Серт және дерт

18.03.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Саламатты ауыл тұрғындары пенденің пешенесіне жазылған несібесін молайтып, ақ адал жұмыс істеп, ел игілігіне өз үлесін қосып жатса, ішімдікке үйірлер қылмыс жасап, қоғамға кесірін тигізіп жүр. Бүгінгі мақаламызда ішімдіктен жаппай тыйылуға серт берген ауыл тұрғындарының тамаша қарекеті мен дерт дендеген төңіректі боямасыз көрсетуге тырыстық.

Саламатты ауылдың сыбағасы

Зерлі Зерендінің көркем бір пұш­пағына қазық қаққан Қанай би ауылының тұрғындары бір жылдан бері ішімдіктен ада. Ауыл тұрғын­да­рының айтуына қарағанда, содан бері тіршіліктің ақбас толқындарымен алысқан ғұмыр кемесі оң жолға түскен.

Шоқ жұлдыздай шағын ауылда жетпіс шаңырақ бар. 250-ге жуық адам күн кешіп жатыр. Жайлы өмірге қажетті дүние бірсыдырғы жеткілікті. Негізгі мектеп бар, медициналық пункт жұмыс істейді. Имандылық ошағы – мешіт пен ауылдық клубқа ат ізін салатындар аз емес. Мектепте жап-жақсы спорт зал жұмыс істеп тұр. Ауыл жастары жұмыстан қолдары қалт еткенде осы жерде спортпен айналысып, денсаулығын шыңдайды. Дәл іргеде балалардың ойын алаңы.

Ең бастысы, тұрақты жұмыс бар. Ауылдық округ әкімі Медет Ақмағанбетовтің айтуына қарағанда, ауылдағы үш шаруа қожалығы мен «Қанай би-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар егіп, ел игілігін молайтуға үлес қосып жүр. Ат шаптырым жерде Кіші Түкті орман шаруашылығы.

– Ауылда бос жүрген адам жоқ. Кейбіреулер тіпті екі жерде жұмыс істейді. Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырғандар да жеткілікті. Ішімдіктен бас тартқалы ұрлық-қарлық сап тыйылған. Шаңырақтың шайқалуы да сирек. Саламатты өмір салтына дендеп енгелі сыбағамыз молайып-ақ тұр, – дейді округ әкімі.

Сұрастыра келе, ауыл тұрғындарын бұл қадамға ешкімнің жетелемегеніне көз жеткіздік. Ел ұйытқысы ақсақалдар осылай ұйғарған. Келешегін ойлаған көкөрім жастар бірден келіскен. Бірлік бар жерде тірлік міндетті түрде болады емес пе? Еңкейген кәрі мен еңбектеген балаға дейін бірауызды болған соң ешкім бұра тартпаған. Учаскелік инспектор, полиция капитаны Рустам Оқапов саламатты ауыл сыбағасын саусағын бүгіп тұрып санап берді. Ауылдағы барлық отбасы бақуатты, кейінгі жылдары ешбір қылмыс тіркелмеген, полиция есебінде тұратын балалар жоқ.

– Көптеген тұрмыстық қылмыстың ішімдік салдарынан болатыны жасырын емес қой. Залалы көпке тиіп жатады. Ойланбай істеген соң опық жеп, темір тордың ар жағына түсетіндер де болды. Енді міне, «Зиялы қауым» бағдарламасына орай игілікті іс қолға алынып жатыр. Полиция қызметкерлері қоғаммен, жер­гілікті билікпен нәтижелі жұмыс істеп келеді, – дейді Зеренді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бахтияр Чокпаров.

Оның айтуына қарағанда, бастаманы барша жұрт қолдаған. Осы ауданның өзінде 11 ауыл ішімдіктен бас тартып отыр. Жалпы, жұрттың жақсы істі қолдап, өнеге алып, жаман әдеттен арылуы тұтас қоғамды дерт шеңгелінен алып шығу деген сөз.

Осы ауыл тұрғындарының бірі Жібек Махамбетова – үш бала тәр­биелеп отырған ана. Ол үйдің дас­тарқанына ішімдік қойылған емес. Жібектің айтуына қарағанда, ауыл дүкенінде ішімдік сату тоқтатылып, жастар жағы үлкендердің ақылын тыңдап, көкірек көздерін тазалап, саламатты жолға түскелі ел ішіне береке кіріп қалған.

– Ертеректе ара-тұра кездесуші еді. Көрші-қолаң соған жүз шайысып қалушы едік. Енді бәрі сабасына түсті. Тұрғындардың қай-қайсысы болсын адал еңбек етуге құштар, – дейді ол.

Ауылдағы дүкеннің иесі Салтанат Сәкенованың айтуына қарағанда, ішімдік сатпаса да табысы кеміген жоқ. Тұтынушылар шаруашылық заттарын, азық-түліктерін алып жатыр.

Осы арада саламатты өмір салтын насихаттап, жаман әдеттің алдын алу жолындағы жұмысты жүйелі жүргізіп, ел ішіндегі жақсы істердің ұйытқысы болып жүргендердің бірі – жергілікті мешіттің имамы Руслан Иманбаев. Ала жіптен аттамайтын ауыл тұрғындары имандылық пен адамгершіліктің, кісілік пен кішіліктің, парасаттың пайымын дендеп сіңіріп келеді.

Ауылда шешімін табуды тілеп тұрған мәселелер де бар. Оның бірі – жол жайы. Жергілікті тұрғындар жыл сайын өздері жөндеп алуға тырысқанымен, шамалары жетпей жүр. «Көп түкірсе – көл» деген емес пе, жақсы ауылға жеткізетін жол да жөнделер. Жазда мектеп жанында жаңа балалар алаңы салынбақ, құрылысына 17 млн теңге қаражат бөлініп те қойыпты.

 Кереғар дүние кесірі

Ішімдіктің салдарынан болатын қылмыс біздің өңірде еліміздегі орташа көрсеткіштен көп екен. Тиісті органдардың сарапшылары мұның бір себебі алкогольді ішімдіктерді сату кезіндегі заңбұзушылықтың көптігінен деп болжайды. Таяуда осы мәселе кәсіпкерлердің өңірлік палатасында көтерілді. Облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлының айтуына қарағанда, өңірде әр жыл сайын 600-ден аса қылмыс ішімдіктің кесірінен тіркеледі екен.

– Қылмыстық іс материалдарын сараптасаңыз, «түнде дүкенге бардым, ішімдік сатып алдым, қылмыстық оқиғаға ұрындым» дейтін түсініктемеден көз сүрінеді. Әрине, ішімдік ішу қылмыскерді ақтай алмайды, жауапкершілік жүгін де жеңілдетпейді, – дейді ол.

Облыстық прокуратураның аға прокуроры Айым Алтай ұсынған дерекке көз салсаңыз, кереғар дүниенің кесірі көз алдыңызда қылаң береді. Аға прокурордың мәлімдеуінше, өңірде 3 200 дүкеннің алкогольді ішімдік сатуға рұқсат беретін лицензиясы бар. Тек биылдың өзінде заңсыз ішімдік сатқан 289 кәсіпкер жауапқа тартылған. Олардың 200-ге жуығына белгіленген мерзімнен тыс ішімдік сатқанына айыппұл салынған. Әйтсе де, пайда көздегендер айыппұлдан айылын тартар емес. 28-і қайтадан заңбұзушылыққа барған.

– Бір күннің ішінде сағат 21.00-ден 21.15-ке дейін 22 бизнес нысаны заң бұзған. Сатушылардың назар аудармауы, зейін қоймауы деген тәрізді сылтаулар жауапкершілік жүгін жеңілдете алмайды, – дейді Айым Алтай.

Оның айтуынша, түйткілді мәселенің түйінін шешудің жолы – түнгі уақытта ішімдік сатудың алдын алу үшін кассалық аппараттарды белгіленген уақыттан кейін бұғаттап, тексеріс талабын күшейте түсу.

Ішімдік салдарынан болатын кесірлі көріністің тым етек алып жатқаны жөнінде Облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайыновтың пікірінше, тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендердің бұл тараптағы «үлесі зор». Ішімдіктің салдарынан болатын қылмыстық әрекеттердің басым көпшілігі түнгі уақытта тіркеледі. Көшедегі қылмыстың 40 пайызға жуығы – ішімдіктің кесірінен. Мұндай қылмыстар өңірдің Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары мен Атбасар және Бурабай аудандарында жиі кездеседі. Ауыр және өте ауыр қылмыстардың 70 пайызға жуығы осы елді мекендерде болған.

Бурабай ауданындағы егде әйелдің ерекше қатыгездікпен өлтірілгені мысалға келтірілді. Қылмыскер түн ішінде екі рет ішімдік сатып алған. Дәл осындай қанды оқиға Балкашино селосында да болды.

– Өткен жылы көңіл көтеретін орындардан 800-ден аса шақырту түсті. Осындай оқиғаларды сараптай отырып, полиция қызметкерлері жеке бизнестің күзетшісіне айналып бара жатқанын ашық айтуымыз керек. Ең жаманы – ащы суға ауыз салған жастардың қатары көп. Бұл мәселе қоғамды ойландыруы керек, – деді Е.Құсайынов.

Қазір көп кәсіпкер өздерінің сауда нүктелеріне ақылды жүйені енгізгелі отыр. Осы уақытқа дейін әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, ауа жайылып кеткен ағайын тізгінін тартса дейсіз. Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында көтерілген мәселелер өте өзекті. Ішімдік мәселесі кәсіпкерлерді де алаңдатып отыр. Ендігі мақсат – көп болып көрінеу көзге көбейіп бара жатқан келеңсіз көріністі жою.

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар

Серт және дерт

Қоғам • Бүгін, 08:40

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:35

«Атырау» футбол клубы да жекешеленеді

Футбол • Бүгін, 08:30

Таза су тапшылығы қашан жойылады?

Мәселе • Бүгін, 08:25

Мәдени маусым басталды

Наурызнама • Бүгін, 08:20

Парапланды тізгіндеген

Қоғам • Бүгін, 08:15

50 балдырғанның тұсаукесері

Дәстүр • Бүгін, 08:10

Он сегіз мың бала асық ойынын дәріптеді

Дәстүр • Бүгін, 08:05

Парасат майданының сардары

Тұлға • Бүгін, 08:00

Кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген қызметкер ауруханада қайтыс болды

Оқиға • Бүгін, 00:50

Дональд Трамп: Иранға қарсы соғыста АҚШ-қа НАТО елдерінің көмегі қажет емес

Әлем • Бүгін, 00:37

Астана – Щучинск тасжолындағы жабық дәретхана үшін филиал директоры қызметінен босатылды

Оқиға • Бүгін, 00:23

Атырау облысындағы отбасы өлімі: Күдіктіге тағы бір айып тағылды

Оқиға • Кеше

Ақтөбе облысында жол апатынан жүргізуші мен төрт жолаушы қаза тапты

Оқиға • Кеше

Grand Slam турниріне қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі жарияланды

Спорт • Кеше

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью