Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді.
Журналистер әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылатынын, ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалғанын айтып, осы мәселе бойынша президенттің ойын сұрады.
"Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық.", - деді Тоқаев.
Президент дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болғанын айтты.
"Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев ел тағдыры өз қолымызда екенін айтып, сол үшін табанды еңбек ету керектігін еске салды.