Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов 22 шілдеде бостандыққа шығады. Бұл туралы сотталушының тағы бір адвокаты Әлібек Секеров мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Заңгердің айтуынша, сот шешімімен Байжанов расымен де қамаудан босатылады. Ол 22 шілде күні сағат 18:00 шамасында бостандыққа шығуы тиіс.
"Сот оны дереу босату туралы қаулы шығарды, өйткені 2025 жылғы және биылғы рақымшылықты қолдана отырып, оның мерзімі 2026 жылдың 20 қарашасына дейін қалып еді. Рақымшылыққа байланысты оның жаза мерзімі автоматты түрде толық қысқарады және ол дереу босатылуы тиіс", - деді Әлібек Секеров Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, Бақытжан Байжановқа 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау тағайындалған.
"Әкімшілік қадағалау, әдетте, ауыр қылмыс жасағандардың барлығына тағайындалады. Осылайша алдын алу шаралары жүргізіледі", - деп түсіндірді адвокат Әлібек Секеров.
Сондай-ақ ол Бақытжан Байжановтың жұбайы оны күтіп алу үшін Степногорск қаласына аттанғанын айтты.
Мән-жайды Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) де түсіндірді.
"Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, сотталған Б. Байжанов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қолдану туралы сот қаулысы негізінде босатылғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленді", - делінген хабарламада.
Мәселені сот қараған кезде Байжановтың өтелмеген жаза мерзімі 3 ай 18 күнді құраған.
Бұған дейін тағы бір адвокат Ғазиз Ынтықбаев Tengrinews.kz тілшісіне Байжановтың күтілген мерзімнен ерте бостандыққа шығатынын растаған болатын. Мұндай шешімді сот қабылдаған.
Байжанов амнистиямен босатыладыАнықтама: Бақытжан Байжанов - бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе қылмысты жасырды деген айыппен жауапқа тартылған болатын. 2024 жылғы 13 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Байжановты кінәлі деп танып, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Бұл ретте прокурор Байжановқа тағылған Қылмыстық кодекстің 434-бабы "Аса ауыр қылмыс туралы хабарламау" бойынша айыптаудан бас тартқан еді.
Байжанов ісіндегі басты эпизодтардың бірі бейнебақылау камераларындағы жазбаларға қатысты болды. Байжановтың өзі сотта жазбаларды өшіруге тапсырма бергенін мойындады, алайда жасалған ауыр қылмыс туралы білмегенін алға тартты. Оның қорғау жағының негізгі ұстанымы осы дәлелге негізделді.
Үкім шыққаннан кейін Байжановтың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Олар қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады. Іс Астананың апелляциялық инстанциясына 2024 жылғы 10 маусымда түсіп, қарау 26 маусымға белгіленді.
26 маусымда Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.
Кейін Байжанов рақымшылық жасау туралы өтініш берді. 2025 жылғы тамызда сот Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заң аясында оның өтелмеген жаза мерзімі үштен бір бөлікке қысқартылғанын хабарлады. Соңғы есеп бойынша оған 1 жыл 4 ай 17 күн бас бостандығынан айыру мерзімі белгіленді.
Байжанов 2023 жылғы 12 қарашада ұсталып, тергеу изоляторында қамалды, ондағы бір күн колониядағы бір жарым күнге теңестіріледі. Ол жазасын Степногорскідегі қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеді. Мерзімді қайта есептегеннен кейін ол шамамен 2026 жылғы желтоқсанда бостандыққа шығуы тиіс болған.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу