Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Бұған дейін компания өтемақы талаптарына байланысты елдегі инвестицияларын уақытша тоқтатады деген ақпарат тараған болатын. Алайда, министрдің айтуынша, Shell компаниясының өкілі Сюзанн Куган оған БАҚ Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саванның сөздерін қате түсіндіргенін жеткізген.
- Shell компаниясына тиісті сұрау жолдадық. Бірақ, Shell өкілі Сюзанн Куган өткен аптада маған арнайы келіп, бұқаралық ақпарат құралдары компания басшысының сөздерін дұрыс түсіндірмегенін айта аламын. Негізінде жағдай мүлде басқаша болған. Компания Қазақстанда одан ары қарай да дамуын қалайды. Қазіргі таңда олар газ өндіру үшін қарастырып жатқан кен орындарының бірі — соның дәлелі. Олар Қазақстанға инвестиция сала береді. Дегенмен, Энергетика министрлігі ресми сұрау жолдағандықтан Shell компаниясының ресми жауабын күтуіміз қажет, - деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов Ақордада.
Сондай-ақ ол Қашаған кен орнын игерудің екінші кезеңінің іске қосылуы қандай да бір компанияның қызметіне байланысты емес екенін атап өтті.
- Қашағанды игерудің екінші кезеңі басталған жоқ. Оның өзге себептері бар. Бұл қандай да бір компанияның қалауына немесе қаламауына байланысты емес. Онда нақты техникалық қиындықтар бар. Барлығы Қашағанның техникалық жағдайларына тәуелді. Жалпы, Қашаған – бұл технологиялық тұрғыда күрделі кен орны. Онда қабат қысымы қалыптан тыс жоғары, күкіртсутек пен басқа да зиянды қоспалардың мөлшері өте көп, — деді министр.
Бұған дейін Қашаған кен орнын игеруші NCOC компаниясы Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қазақстан Үкіметінің экологиялық айыппұлын халықаралық төрелікте даулайтындарын растаған еді.