Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Олардың салмағы бір келіге де жетпейді, өз бетінше тамақтана алмайды, кейде тыныс алуды "ұмытып" кетеді.
Жаңа туған нәрестелер реанимациясында баланың бір тәулікте қосқан әрбір граммы кішігірім жеңіс саналса, бір бөлімшеден екіншісіне ауыстыру - дәрігерлер апталап күтетін үлкен оқиға.
Tengri Health тілшісі Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында бір күн болып, дәрігерлердің мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтарды қалай күтіп-баптайтынын көріп қайтты.
Неге кішкентай шараналардың бәрі тоқылған киім киіп жүр және кювезге не үшін сегізаяқ ойыншықтарын салып қояды? Сәбилерге музыка қосып қоятыны рас па, жалпы олардың жағдайына не жақсы әсер етеді? Неонатолог мамандығының жауапкершілігі қандай және күн сайын ең кішкентай пациенттердің өмірі үшін күресетін дәрігер не туралы армандайды? Бұл туралы біздің репортажда.
Қазақстанда жағдайы ауыр жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету қалай ұйымдастырылған?Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының бас кіреберісінде у-шу. Үлкен қуыршақтар, музыка, гүл мен шар ұстаған ондаған туысқан ана мен жаңа туған нәрестені күтіп алуға дайындалып жатыр.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Бірақ біздің бағытымыз бас есікке емес. Біз шет жақта орналасқан қарапайым есікке қарай бет алдық.
Ғылыми орталық бүкіл республика бойынша жүктілігі өте ауыр өтіп жатқан әйелдерді, сондай-ақ пренатальды диагностика кезеңінде ұрықтың туа біткен түрлі ақауы анықталған жүкті әйелдерді қабылдайды. Мұнда анаға да, жаңа туған нәрестеге де өмірінің алғашқы минуттарынан бастап мамандандырылған көмек көрсетіледі.
Есікті бізге педиатр-дәрігер, неонатолог-реаниматолог Үміт Алимұхамедов ашты. Ол он жылға жуық уақыт бойы жаңа туған нәрестелермен: жүктіліктің 22-ден 36-аптасына дейінгі аралықта туған шала туған сәбилермен, тыныс алу жолдары бұзылған мерзімінде туған нәрестелермен және туа біткен түрлі ақауы бар балалармен жұмыс істеп келеді.
Бетінің төменгі бөлігін медициналық маска жауып тұрғанымен, көздерінен Үміттің күлімсіреп тұрғанын байқадым. Бұл адамның бірнеше тәулік бойы үзіліссіз кезекшілікте болғанын еш байқамайсыз.
Үміт Алимұхамедов. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Бір күн бұрын дәрігер бізге неонатология бөлімшесінде қазір жағдайы ауыр балалар жатқанын, сондықтан кезекшілікке ертерек түскенін ескерткен болатын. Бүгін оның "асыққандарды" (мұнда шала туған сәбилерді осылай еркелетіп атайды) бір елі қалмай бақылап жүргеніне үшінші күн.
Біз үшінші қабатқа, реанимация бөлімшесіне көтерілдік. Дәл қазір кішкентай пациенттердің ұйықтап жатқан кезі. Бізді осы уақытқа әдейі шақырды - сәбилер ояу кезде бөтен адамның болуы дәрігерлерді күтім жасаудан алаңдатуы мүмкін.
Бірден көзге түсетіні - дәлізде ілулі тұрған шала туған сәбилер бейнеленген әсерлі суреттер. Солардың бірінде: "You messed with the wrong baby" (Сен тегін балаға жолықпадың) деген батыл жазу бар.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Үміт Алимұхамедов менің қарап тұрғанымды байқап қалды.
"Бұл жайлылықты өз қолымызбен жасадық. Сол кезде бөлімшеде жұмыс істеген дәрігерлер мен медбикелер бірігіп жөндеу жүргізіп, кеңістікті жарық етуге тырыстық. Қабырғадағы бұл суреттерді де өзіміз таңдадық. Әр иллюстрацияның өз тарихы, өз жағымды мағынасы бар. Осында қиын күндер мен апталарды өткізетін ата-аналар айналасынан медициналық құрал-жабдықтарды ғана емес, өмірдің нышанын, жылулық пен үміт сәулесін көрсе екен дедік", - деп бөлісті неонатолог.
Жалпы, мұнда бөлімшені тек уайым мен қорқынышпен байланыстырмау үшін барлық жағдай жасауға тырысады.
Үміт Алимұхамедов журналистерге бөлімше туралы айтып берді. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Дәрігер Қазақстандағы перинаталдық көмек жүйесі төрт деңгейге бөлінетінін түсіндірді.
Біріншісі физиологиялық жүктілікті жүргізуге және қауіп-қатері төмен асқынбаған босануларға арналған.Екіншісі орташа қауіп-қатері бар пациенттерді қабылдайды және мерзімінен бұрын босану қаупі туындағанда көмек көрсетеді.
Үшіншісі мамандандырылған перинаталдық көмек пен қарқынды терапияны қажет ететін жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арналған. Төртінші деңгей - бұл бүкіл елден ең ауыр жағдайдағы жүкті әйелдер жіберілетін жоғары мамандандырылған республикалық орталықтар. Оның ішінде ұрықтың туа біткен ақаулары анықталған және мультидисциплинарлық көмекті қажет ететін басқа да күрделі жағдайлар бар.
Әйелді өзіне және баласына қажетті көмек деңгейі бар жерге жіберуге тырысады. Біз бүгін келген орталыққа барынша күрделі көмекті қажет ететіндерді әкеледі.
Неонатологиядағы "сұр аймақ" деген не?Жүктіліктің 37-аптасына дейін туған балалар шала туған болып саналады. Алайда, 22–24 апталық мерзім мен 500 грамнан жоғары салмақты неонатологтар "сұр аймақ" деп атайды.
Бұл кезеңде терінің, мидың, асқазан-ішек жолдарының, иммундық жүйенің, көру және есту мүшелерінің жетілмегендігі байқалады. Мұндай сәбилерге дене қызуын сақтау, инфекциялармен күресу және тамақты өздігінен қорыту қиынырақ. Бірақ көбіне шала туған нәрестелер тыныс алу проблемаларына тап болады, өйткені өкпелері әлі өздігінен жұмыс істеуге жеткілікті деңгейде дамымаған.
Сондықтан жүктіліктің 35-36-аптасында туған бала мен 22-24-аптасында дүниеге келген шақалақ - қажеттіліктері мен болжамдары мүлдем бөлек екі түрлі пациент.
- Бұрын 22-24-аптада туған балалар тірі қалмайды деп есептелетін. Мұндай жағдайлар түсік ретінде қабылданатын, - деп түсіндіреді дәрігер. - Бірақ бүгінде қолданыстағы стандарттар бойынша, жүктіліктің 22-аптасынан бастап туған және салмағы 500 грамнан асатын бала тірі туған болып есептеледі.
Біздің тәжірибемізде салмағы 480, 450, тіпті 405 грамм болатын 23–24-аптада туған сәбилерді аман алып қалған кездер болды. Мен 24-аптада 520 грамм салмақпен туған баланы жақсы білемін. Мұндай нәрестені алғаш көргенде оның тым кішкентай екеніне сену қиын. Оның қолы ересек адамның саусағындай ғана, ал терісі соншалықты жұқа болғанынан қан тамырлары көрініп тұратын.
Біз оның өмірі үшін айлап күрестік. Ол кезде табыс келімен емес, бірнеше грамммен немесе бір тыныш күнмен өлшенетін. Бала күн санап күш жинай бастады. Ол үйіне шыққан күні бәріміз бақытты болдық! Бүгінде оның жағдайы жақсы.
Үміт Алимұхамедов. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Асыққан" сәбилерге арналған үйшіктер қандай болады?Ең қасиетті жер - кіп-кішкентай бөбектер жатқан палатаға кірер алдында дәрігер бізге хирургиялық халаттар мен маскалар береді. Инфекция жұқтырып алудан қорыққандықтан, мен тұмшаланып киінуге тырысып едім, неонатолог бірден сабырға шақырды:
"Халатты жай ғана іле салсаңыздар болады, бәрі дұрыс, әйтпесе ыстықтап кетесіздер. Біз қазір алыс шетелдің тәжірибесін енгізіп жатырмыз. Ол жақта профессорлар мен ата-аналар ішке өз киімдерімен-ақ кіре береді. Осылайша баланың микрофлорасы қоршаған ортаға бейімделеді. Оның үстіне, сәбилер кювездердің (нәрестелерді күтіп-баптауға арналған арнайы аппарат) ішінде қорғалған".
Біз маскаларымызды тез киіп, дәрігердің соңынан қарқынды терапия бөлімшесіне (ҚТБ) асықтық. Жолда ол мұнда бір балаға бір медбикеден келетінін айтып берді. Соның арқасында аурухана ішіндегі инфекцияның таралу қаупі азаяды және күтім сапасы төмендемейді: медбике бүкіл уақытын сәбиге арнайды.
Бірінші ҚТБ палатасына кірдік. Қабырға бойында аппараттар (мониторларымен, түтікшелерімен және сымдарымен) тізіліп тұр, сондай-ақ екі ашық реанимациялық үстел мен қалың жамылғымен толықтай дерлік жабылған кювез бар.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Үміт Алимұхамедовтың айтуынша, оның мөлдір қабырғаларының артында бөлімшедегі ең ауыр науқастардың бірі жатыр. Сәби ЭКҰ-дан кейін жүктіліктің 32-аптасында, дамуы айтарлықтай тежеліп дүниеге келген. Салмағы - 1350 грамм.
"Кеше балаға жүрек-өкпе реанимациясы жасалды. Оның өкпесінен қатты қан кеткен еді, біз оны тоқтата алдық. Бірақ біз бұл сәбидің өмірі үшін күресті жалғастырып жатырмыз", - дейді неонатолог.
Сәби өзін қауіпсіз сезінетін кювез. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Оның айтуынша, көптеген ата-ана кювездегі сәбиін алғаш көргенде сымдардың, датчиктер мен аппараттардың көптігінен шошып жатады.
Бірақ кювез - ең басты көмекші. Ол бала үшін ана құрсағына барынша жақын жағдай жасайды.
Дәрігердің түсіндіруінше, шала туған нәресте дене қызуын өздігінен сақтай алмайды және жүктемелерге төтеп бере алмайды. Ал бұл уақытша үйшік қажетті температура мен ылғалдылықты сақтап, тоңудан, шудан және тітіркендіргіштерден қорғайды.
Балаға тамыр соғысын, тыныс алуын, сатурациясын және температурасын тәулік бойы бақылайтын датчиктер қосылған. Кез келген ауытқу кезінде жабдық бірден белгі береді.
Бөлімшедегі реанимациялық үстел. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Көрші реанимациялық үстелде 39 апта үш күнде туған, бірақ салмағы аз - небәрі 2200 грамм болатын толық жетілген бала жатыр. УДЗ кезінде оған өңеш атрезиясы (өтпеуі) деген ауыр даму ақауы диагнозы қойылған еді, бірақ бақытқа орай туғаннан кейін диагноз расталмады.
"Қазір нәресте өкпені инвазивті емес желдету аппаратында жатыр. Таңғы сағат 10-ға қарай кейбір көрсеткіштерді тексереміз, егер бәрі қалыпты болса, аппаратты алып, өздігінен тыныс алуға көшіреміз. Бала қазірдің өзінде ана сүтін еміп жатыр, бұл өте жақсы белгі", - деп тағы бір пациенттің оқиғасын бөлісті дәрігер.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Үміт "асыққан" сәбидің жетістіктері туралы өз баласы туралы айтқандай мақтанышпен сөйлейді. Кейін ол әрбір пациентіне шын жүрегімен бауыр басып қалатынын айтады.
"Кенгуру" әдісі, жүн шұлықтар мен сегізаяқтарМұнда жатқан шала туған нәрестелер әр үш сағат сайын анасының емшек сүтімен қоректенеді.
"Баланың жағдайы мен жетілуіне қарай сүт зонд арқылы беріледі. Сәбидің жағдайы тұрақталған соң, оны біртіндеп өз бетінше тамақтануға үйретеміз: ему және жұту рефлекстерін дамытып, емшек сүтіне көшуіне жағдай жасаймыз", - деп толықтырды дәрігер.
Сонымен қатар оларды міндетті түрде шомылдырады. Бірақ, әрине, дені сау сәбилер сияқты жиі емес. Дәрігердің айтуынша, әдетте бұл рәсім "Қырқынан шығару" дәстүріне сәйкес 40-шы күні жасалады.
Анықтама. Қырқынан шығару - бала дүниеге келгеннен кейін шамамен 40-шы күні өткізілетін қазақтың дәстүрлі салты.
Нәресте ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету) аппаратына қосулы болса да, егер жағдайы тұрақты болса, дәрігерлер ата-аналарға осы маңызды рәсімді өткізуге көмектеседі.
"Біз әр отбасының сеніміне құрметпен қараймыз: мұнда діни қызметкерді де, молданы да бірдей жылы қабылдайды. Мен тән саулығын ғана емес, ата-ананың көңіл тыныштығын да емдеу керек деп есептеймін, сондықтан кез келген игі жоралғылар мен ақ тілектерді қолдаймын - ең бастысы, оның балаға пайдасы болса болғаны".
- Анасы баланы қашан қолына ала алады? - деп сұрадым мен.
- Гемодинамика (қан қысымы) тұрақталған бойда біз міндетті түрде "Кенгуру" әдісін қолданамыз - баланы анасының немесе әкесінің кеудесіне "теріге-тері" тиетіндей етіп жатқызады. Бұл - оңалудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Мұндай жанасу тыныс алуды, жүрек қағысын және дене қызуын қалыпқа келтіретіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Балалар салмақты тезірек қосып, тез оңалады. Бөлімшеде дәрігерлер, мейірбикелер, аппараттар жұмыс істейді, бірақ әлемдегі ешбір құрылғы алмастыра алмайтын нәрсе бар: ол - ата-ананың махаббаты.
Бұдан кейін біз жағдайы анағұрлым тұрақты балалар жатқан жаңа туған нәрестелердің жоғары тәуелділік бөлімшесіне (ЖТБ) өттік.
Үстелдердің бірінде ақ жолақты жасыл тоқылған костюм киген шақалақ ұйықтап жатыр. Денесінің жартысын жөргек жауып тұр, басында конус тәрізді қалпақ, ал аяғында әзірге өзіне үлкендеу шұлықтары бар. Кішкентай қолындағы көптеген зондтар мен катетерді байқамау мүмкін емес.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Сәлем, Жамал!" - деп дәрігер онымен амандасты.
Содан соң бізге бұрылып:
"Бұл нәресте 27 апта алты күнде, небәрі 990 грамм салмақпен дүниеге келді. Қазір, өмірінің 20-шы тәулігінде оның салмағы 1200 граммға жетті және толықтай өздігінен тыныс алып жатыр. Жамал анасының сүтін бөтелкеден өз бетінше ішеді - осылайша біз оны ему рефлексіне үйретіп жатырмыз".
Кенет монитор мазасыз дыбыс шығара бастады. Мен "бірдеңе болып қалды ма?" дегендей сескеніп қалдым.
- Уайымдамаңыз, - деп тыныштандырды дәрігер. - Бала мазасызданғанда немесе қозғалғанда, монитордағы сатурация мен жүрек соғу жиілігінің көрсеткіштері өзгереді. Бұл датчик олардың қолына немесе аяғына бекітіледі.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Расында, сәби тынышталған бойда экрандағы сандар қалпына келді.
Әңгімелесу кезінде дәрігердің мезгіл-мезгіл Жамалды ақырын қозғап қоятынын байқадым.
- Мұны не үшін істейсіз? - деп қызығушылық таныттым.
- Біз оларды осылай сергітіп отырамыз. Миы мен өкпесі жетілмегендіктен олар тыныс алуды "ұмытып" кетуі мүмкін.
Жалпы, тыныс алу орталығын ынталандыру үшін біз балаларға арнайы препарат береміз, оны қолы мен аяғын артық теспеу үшін көктамыр катетері арқылы енгіземіз. Мұндай баланың көктамырын табу - нағыз зергерлік жұмыс.
Мен Жамал үстіндегі костюм туралы да сұрадым. Шын мәнінде, мұндағы барлық бала осылай киінген - бұл олардың жылы жүруі үшін ғана емес.
Тікенектей жүн талшықтары сәбидің нәзік терісіне әсер етіп, табиғи массаж жасайды деп есептеледі. Бұл кішкентайды оянуға, қозғалуға мәжбүрлеп, тыныс алуын ынталандырады.
Сонымен қатар әр нәрестенің жанында кювезде тоқылған ойыншық жатады - көбінесе қармауыштары бар сегізаяқ немесе ұзын сабақты гүл.
Олар нәрестеге анасының кіндігін еске түсіріп, тыныштық сезімін сыйлайды, дәрігер бізге солай түсіндірді. Сонымен қатар кішкентай саусақтар өмірлік маңызды катетерлер мен сымдарды жұлқа бермей, осы тоқылған жіптерден ұстайды.
Дәрігер келесі кювезге жақындады.
"Ал мұнда біздің кішкентай ханшайымыз жатыр. Оның бөлімшеде жатқанына 35 күн болды. Қыз бала өте төмен салмақпен туды, бірақ қазір 1257 граммға дейін өсті. Кейінгі тәулікте ол 17 грамм салмақ қосты!" - деп дәрігер мақтаныш сезімін жасырмай бөлісті.
Бірақ перзентханадан шығу үшін кемінде 1800 грамм салмақ жинау керек, сондықтан дәрігерлер оның салмағы мен басқа да денсаулық көрсеткіштері тұрақталғанын сабырмен күтеді. Содан кейін ғана жанында тоқылған сегізаяқ жатқан бүлдіршінді үйіне жіберуге болады.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
- Айтыңызшы, шала туу жиі мүгедектікке әкеледі деген рас па?
- Егер бала мерзімінен бұрын туса, ол міндетті түрде ауыр сырқатқа шалдығады, дамуы жағынан артта қалады немесе мүгедек болып қалады деп есептеу - ең көп таралған миф шығар. Бірақ шала туу - үкім емес!
Иә, мұндай балалар расымен жоғары қауіп тобына жатады. Әсіресе, өте ерте мерзімде немесе дене салмағы тым төмен болып туған нәрестелер туралы сөз қозғағанда бұл анық байқалады.
Бірақ қазіргі медицина айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде бұдан 20-30 жыл бұрын өмір сүріп кетуіне еш мүмкіндік болмаған көптеген бала қазір толықтай сау болып өсіп жатыр.
Мен салмағы 500–700 грамм болып туып, бірнеше жылдан кейін балалар алаңында жүгіріп жүрген, спортпен шұғылданатын, мектепке баратын және құрдастарынан, соның ішінде зияткерлік деңгейі жағынан да еш қалыспайтын ондаған баланы білемін.
Журналист Анжела Ким Үміт Алимұхамедовпен сұхбаттасып тұр. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Өмір сүруге құқылы": кювездегі суперқаһармандар және палатадағы Қайрат Нұртас- Кейде палаталарда балаларға музыка қойып беретінін естідім. Бұл рас па?
- Иә, - дейді доктор Үміт Алимұхамедов жандана түсіп. - Біздің мейіргерлеріміз негізінен классикалық музыка - Пётр Ильич Чайковскийді, Людвиг ван Бетховенді қосады.
Сосын былай деп қосты:
- Ал мен жеке өзім кейде қазақстандық орындаушыларды - Қайрат Нұртасты немесе "Дос-Мұқасанды" қойып беремін.
- Музыка расында сәбилердің жағдайына қандай да бір әсер ете ме?
- Меніңше, иә. Өз тәжірибемнен байқағаным, оларға, мысалы, агрессивті музыка ұнамайды. Ал сабырлы әуен шырқалғанда, олардың жағдайы жақсара бастайды. Бірақ балаларға бәрінен де анасының дауысы қатты әсер етеді. Монитордан жақындарының бірін естігенде баланың бірден белсенді бола бастағаны көрінеді.
Жалпы, дәрігерлер балалардың көңіл-күйін барынша көтеруге тырысады, бұл тіпті олардың кювездерінің сыртқы көрінісінен де байқалады.
Мысалы, әрқайсысына ханшайымдар мен Өрмекші-адам, Темір адам, Капитан Америка сияқты суперқаһармандардың суреттері жапсырылған.
"Бұл идея резидентурада оқып жүргенде пайда болды. Оларды өзіміз қиып, бояймыз. Ауыр кезекшілік кезінде бұл іс бізді сабырға түсіреді, - дейді неонатолог суреттерді көрсетіп. - Кіммен сөйлесіп жатқанымызды бірден көру үшін есімдерін ашық түстермен жазамыз. Ал кейіпкерлер кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені біздің балаларымыздың бәрі - нағыз батырлар, олар күн сайын тағдырмен арпалысып, өмір сүру құқығы үшін күресіп жатыр".
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Дәрігерлер әулеті, жалақы және армандарРезидентурадағы оқу туралы естіген соң, Үміттен мамандық таңдауы туралы сұрадым. Дәрігер болуға құлшыныс біздің кейіпкеріміздің қанында бар болып шықты. Оның анасы, ағалары мен тәтелері - медицина қызметкерлері. Ол студент кезінде-ақ санитар және мейіргер болып жұмыс істеген.
Ал Германияда алмасу бағдарламасымен оқып жүргенде, алғаш рет салмағы бір келіге де жетпейтін нәрестелерді көріп, өмірін неге арнайтынын түсінген.
Қазір блог жүргізеді, онда жансақтау бөлімінің жұмысын көрсетіп, шала туған балалар туралы айтып, кеңестерін бөліседі. Жақында ол еңбегі үшін Қазақстан Президенті қолынан мемлекеттік орден алды.
"Мен бір күні осы сала бойынша - ең ауыр науқастарды аяққа тұрғызғаным үшін Нобель сыйлығын алуды армандаймын. Мен бұл бағытта жұмыс істеп жатырмын: қазір докторантурада оқимын және осы бағытта әрі қарай дамығым келеді. Түсімде де, өңімде де өзімді тек осы жерден көремін. Бірде-бір рет "Мамандықтан қателескен жоқпын ба?!" деген ой келген емес", - дейді Үміт ағынан жарылып.
Дегенмен ол бұл мамандықтың құны біліммен және жауапкершілікпен ғана емес, өткізіп алған отбасылық мерекелермен, балаларының туған күндерімен, ұйқысыз түндермен және жұмысқа біртіндеп кетіп жатқан денсаулығыңмен де өлшенетінін мойындайды. Адам өмірі сенің шешіміңе байланысты болатын тұрақты шиеленісті де айта кету керек.
- Айтыңызшы, бүгінде неонатологтың жалақысы осы жауапкершілік пен жүктемеге қаншалықты сәйкес келеді?
- Өкінішке қарай, толық сәйкес келмейді. 11 жыл оқығаныма, медицинадағы 10 жылға жуық еңбегіме, мемлекеттік наградаларыма, ғылыми қызметіме және құтқарылған мыңдаған балаға қарамастан, менің әлі күнге дейін өз баспанам жоқ. Мен тіпті ипотеканың алғашқы жарнасына да ақша жинай алмай жүрмін.
Отбасымды асырауға және несиелерді төлеуге жеткілікті болуы үшін маған өте көп кезекшілікте тұруға тура келеді. Мен шағымданбаймын, бұл - өмірін медицинаға арнаған көптеген дәрігердің шындығы.
Бірақ мәселенің екінші жағы да бар: жансақтау бөліміне көмек қажет бала түскенде, сен өз мәселелеріңді ұмытып кетесің...
Бес тәулік кезекшілік және қажуНеонатологтың жұмыс кестесі өте қатал. Тәуліктік кезекшілік таңғы 8:30-дан келесі күннің 8:30-на дейін созылады. Бірақ баланың жағдайы ауыр болса, дәрігерлер үйіне кетпейді, оның өмірлік көрсеткіштері тұрақталғанша күтеді.
- Алдымен кішкентай жеңімпаздарымызбен амандасамыз. Мен ауысымға әрдайым сәбилер ата-аналарымен бірге үйіне қайта алса екен деген үмітпен түсемін және Құдайдан жұмысыма көмектесуін сұраймын.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Содан кейін науқастарды тексеремін. Әрқайсысының жағдайын бағалап, әріптестеріммен емдеу тактикасын талқылаймын.
Егер баланың жағдайы өте ауыр болса, ол тұрақталғанша біз қарқынды терапия палатасынан мүлдем шықпаймыз. Бұл қатарынан 8–9 сағатқа созылуы мүмкін. Шыны керек, біздің мамандықта кейде уақыттың маңызы болмай қалады.
Тәулік бойы бірнеше минутқа ғана отыруға мұрша болатын кезекшіліктер болады. Жалпы, күннің қалай өтетінін алдын ала болжау мүмкін емес, дейді дәрігер.
Оның айтуынша, кез келген сәтте мерзімінен бұрын босану басталуы, жағдайы ауыр жүкті әйел түсуі немесе бірден босану залында шұғыл реанимацияны қажет ететін сәби дүниеге келуі мүмкін.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
- Осындай ауыр жүктеме кезінде эмоционалдық қажудан қалай сақтанасыз?
- Өте қиын күндер болады, - деп ағынан жарылды дәрігер. - Жұмыста бірнеше тәулік бойы болғанда, пациентті жоғалтқанда - кейде күш-қуатың таусылғандай көрінеді. Мұндай сәттерде расында қажығаныңды сезінуің мүмкін.
Кейде үйге келіп, ваннаға қамалып, суды ағызып қойып жылап алатын кездерім болады. Тек шаршағаннан. Сондай-ақ тауға биікке шығып, іште жиналғанның бәрін айқайлап шығаруға тырысамын.
Менің карьерамда орталықтан бес тәулік бойы шықпаған жағдай болды, - деп еске алады дәрігер. - 23-аптада өте ауыр сәби дүниеге келді. Біз оның өмірі үшін күрестік, ол аман қалды. Бірақ ол кезде менің де қызым жаңа ғана дүниеге келген еді, отбасымды сағындым, бірақ осы жерде менің көмегім көбірек қажет болды...
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
- Бұл жерге не үшін келгенімді түсіну мені әрқашан жұмысқа қайта оралтады. Құтқарылған әрбір бала, перзентханадан шығардағы ата-ананың әрбір күлкісі, мектепке барып жүрген немесе аулада жүгіріп жүрген бұрынғы пациенттерімнің әрбір суреті мұның бәрі бекер емес екенін есіме салады.
Сондай-ақ отбасым, балаларым және сенімім маған үлкен қолдау береді.
- Ал жұмысыңыздағы ең қиын нәрсе не?
- Ең қиыны... Бәлкім, ата-анасына бәрі біз қалағандай болмағанын айту шығар. Барлық күш-жігерімізге қарамастан, баланы аман алып қала алмағанымызды жеткізу. Бұл ең ауыры.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Біраз уақыт үнсіз қалдық. Содан кейін дәрігер басын шайқап, сөзін жалғастырды:
- Өкінішке қарай, мен мұндай қазаны қалыпты қабылдауды үйрене алмадым. Әр баланы кейін еске аласың. Мені жұбататын жалғыз нәрсе - ата-аналар біздің қолдан келгеннің бәрін жасағанымызды білетіні.
Неонатологтар неге сенеді: ырымдар мен естен кетпес ғажайыптар туралы- Өзіңіз күткен ең алғашқы сәби есіңізде ме?
- Әрине, менің ең алғашқы "асыққан" сәбиімнің есімі Райымбек болатын. Ол 26-аптада 860 грамм салмақпен туды. Шыны керек, ол кезде мен бір жағынан қорқынышты, екінші жағынан үлкен жауапкершілікті сезіндім. Райым бізде 90 күн жатты. Содан бері жылдар өтсе де, мен оның ауру тарихын әлі күнге дейін сақтап жүрмін.
Дәрігердің есінде ерекше қалған тағы бір жағдай бар.
- Бірде қабылдау бөліміне плацентасы ажырап, қатты қан кеткен әйелді әкелді. Бала тыныссыз және жүрек соғысынсыз туды. Антенатальды өлім (құрсақтағы өлім) деген күдік болды.
Сол сәтте маған не түрткі болғанын білмеймін, бәлкім, тым жас болғандығым әсер еткен шығар, бірақ жүрегім "көру керек" деп сездірді, берілмей, реанимацияны бастадым. Біз 40 минуттай күрестік. Кенет - жүрек соғысы пайда болды!
Бастапқыда көрсеткіштері өте нашар болғанына қарамастан, біз сәбиді аман алып қалдық. Осы күнге дейін анасы хат жазып, суреттер жіберіп, баланың қалай өсіп жатқанын айтып тұрады.
Кювездегі сәби. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Ата-аналар балаларын аман алып қалған дәрігерді ұмытпайды. Ауыр дертке шалдыққан баласының өмірін Үміт Алимұхамедов құтқарып қалған әкелердің бірі неонатологты тұсаукесер рәсіміне құрметті қонақ ретінде шақырған. Бүгінде олар отбасымен араласып тұрады.
- Егіздер туған бір жағдай болды, - деп жалғастырды Үміт Алимұхамедов. - Бірінің салмағы 1800 грамм, ал екіншісінікі небары 585 грамм болды. Екеуінде де өкпеден қан кету және некроздық энтероколит (ішек ауруы) дамып, кішкентайында перфорация - ішегінде тесік пайда болды.
Салмағы тым аз болғандықтан ота жасауға болмайтын еді. Біз демеуші терапияны жалғастырып, сенім арттық. Екі аптадан кейін керемет оқиға болды: ішек ілмектері бір-біріне жабысып, тесік өздігінен бітеліп қалды! - дейді дәрігер таңданысын жасыра алмай.
Бүгінде бұл балалар ержетіп қалды және жыл сайын 17 қараша - Шала туған балалар күнінде құтқарушысына амандасуға келеді.
- Жалпы, бізде өте ерте мерзімде егіздер немесе үшемдер туылған жағдайлар аз болған жоқ. Бірақ бәрі, тфай-тфай, аман-есен үйлеріне шығарылды, - дейді дәрігер және бірден ағаш сөрені үш рет қағады.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Мен еріксіз жымидым. Дәрігерлер зерттеулер мен дәлелдерге сенуге дағдыланған ғылым адамдары сияқты көрінгенімен, пациенттердің денсаулығына келгенде олардың да кішігірім ырымдарына орын бар сияқты.
Неонатологтардың ішкі қағидасы бар: мәселен, әріптесіне ешқашан "кезегің сәтті өтсін" немесе "кезекшілік тыныш болсын" деп тілемейді.
- Мұны қалай түсіндіруді де білмеймін, - деп күледі дәрігер. - Бірақ біреу солай айтса болды - нағыз қарбалас басталады! Тіпті жақындарыма да: "Маған тыныш кезекшілік тілемеңіздер", - деп айтып қоямын. Әріптесіміз кезекшіліктен кетіп бара жатқанда, біз үнсіз қол бұлғап қоштасамыз немесе бір-бірімізге бас изейміз - болды. Бұл бәрі түсінетін үнсіз қимыл.
Ал егер біреу шыдай алмай, бәрібір "сәтті кезекшілік" тілеп қойса, дәрігер тағдырмен таласпайды.
- Ондайда ішімнен: "Енді бүгінгі кезекшілігім осылай өтпек екен", - деймін де, тағдырға көнемін. Айтылды ма, демек, амал нешік.
- Бөбектердің қасында сонша уақыт өткізесіз, оларға бауыр басып қалатын шығарсыз?
- Иә, өмірінің екі, үш, кейде төрт айын жаныңда өткізген балаға бауыр баспау мүмкін емес. Оның туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарын, өз бетінше жасаған алғашқы тынысын, қосылған алғашқы грамм салмағын жатқа білесің.
Мұндай әрбір сәби бөлімше тарихының және сенің жеке тарихыңның бір бөлшегіне айналады.
Сондықтан перзентханадан шығатын күн әрқашан ерекше. Бір жағынан, отбасымен бірге қуанамын. Екінші жағынан, қимай сәл мұңайып қаламын, өйткені осы айлар ішінде бауыр басып үлгересің.
Бәлкім, содан ба екен, ата-аналар үшін әрбір күннің қаншалықты маңызды екенін ерекше түсінемін. Өзім әкесіз өстім - ол мен туғанға бір ай қалғанда қайтыс болды. Үміт есімін маған мешіт имамы берген екен. Әкем қайтыс болған соң, ол анама есімімді Үміт деп қоюды кеңес беріпті.
Ол кезде олар бұл үміттің нақты неден көрінетінін білген жоқ. Сөйтсе, ол кәсібімнен көрініс тауыпты.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
- Сізде кәсіби деформация бар ма?
- Білесіз бе, мені босану блогына шақырғанда, әйелдің ішіне қарап-ақ баланың шамамен қандай салмақпен туатынын түсінемін. Содан кейін басымда автоматты түрде есептеулер басталады: айналымдағы қан көлемін көтеру үшін, мысалы, қанша физерітінді қажет, дәрі-дәрмектің мөлшері қандай болуы керек дегендей. Ол сәтте калькулятор шығарып жатуға уақыт жоқ. Сондықтан шамаланған салмақ пен есеп-қисаптың бәрін бірден ойша есептейсің.
Кейін бұл мамандық сені ауруханадан тыс жерде де "іздейді", - деп жымияды ол. - Көшеде бара жатып жүкті әйелді көрсең: "Әйтеуір бәрі жақсы болса екен", - деп ойлайсың.
- Қазір кювез жанында тұрған аналар мен әкелерге не айтар едіңіз?
- Өтінемін, үміттеріңізді үзбеңіздер. Қазір сіздерге қаншалықты ауыр екенін түсінемін, бірақ балаңыз қазір жалғыз емес - ол үшін тұтас мамандар командасы күресіп жатыр. Сондай-ақ өз рөлдеріңізді де ешқашан жете бағаламай қоймаңыздар: сіздердің дауыстарыңыз, жанасуларыңыз, қасында болуларыңыз бен махаббаттарыңыздың маңызы зор. Жұмыс істеген жылдарымда өмір сүруге мүмкіндігі өте аз деп есептелген талай баланы көрдім. Бүгінде олар ата-анасын қуантып, кәдімгі өмір сүріп жатыр.
Дүниеге ертерек келген сәбиіңізді басқалармен салыстырмаңыз. Олардың әрқайсысының өз жолы бар.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Нәрестелер реанимациясы бөлімшесіндегі күніміз аяқталуға жақын. Бізді орталықтағы ең қастерлі жерге кіргізгені үшін Үміт Алимұхамедовке алғыс айтамын.
Шыға берісте қоштасып жатып, әдетпен "Сәтті кезекшілік!" деген "сәтсіз" тілекті айтып жібере жаздадым. Бірақ дер кезінде тоқтап, үнсіз ғана қолымды көтеріп, дәрігерге бас изедім.
Үміт жымиып, жауап ретінде басын изеді.
Тағы оқыңыз: Қай өңірлерде сәбидің шала тууы жиі тіркеледі: Қазақстан бойынша статистика
Авторлары: Анжела Ким, Болат Айтмолда
Дайындаған: Айнұр Қапышова
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу