Сезім сыйлаған симфония

25.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Концерт бағдарламасына чех композиторы Антонин Дворжактың №8 симфониясы, неміс композиторы Карл Мария фон Вебердің «Еркін мерген» («Вольный стрелок») операсына жазылған увертюрасы және өзге де классикалық туындылары енді. Әр шығарма өзінің көркемдік мазмұнымен, музыкалық бояуы-мен ерекшеленіп, тыңдарманға ұмытылмас әсер сыйлады. 

Кештің басты ерекшеліктерінің бірі – бас дирижер Элмар Бөрібаевтың шығарма орындалмас бұрын оның тарихы мен мазмұнына қысқаша тоқталып отыруы болды. Бұл көрерменге музыканы тек тыңдап қана қоймай, шығарманың мән-мағынасын түсінуге мүмкіндік берді. Дирижердің айтуынша, концерт бағдарламасына енген әр туындының оның шығармашылық жолында өзіндік орны бар.

– Бұл бағдарламадағы шығармалардың барлығы жаныма айрықша жақын. Әрқайсысы өмірімнің белгілі бір кезеңдерімен байланысты. Әсіресе Пуччини музыкасының жөні бөлек. Ол студенттік жылдарыммен, алғашқы кәсіби тәжірибеммен сабақтас. Ал Дворжактың №8 симфониясын көптен бері орындағым келді. Бұл шығарма сезімдердің тұтас палитрасы ғой. Оның төрт бөлімі төрт түрлі көңіл күйді көрсетеді. Бір бөлімінде тыныштық пен табиғат көрінісі сезілсе, енді бірінде өмірге деген құштарлық пен қуаныш байқалады. Шығарма сонысымен де құнды, – дейді бас дирижер.

Мазмұнды кеште Дворжактың №8 симфониясы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Шығармадағы қуатты динамика мен нәзік лиризм тыңдарманға композитордың әлемін сезінуге мүмкіндік берді. Ал Вебердің увертюрасы тыңдарманға жаңа тыныс әкеліп, кеш бағдарламасын толықтыра түсті.

Концерттен кейін сан аулан сезімдер әсерінде шыққан көрерменнің де классикалық кеш туралы пікірін білген едік.

– Бүгінгі кеш өте әсерлі өтті. Маған дирижердің әр шығарма алдында оның мазмұны туралы айтқаны ұнады. Бұл музыканы тереңірек түсінуге көмектесті. Жанды орындаудағы музыканың әсері мүлде бөлек екен. Бәрібір құлаққаппен тыңдау мен концерт ­залында жанды дауыста тамашалаудың жөні бөлек қой. Әсіресе Дворжактың №8 симфониясы жүрегіме жетті, – деді Малика Бердіқұлова есімді көрермен.

«Symphonic Revelations» кеші классикалық музыка құнын жоғалтпайтын үлкен өнер екенін тағы бір дәлелдеді. Әлемдік музыка мұрасын насихаттаған айтулы концерт көрерменге ­рухани әсер сыйлап, симфониялық өнердің жаңа қырларын ашқандай.

Тамирис ҚАЛИАҚПАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью