Шаруалар жаңа белеске қадам басты

16.10.2025

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Бұл дәстүр мен технологияның, еңбек пен инновацияның тоғысқан тұсы десек артық айтпаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған «Цифрлық Қазақстан» бағытын жүзеге асыру аясында өңір жасанды интеллектіні агроөнеркәсіптік кешенге енгізуді алғаш болып қолға алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдау­ларын­да цифр­ландыруды елдің экономикасына тың серпін беруімен әрі жаңа индустрия дәуірінің негізі ретінде айқындаған еді. Мемлекет басшысы Ақмола об­лы­сы­на сапары барысында да өңір ұсынған агро­салаға жа­санды интеллект технологияларын енгізу жо­­ба­сына ерекше назар аударған. Президент бұл бас­­та­ма­ны қолдап, оны ел көлемінде таратудың қа­жет­ті­лігін атап өткен. Осылайша, Ақмола облысы «ақыл­ды ауыл шаруашылығының» ұлттық зерт­ха­на­сына айналмақ.

Жасанды интеллект – бақылаушы емес, көмекші құрал

Облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастама­сы­мен агроөнеркәсіптік кешенді толық цифрландыру ісі жүйелі түрде қолға алынды. Аграрлық сала бойын­­ша өткен келелі жиын барысында өңір басшысы жа­­санды интеллектінің аймақтың басты эко­но­ми­ка­лық драйверіне енуі аса зор мүмкіндіктер ұсы­на­тынын атап өтті. 

– Біздің мақсат – әр шаруашылықтың жұмысын жеңілдету, өнімділікті арттыру және шешім қабыл­дау­ды деректерге сүйенген форматқа көшіру болып отыр. Жасанды интеллект – бақылау құралы ғана емес, ол аграрийдің нағыз серігі, оның еңбегін бұ­рын­ғыдан да тиімді ететін көмекші, – дейді облыс әкі­мі Марат Ахметжанов.

Бүгінде Ақмолада 49 бірдей «ақылды» ферма жұ­мыс істейді. Оның 28-і егіншілікпен айналысса, 21-і мал шаруашылығы бағытын қолға алған. Со­ны­мен қатар өңірдің 3 миллион гектардан астам егіс­тік алқаптары толықтай цифрландырылды. Ен­дігі кезекте жасанды интеллектіні нақты өндіріс про­цесіне енгізу мақсаты қойылыпты.

Облыс әкімінің цифрландыру жөніндегі кеңес­шісі Ерғали Мәбиевтің айтуынша, пилоттық жобаға қа­тысушы шаруашылықтар өздерінің алқаптары тура­лы деректерді, атап айтқанда, жердің паспорты, аг­рохимиялық талдаулар, телеметриялық мәлі­мет­тер мен егіс журналдарын арнайы базаға енгізеді. Осы мәліметтер негізінде жасанды интеллект мо­дель­дері оқытылып, өнімділікті болжау, тыңайт­қыш­тарды тиімді енгізу және өсімдік күйін спут­ник­тік бақылау мүмкіндігі пайда болмақ.

Қазірдің өзінде жасанды интеллектінің өнімділік бол­жамы 90 пайыз дәлдікпен анықталып отыр, ал тыңайтқышқа кететін шығын 20-25 пайызға азай­ған. Бұл – нақты дерекке сүйенген жаңа ауыл шаруа­шы­лығы мәдениетінің бастамасы.

Пилоттық жобаға өңірдің ең ірі төрт шаруа­шы­лығы қатысып отыр. Соның бірі – «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын басшысы Денис Швайбовичтің айтуынша, жүйе бұрын­ғы талдауларды толық растап қана қоймай, нақ­ты қателіктерді де көрсетіп берген. 

– Мысалы, себу мерзімін сақтамау немесе дақыл ро­тациясының бұзылуы егістікте өнімділіктің тө­мен­деуіне ықпал ететін. Ал жасанды интеллектіні қол­дану арқылы өнімділікті 5 пайызға дейін арттыру мүм­кіндігі пайда болды. Енді тіпті IT-маман да агрономияны меңгеріп, жүйе ұсынған талдауға сүйене отырып, шаруашылықты толықтай басқара алады, – дейді Денис Швайбович.

Аймақ цифрлық трансформацияны тек техни­камен емес, адам капиталы арқылы жүзеге асыруды көз­деп отыр. Осы мақсатта өңір басшысы Марат Ахмет­жанов әр ауданда цифрлық технологиялар бойын­ша оқыту курстарын және тәжірибелік семи­нарлар ұйымдастыруды тапсырды.

Оған ғылыми ұйымдар, салалық компаниялар мен аграрлық жоғары оқу орындары қатыспақ. Бағ­дар­лама дәлме-дәл егіншілік, агроаналитика, спут­никтік мониторинг, цифрлық картография және ІТ-жүйелермен басқару сияқты бағыттарды толық­тай қамтамасыз етпек. 

Идеологиялық бағыт қоғамдық этиканы қалыптастырады

Өңірде цифрландырумен қатар идеологиялық және қоғамдық даму жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімінің орын­ба­сары Досұлан Айтбаев төрағалық еткен өңірлік идео­логиялық кеңесте қоғамның рухани жаңғыру ба­ғыттары да талқыға түсті. Кеңес барысында 

Пре­зидент реформалары мен Жолдауының мәнін түсін­діру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жаңа қо­ғамдық этиканы қалыптастыру мәселелері кө­терілді. Облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айт­баев мемлекет басшысы ұсынған бағдарламалар идео­логия саласында да аса үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. 

– Жаңа кезең – жаңа ойлау мен жаңа жауап­кер­шілікті қажет етеді. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат», «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» қа­ғи­даттары – бүгінгі идеологиялық жұмыстың өзе­гіне айналуы тиіс. Біз қоғамды тұрақтылық, әді­лет және еңбекқорлық құндылықтары төңірегінде бі­рік­тіруіміз қажет, – деді Досұлан Айтбаев.

Облыс әкімі цифрландыру мен жасанды интел­лек­тінің аймақтың басты кәсібі – ауыл шаруа­шы­лығындағы нәтижесін тек бірлесе әрекет еткенде ға­на көруге болатынын алға тартты. 

– Цифрландырудың табысы – ең алдымен агра­рий­лердің өздеріне байланысты. Біз бірлесе әрекет ет­кенде ғана нақты нәтиже көреміз. Ақмола облысы ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу ар­қы­лы елге үлгі болуға тиіс, – деді Марат Ахметжанов.

Қазір Ақмола жерінде жаңа дәуірдің дәні себілді. Ол – білім мен еңбектің, технология мен дәстүрдің дәні. Бұл дән ертеңгі ақылды, өнімді, цифрлы Қа­зақ­станның көктеуінің алғашқы кезеңі болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью