Шетелдік азамат Қазақстанда алаяқтар тобын құрған

08.02.2026

Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Түркістан облысының құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне қатысты ауқымды тергеу амалдарын аяқтады. Жай ғана алаяқтық емес, жүйелі түрде жұмыс істеген қылмыстық топ 21 азаматты тақырға отырғызған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Түркістан облыстық прокуратурасының мәліметінше, бұл қылмыстық топты 2024–2025 жылдары Қазақстан аумағында жүрген шетел азаматы құрып, басқарған. Топ мүшелері заманауи технологияларды пайдалана отырып, телефон және интернет-алаяқтықпен айналысқан.

Күдіктілердің әдісі қарапайым әрі сенімді болған. Олар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін «пошта қызметінің өкілі» немесе «байланыс операторының қызметкері» ретінде таныстырған. Сөзге тарту арқылы жәбірленушілердің жеке деректеріне қол жеткізіп, олардың атына ірі көлемде несиелер рәсімдеген. Кейін ол қаражатты заңсыз иемденіп, өз қажеттіліктеріне жұмсап отырған.

Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтардың құрығына 21 адам ілінген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 125 миллион теңгеден асып жығылады. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге 20 миллион теңге қайтарылды.

Сондай-ақ, мемлекет пайдасына өндіру және шығынды өтеу мақсатында күдіктілердің үш автокөлігіне арест қойылды. Қалған қарыз сомасын сот шешімі арқылы өндіру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда осы іс бойынша 20 күдікті қамауға алынды. Қылмыстық топтың тағы екі мүшесіне халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары толық жинақталып, мән-жайды анықтау және тиісті жазаны кесу үшін сотқа жолданды.

Құқық қорғау органдары азаматтарды бейтаныс адамдардан келген қоңырауларға сақ болуға және жеке мәліметтерді, SMS-кодтарды ешкімге жарияламауға шақырады.
 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью