Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл қаласында автожол өтпежолын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Құны 5 миллиард теңгеге көпір
2023 жылдың тамыз айында Петропавл қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған. Шартты орындау барысында мердігер ұйым тарапынан жұмыс кестесінен жүйелі түрде кешігуге жол берілген.
Жымқыру жолы
Тергеу амалдарына сай, мердігер ұйымның директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөзбайласа отырып, нақты орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәліметтер көрсетілген актілерді рәсімдеуді және қол қоюды ұйымдастырған.
«Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымның шотына бюджет қаражаты негізсіз аударылған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген», - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚМА.
Соттың санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Бүгін, 10:28