Шетелге оқуға түсіремін: Астана тұрғыны 50 ден астам адамды алдаған

01.12.2025

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Елордада әйел 50-ден астам азаматты сан соқтырған, деп хабарлады бас прокуратура.

"Астана тұрғыны білім беру саласында қызмет көрсетеміз деген желеумен 52 азаматтың жалпы сомасы 152 млн теңге қаражатын иемденген. Кінәлі тұлға білім беру орталығының негізін қалаушы болған. Ол әлеуметтік желідегі аккаунттар және бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалар арқылы адамдарға Еуропадағы жоғарғы оқу орындарына түсіруді және шетелде бір жылдық тіл білімінен босатуға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаттарды беруге уәде етіп, курстарға жазылуды ұсынған", - деп жазылған хабарламада.

Алайда уәде етілген сертификаттар берілмеген, ал шетелге оқуға түсу іс жүзінде орындалмаған. Оның компаниясында тіпті білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін халықаралық аккредитациясы болмаған.

Мәселен, халықаралық сертификатты алып, баласын Еуропада білім алуға дайындатуға ниет білдірген жәбірленушілердің бірі 3 млн теңгеге жуық шығынға ұшырады.

"Кінәлінің өзіне жүктелген міндеттерін орындауға мүмкіндігі болмағаны, ал жәбірленушілермен келісімшартты қылмыстық ниетін орындау мақсатында жасағаны және ұрланған ақша қаражатын өзінің жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны дәлелденді", - дейді прокуратурадағылар.

Әйел өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Сот үкімімен ол 7 жылға оқу орындарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью