Шетелге ұсақ мал сатуға шектеу қойылды

30.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Мал өсірсең, қой өсір. Елде көрші елдер тұрмақ, мұхит асып келген ірі қара көп. Малды асылдандыру үдерісі жемісін беріп те жатыр. Енді сиыр, жылқынының түрлі тұқымын әкеліп жерсіндіргеніміз белгілі, ал қойымыз қандай күйде?

Еділбай — ең етті-майлы қой тұқымы

Қойдың тәуірін өзгеден іздемейміз. Елде ең етті-майлы қой тұқымы анықталды. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары басқа да мекеме мамандарымен бірлесіп, Жетісу облысында Шопаната тұқымдарын зерттеген. Онда отандық, шетелдік қой түрлері мен будандарының ет сапасына талдау жүргізді. Тиісті жұмыстар бес жылға созылған. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткіштер еділбай қойынан анықталды. Оның құйрық майын қоса есептегенде, ет шығымы 81 пайызды көрсетті. Бұл тұқым – халықтық селекцияның жемісі. Қошқары 100-140 келі, саулығы 70-75 келі тартады. Ал төрт айлық қозылары 30-45 келі аралығында. Еділбай қойы Қазақстанның кез келген аумағына еркін бейімделген. Бордақылау кезінде олар тәулігіне 300-350 граммға дейін салмақ қосады.

Темірхан Кенжебаев, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- 8-9 айлық бордақыда тұрған тоқтылардың ішінде еттің морфологиялық құрамы бойынша және осы жүргізілген арнайы дәмділік қасиеттеріне байланысты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазақтың еділбай қойы және қазақтың қылшық жүнді қойларының ішіндегі аққарабас тұқымдас қойларының көрсеткіштері әлдеқайда басым болды. 

Қазақстаннан ұсақ малды шетелге тірідей сатуға шектеу қойылды. Енді Еуразиялық экономикалық Одақ мемлекеттері мен үшінші елдерге 120 мың бас тоқты мен серке ғана экспорттауға болады. Квотаның тең жартысы мал бардақылайтын фермерлерге, қалғаны тауарөндірушілерге тиесілі. Бұл шектеу 30 сәуірге дейін енгізіліп отыр. Осы арқылы ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық берілген. Елде 20 миллион бас қой болса, солардың 3 миллионы ғана асыл тұқымды. Былтырғымен салыстырғанда ұсақ мал небәрі бір жарым пайызға көбейген. Олардың баяу көбеюі салаға заманауи технологиялық әдістер енгізу және малдың генетикалық әлеуетін жақсарту қажеттігін көрсетіп тұр. Жауапты министрлік Мал шаруашылығын дамытуға арналған бесжылдық кешенді жоспар әзірледі. Соның негізінде ұсақ мал санын 28 млнға дейін жеткізу көзделіп отыр. Шаруаларға асыл тұқымды мал сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға несие беріледі.

Дербес ғылыми институт құру ұсынылды

Былтыр 10 ай ішінде Қазақстан 25 мың тоннадан астам қой етін экспорттады. Алдыңғы жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге жуық артқаны байқалады. Бұл шетелдік сауда серіктестері тарапынан отандық қой етіне сұраныс жоғары екенін аңғартып отыр. Ғалымдар ұсақ малды асылдандыру бағытында зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға ниетті. Дегенмен олардың айтар уәжі де бар. Бұрын ғылыми жұмыстармен белгілі бір институт қана айналысса, кейінгі жылдары конкурстық негізде түрлі мекеме жүргізіп жатыр. «Бұл – зерттеулердің бірізділігіне кері әсер етеді, сондықтан қой шаруашылығы институтын құрып, ғылыми жұмыстарды сонда ғана атқару қажет», - дейді ғалымдар.

Темірхан Кенжебаев, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- Конкурстық жүйе бойынша кейде бір зерттеу ұйымы, болмаса ЖОО бұл бағдарламаны жеңіп алатын болса, ал одан кейінгі үшжылдықта бұл бағдарлама басқа ғылыми мекеменің жетекшілігімен жүргізіліп келе жатыр. Соның нәтижесінде қой шаруашылығын жүйелі түрде ғылыми қамтамасыз етуде үлкен олқылықтар орын алуда.

Шопандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі 

Шопандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Олар 55 жасқа толған соң арнайы төлем алуы мүмкін. Қазір салалық министрліктер бұл шараларды әлі пысықтап жатыр. Сонымен қатар малшылардың балаларын Қорғаныс министрлігінің әскери техникалық мектебінде әскери даярлықтан өткізу тетігі қарастырылады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью