Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, көліктік-логистикалық маршруттарды дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту тетіктері, сондай-ақ цифрландыру, білім беру және туризм саласындағы бірлескен жобалар қаралды.
«Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі. Бүгінде қазақ-қытай әріптестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті және тату көршіліктің, өзара сенімнің және ұзақмерзімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Өткен жыл саяси диалогтің қарқындылығы тұрғысынан ерекше маңызды болды. Мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлар мен кездесулер екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектріне қуатты серпін берді», деді Үкімет басшысы.
Джон Ли жүргізілген келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Гонконг арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейтетінін айтты. Оның сөзінше, Гонконг пен Қытайдың бизнес қауымдастығы елімізді Орталық Азиядағы басты серіктестерінің бірі ретінде бағалайды.
«Біз сіздің Президентіңіздің басшылығымен қысқа уақыт ішінде қол жеткізген әсерлі, тұрақты экономикалық өсуді көріп отырмыз. Қазақстан үлкен мүмкіндіктерге, ал Қытаймен қарым-қатынас стратегиялық және ұзақмерзімді сипатқа ие. Осы сапардың қорытындысы одан арғы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетіне және «хабтан хабқа» әріптестік моделін дамытудың қолайлы перспективаларына деген сенімімізді одан әрі нығайтты. Сіздің еліңіз Азия мен Еуропа арасындағы негізгі көлік-логистикалық маршруттардың қиылысында бола отырып, Орталық Азияда стратегиялық орынға ие», деді Джон Ли.
Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда көлемі бір жылда 40 пайызға өсіп, 180 млн долларға дейін ұлғайған. Тараптар алдағы уақытта экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін «Қазақстан – Шыңжаң – Гонконг» форматындағы өзара іс-қимыл тетігін дамыту мәселесін талқылады. Бұл алаң тауарлар мен қызметтердің қозғалысын жандандырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашпақ.