Шағын кемелер тексерістен өтеді

04.08.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Биылғы 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелердің қозғалысын бақылау құзыреті Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне берілгені мәлім. Осыған байланысты Ертіс өзені мен өзге де су айдындарында тұрақты рейдтік бақылау ұйымдастырылып отыр.

«Қазіргі таңда шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзған 8 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, бірлескен түнгі рейдтер барысында полиция қызметкерлері шағын кемені мас күйінде басқарған үш жүргізушіні анықтады. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 358-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясында 50 тәулікке дейін қамауға алу, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза көзделген», дейді Павлодар облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Тілекжан Ғалямов.

Рейд нәтижелері көрсеткендей, құқық­бұзушылықтың басым бөлігі шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындайды. Атап айтқанда, жолаушылардың құтқару кеудешесін кимеуі, кеменің борттық нөмірінің талапқа сай орналастырылмауы және кемеге рұқсат етілген мөлшерден артық адамның мінуі сияқты жағдайлар жиі кездеседі.

Жалпы, Ертіс өзеніндегі су көліктері­нің қозғалысы мен кемелердің бағытын, сон­дай-ақ олардың техникалық жағдайын «Қазақстан су жолдары» компаниясы қадағалап отырады. Мамандар тіркелген су көліктерінің техникалық жай-күйін бағалап, анықталған кемшіліктерді жоюды және белгіленген талаптардан ауытқымауын бақылауда ұстайды.

Негізінен ірі су көліктерінің техникалық жағдайын тексерудің екі түрі бар. Оның бірі – жыл сайынғы техникалық байқау болса, екіншісі – пайдаланылып жүрген су көліктерін әр бес жыл сайын куәландырудан өткізу. Техникалық байқау барысында су техникасына орнатылған қозғалтқыш қондырғысының қуаты, кеменің конструкциялық ерекшеліктері, қозғалыс кезінде пайдаланылатын жарық шамдары, құтқару және өртке қарсы құралдары, сондай-ақ навигациялық жабдықтары тексеріледі. Яғни су көлігінің қауіпсіз жүзуіне қажетті негізгі техникалық мүмкіндіктері жан-жақты зерделенеді.

Алайда мұндай тексеру шағын көлемді кемелердің барлығына бірдей жүргізілмейді.

«Заңнамаға сәйкес палубалы шағын су көліктерінің кейбірі техникалық байқаудан өтуге міндетті. Бірақ бұл жерде де өзіндік нормативтер бар. Егер орташа көлемді кемедегі жолаушылар орнының саны 12-ден аспаса, ұзындығы 20 метрден артық болмаса және палубасы жоқ болса, техникалық байқаудан өткізілмейді. Сондықтан біздің тексеруімізге жатпайтын шағын кемелерді өзге құзырлы органдардың да уақтылы тексеріп отыруы маңызды», дейді «Қазақстан су жолдары» РМҚК инженері Сергей Исаенко.

Павлодар облысы 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью