Шикізаттан дайын өнімге: Экономиканың жаңа моделі

14.04.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Ертіс бойы шетелдік инвесторлар көз тіккен экономикалық тиімді алаңға айналып отыр. Қазір өңірдің инвестициялық пулында жиынтық сомасы 7,4 трлн теңгеге 140 жоба бар. Бұл көрсеткіш облыстың ғана емес, тұтас еліміздің дамуына жан-жақты ықпал ететіні анық.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев

Павлодар – еліміздегі ірі индустрия­лық орталықтың бірі. Кейінгі жыл­дар дерегінде болашаққа бағдарланған көптеген жоба іске асырылатыны айтылған. Әсіресе өнеркәсіп, ауыр өндіріс, мұнай-газ бен ферроқорытпа саласына сырттан айтарлықтай инвестиция құйылып жатыр.

Облыс әкімдігінде өткен өңірлік ин­вестициялық штабтың кезекті отырысында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар қаралды. Отырыста Екібастұз қаласы әкімдігінің жаңа жобаларын облыстың даму жоспарына енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Екібастұз – ел энергетикасының жүрегі ғана емес, бүгінде отын кешені мен металлургия саласындағы маңыз­ды индустриалдық өңірге айналып ке­леді. Кейінгі жылдары ірі өндірістердің ашылуы нәтижесінде экономикасы өрістеп, қазынаға түсетін қаражат та еселене түскен. Ұлттық экономика министрлігі наурыз айында елдегі моноқалалар тізімін жаңартып, одан Екібастұзды алып тастағаны мәлім. Оның себебі, енді бұл шаһар – әртараптандырылған экономикасы мен табысты дамып келе жатқан кәсіпкерлігі бар, қомақты инвес­тициялар ағынына ие индустриялық орталық. Бұрын тек көмір өндірісі мен энергетикалық нысандарға тәуелді болып келген қалада жаңа жобалар үсті-үстіне жүзеге асып жатыр. 2025 жылдың қорытындысында шаһардағы өнеркәсіп өндірісі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі барлық қала арасындағы ең жоғары нәтиже. Ал Павлодар облысы­ның өнеркәсібіндегі Екібастұздың үлесі 40 пайыздан асады. Жоспарланған 737 млрд теңге инвестиция көлемі іс жүзінде 1,5 трлн теңгеге жетіп, жоспар­ланғаннан екі есе асып түсті.

Мамандар қаланың әлеуметтік өмірінде де ауқымды өзгеріс болып жатқанын айтады. Жыл сайын тұрғындар игілігіне 87 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құры­лыс көлемі 124 млрд теңгеге жетті. Кейінгі бес жылда 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджет кірісі 69 млрд теңгеге дейін өскен. Сарапшылар 2023–2024 жылдары алғашқы нақты нәтижелердің тіркелгенін, екі жылда қаланың жаңа, тұрақты жұмыс істейтін экономикалық моделі қалыптасқанын атап өтті. Бұл модель алдағы уақытта да кеңейе береді, оған Екібастұздың мүмкіндіктері толық жетеді.

Жиында шаһардың терең өңдеу, энергетика мен цифрлық экономикаға басымдық беретін индустриялық орта­лық ретінде қалыптасып жатқаны аталып өтті. Екібастұз бойынша жалпы­ұлттық пулда 6,4 трлн теңге болатын 21 жоба іске асырылып жатыр. Қосымша инвестициялық штабта жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын тағы 8 жобаны енгізу ұсынылды. Бұл жобалар шамамен 1 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.

– Жобалар төрт негізгі бағытты қамтиды. Цифрлық экономика саласында инвестиция көлемі 196 млрд теңгені құрайтын, 250 жұмыс орнын ашатын деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жоспарланып отыр. Бұл өңірді жаһандық цифрлық нарыққа интеграциялауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.

Өнеркәсіп саласында алюминий за­уытын, көмірді байыту мен жартылай кокс өндіру нысандарын салу көзделген. Бұл жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады. Яғни шикізаттық модельден құны жоғары өнім өндіруге көшу деген сөз бұл. Энергетика саласында қуаты 350 МВт болатын ЖЭО мен қуаты 100 МВт болатын ілеспе газдарда жұмыс істейтін станса салу жоспарланған. Жалпы алғанда 450 МВт жаңа генерация іске қосылып, бұл өнеркәсіптің одан әрі өсуіне резерв қалыптастырады.

Сондай-ақ экономиканың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін асфальтбетон зауыты мен жанар-жағармай бекетін салу және іске қосу жоспарланып қойған.

– Жобаларды іске асыру Екібастұз қаласындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,6 трлн теңгеден 2 трлн теңгеден астам деңгейге дейін ұлғайтып, 25-30 пайыз өсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қала бюджетіне қосымша салық түсімдері 8-12 млрд теңге деңгейінде бол­жанып отыр. Бұл жекелеген жобалар ту­ралы емес, заманауи энергетикасы, терең өңдеу саласы мен цифрлық ин­фра­құрылымы бар Екібастұздың жаңа ин­дус­триялық бағытын қалыптастыру туралы, – дейді өңір басшысы.

Талқылау барысында Асайын Бай­ханов жобаларды жан-жақты пысық­тау қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, деректерді өңдеу орталық­тары алқабы үшін инженерлік-комму­никациялық инфрақұрылымның дайын­дығы, жобаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Мемлекет басшысы былтырғы Жол­дауында ірі инвестицияларды тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, тау-кен металлургия кешенін жаңғырту әрі инновациялық технологияларды енгізу туралы нақты тапсырмалар бер­гені мәлім. Бұл тұрғыда өңіріміздің өнді­рістік және инвестициялық әлеуеті жоғары деп айтуға толық негіз бар. «Пав­лодар» арнайы экономикалық айма­ғының инвестициялық портфелі 600 млрд теңгеге жетіп жығылады. Оның аумағында 36 қатысушы тіркелген және алдағы бес жылда металл конструкция­ларын, полимер түйіршіктерін, целлюлоза, жоғары кернеулі изолятор, басқа да өнімдер шығаратын жобалар іске асырылмақшы. Арнайы эконо­ми­калық аймақтың тиімділігін арттыру мақ­сатында қатысушылардың өз мін­деттемелерін орындауына бақы­лау күшейген, жобаларды іріктеу критерийлерін кеңейту жөнінде шаралар қабылданған. Сондай-ақ өң­деу өнеркәсібіне де жаңа серпін беріл­мек. Былтыр өңір республикада өң­деу секторының өнім көлемі бойын­ша алғашқы бестікке енді. Оның көле­­мін арттыруға аймақта резервтер жет­кі­лікті. Негізі облысқа келіп жатқан ин­вестициялардың басым бөлігі өнер­кәсіп саласына, оның ішінде өңдеу мен тау-кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі екенін атап өткен абзал.

Инвесторлардың өнеркәсіпке деген жоғары қызығушылығы заңды деп ойлаймыз. Павлодар облысында өңдеу және тау-кен өнеркәсібі кәсіпорын­дары, бай минералды-шикізат базасы, дамыған энергетикалық инфрақұры­лым шоғыр­ланған. Инвесторлар үшін бұл ең әуелі энергияға жұмсалатын шығын­дар­дың арзандығын білдіреді. Екінші­ден, білік­ті кадрлар жеткілікті әрі дайын индустриялық алаңдар бар.

Мамандар көлік пен қоймалау са­ла­сындағы инвестициялардың өсе түсуіне об­лыстың негізгі көлік дәліздері-нің қиы­лысында орналасуы себеп дейді. Облыс Ресеймен шекаралас, өңір арқылы шетел компаниялары еліміздің ішкі нарық­тарына қол жеткізіп, Қытайға шыға алады. Осы ретте логистикалық орта­лық­тарға, терминалдарға, қоймалар мен инфра­құрылымдық жобаларға сұраныс артып келе жатқаны байқалады. Инвесторлар мұны тауар ағындарын ұлғайту мен халықаралық сауданы дамыту арқылы ақша табу мүмкіндігі деп есептейді.

Өңірге қаржы құйып отырған ең белсенді елдердің ішінде Қытай, Ресей, Түркия, Германия мен Францияны атап өтуге болады. Бұл елдер қазірдің өзінде облыспен ынтымақтастықта жұмыс істейді, экономиканың металлургия, химия өндірісінен бастап, логистика мен қайта өңдеуге дейінгі әртүрлі салаларына қызығушылық танытып отыр.

Сондай-ақ өңірлік инвестициялық штаб отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлеріне арнал­ған «Қолжетімді тұрғын үй» бағ­дар­ламасы аясындағы инфрақұ­ры­лымдық жобасы қаралды. Құны 2,6 млрд теңгені құрайтын жоба 2026–2027 жылдары іске асырылады. Компания 108 пәтерлі, толық әрленген 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Облыс әкімі жұмысшы мамандық иелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бастамасының жоғары әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Жобаны іске асыру мерзімдерінің қысқалығын ескере отырып, өңір басшысы нысанды қалалық инженерлік желілерге қосу үшін жылдамдатып техникалық шарттарды беруді тапсырды.

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Нұртілеу турнирі мәресіне жетті

Спорт • Бүгін, 08:57

Кәсіптік оқыту платформасына сұраныс

Білім • Бүгін, 08:55

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53

Шикізаттан дайын өнімге: Экономиканың жаңа моделі

Экономика • Бүгін, 08:50

Әдебиеттің бүгінгі бағдары сараланды

Руханият • Бүгін, 08:48

Жанармай нарығы: Баға қалыптастырудың басты тетігі

Баға • Бүгін, 08:45

Өндіріс дамуының өзегі

Өндіріс • Бүгін, 08:43

Шығыны аз, шығымы мол

Аймақтар • Бүгін, 08:40

Ғарифолла Әнес мұрасы

Ғылым • Бүгін, 08:38

Тауар мен таңба

Экономика • Бүгін, 08:35

Су қорын бақылайтын заманауи жүйе

Ғылым • Бүгін, 08:33

Электромобиль күдікті ойды сейілте ме?

Сараптама • Бүгін, 08:30

Жауапты ұрпақтың жасампаз қадамы

Жастар • Бүгін, 08:28

Ауылдың Жұлдызы

Қоғам • Бүгін, 08:23

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью