Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
— Министрлік Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілігін жеңілдету, сондай-ақ олардың елге оралғаннан кейін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуына бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу жөніндегі ұсыныстарыңызды зерделеді, — деді министр.
Оның атап өтуінше, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, Қылмыстық кодекстің 170–172-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жатады. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің жаңа редакцияларын әзірлеп жатыр.
— Аталған жұмыс аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, көрсетілген адамдарды әлеуметтік оңалту бойынша кешенді мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Сонымен бірге Үкіметтің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулысымен бекітілген Үкіметтің заң шығару жұмысы қағидаларының 4 және 9-тармақтарына сәйкес, орталық мемлекеттік органдардың мұндай сипаттағы заңнамалық бастамалары реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеуді және Үкіметтің келісілген ұстанымын қалыптастыруды талап етеді. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі уәкілетті органдар әзірлеген тиісті түзетулерді Қазақстан Үкіметінің немесе Парламент депутаттарының заңнамалық бастамасы тәртібінде қарауға қатысуға дайын екенін білдіреді, — деді Ержан Сәденов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматтарына қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыруды ұсынған еді.