген:
мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу; қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайту; Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттары мен ұлттық құндылықтарды насихаттау; заң жобаларын Құрылтайға ұсыну; республикалық референдум өткізуге бастамашылық жасау.