Шикізаттан зауытқа дейін: Қазақстан сирек жер металдары нарығына қалай ене алады

04.04.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Сирек металдардың жаһандық нарығы

Сирек жер элементтері – аса маңызды технологияларда қолданылатын 17 металдан тұратын топ. Олар микрочиптерден бастап жел турбиналарына дейінгі өндіріс салаларында кеңінен пайдаланылады. Бірегей қасиеттерінің арқасында олар қуатты магниттерді, аккумуляторлар мен электрондық құрылғыларды өндіруде таптырмас материал.

Халықаралық зерттеулер дерегіне сәйкес, соңғы жиырма жылда сирек жер металдарының әлемдік нарығы шамамен төрт есеге өсті. Егер 2004 жылы жаһандық өндіріс көлемі 101,5 мың тоннаны құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 379,9 мың тоннаға дейін жеткен. 

Инфографика: Kazinform

Инженер-геолог, Solidcore Resources компаниясының өндірістік геология бөлімінің басшысы Серік Қонақбаев бұл өсімнің іргелі сипатқа ие екенін атап өтті.

– Әлемде сирек жер элементтеріне деген сұраныс өте жоғары және тұрақты түрде өсіп келеді. Негізгі қозғаушы күштер – электр көліктері, жаңартылатын энергетика, электроника, компьютерлер мен смартфондар. Цифрлық экономикаға көшу сирек жер элементтері нарығының дамуымен тікелей байланысты, - деді сарапшы.

Сирек жер металдары нарығы жоғары деңгейде шоғырланған күйінде қалып отыр. Бүгінде әлемдік өндірістің 70 пайыздан астамы, ал өңдеудің шамамен 90 пайызы Қытайдың еншісінде.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың үстемдігі бірнеше фактордың үйлесімінен туындайды: еңбек құнының төмендігі, дамыған өнеркәсіптік база және заманауи технологиялардың болуы елге саланы дамытуда айтарлықтай артықшылық береді.

Қазіргі жағдайда әлемдік нарық жеткізілімді әртараптандыруға мұқтаж. Бұл Қазақстанға, елеулі мүмкіндіктер ашады.

Қор мол, өңдеу аз

Қазақстан әлемдегі ірі минералдық-шикізат қорына ие елдердің бірі. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, сирек және сирек жер металдарының кен орындарын игеру, сондай-ақ олардың негізінде әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығару – елдің индустриялық-инновациялық дамуының басты басымдығы. Қазіргі таңда мемлекеттік балансқа тоғыз мыңнан астам кен орны енгізілген. Соның ішінде жүзден астамында сирек және сирек жер элементтері бар. 

Инфографика: Kazinform

Қазақстанның шикізаттық базасы ерекше. Мысалы, көптеген сирек элемент уран, түсті және бағалы металдарды өндіру кезінде қосалқы өнім ретінде алынады. Бұл өз кезегінде кешенді өңдеуді және заманауи технологияларды енгізуді талап етеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, елде вольфрам, молибден, титан, цирконий және рений өндіріледі әрі өңделеді. Сонымен қатар ілеспе элементтер де алынады. Олардың қатарында селен, теллур, германий, галлий, индий, таллий, висмут, гафний, скандий, кадмий, осмий және иттрий бар.

Қазіргі таңда бұл сала өнеркәсіп өндірісінің тек 0,3 пайызын құрайды. Алайда бастапқы базаның төмен болуы, керісінше, өсім әлеуетін айқындайды. Әсіресе, сирек және сирек жер металдарына жаһандық сұраныс артқан қазіргі кезеңде бұл бағыттың мүмкіндігі жоғары.

Жаңа өндірістік орындар мен инвестиция

Қазақстанда сирек кездесетін металдардан өнім шығару үшін базалық өнеркәсіптік инфрақұрылым қалыптасқан. Негізгі өндірістік қуаттар бірнеше кәсіпорында шоғырланған. Ең перспективалы аймақтар ретінде Шығыс Қазақстан облысы мен Орталық Қазақстан аталады.

Мәселен, «Өскемен титан-магний» комбинаты титан мен магний өндіруге маманданған. Кәсіпорын авиация және металлургия салаларына жеткізілімнің негізін қалыптастырады. Ал Үлбі металлургиялық зауыты бериллий, ниобий және тантал өңдеумен айналысады. Бұл металдар атом энергетикасы мен электроникада жоғары сұранысқа ие. Жезқазғанда «Жезқазғанредмет» кәсіпорны рений мен осмий шығарады. Олар жоғары температурадағы қорытпылар мен химиялық өнеркәсіпте қолданылады.

Бұл салада басқа да кәсіпорындар бар. Қызылорда облысында «Балауса» компаниясы ванадий концентратын өндіреді. Ал Алматы облысындағы «Жетісу Вольфрамы» ЖШС вольфрам кендерін игереді. Қазіргі таңда елімізде өндірілетін сирек металдарды аталған кәсіпорындар шығарады. Дегенмен, олардың өндірістік қуаты мен технологиялық деңгейі әлі металдарды толық терең өңдеуге мүмкіндік бермейді. 

Инфографика: Kazinform

Қазақстанда жеке өндірістер болса да, сирек және сирек жер металдарының терең өңделу деңгейі шектеулі болып отыр. Сарапшы Серік Қонақбаевтың пікірінше, кәсіпорындарда технология мен техникалық база жеткіліксіз. Соның салдарынан еліміз әлі де шикізат өндіруге және оны сыртқы нарыққа жеткізуге ғана бағдарланған. Басты міндет – өз технологиясын дамыту, өңдеуші қуаттарды құру және толық өндірістік циклді ел ішінде қалыптастыру.

– Шын мәнінде, бізде елеулі қорлар бар, олардың көбісі Совет дәуірінде барланған. Дегенмен, өңдеу инфрақұрылымын белсенді дамыту, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу қажет. Бұл өнімді барынша өндіруге және толық өндірістік цикл бойынша шығаруға мүмкіндік береді, - дейді инженер-геолог.

Қазақстандағы ресурстардың басым бөлігі әлі экономикаға тартылмаған. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда молибден мен вольфрамның көптеген кен орындары бар. Олар 2000-жылдарға дейін жұмыс істеген. Алайда қорғаныс өнеркәсібінен сұраныс азайғаннан кейін экономикалық мәнін жоғалтқан және қазіргі кезде іс жүзінде игерілмейді. Литий, тантал және бериллий қорлары да бар, бірақ ішкі нарықтағы сұраныс шектеулі.

Еліміздің жаңа жобалары мен өндірістік әлеуеті

Осыған орай, мемлекеттік саясат өндірістік базаны біртіндеп кеңейтуге бағытталуда. 2024-2028 жылдарға арналған саланы кешенді дамыту жоспары кемінде бес жаңа сирек металл өндірісін іске қосуды көздейді. Жобалардың бір бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асырылды. Алматы облысындағы Богуты кенінде вольфрам мен марганец сульфатының моногидраты шығарыла бастады.

Ал 2026 жылы ERG компаниясының қатысуымен галлий өндірісін іске қосу жоспарланып жатыр. Жылдық қуаты 15 тонна. Сонымен қатар, литий-иондық батарея қалдықтарын өңдеу және «Жезқазғанредмет» базасында рений металын өндіру жобалары пысықталуда.

Жеке бағыт – аккумуляторлар үшін материалдар индустриясын дамыту. Осы салада «Сарытоған» графит жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ал Ақсу қаласында марганец хабы құрылады. Ол жерде электролиттік марганец пен марганец диоксиді өндірледі.

Бұл саладағы даму мұнымен шектелмейді. Тұрақты магниттер мен жылуға төзімді никель қорытпаларын өңдеу жобалары да қарастырылуда. Бұл жоғары технологиялық өндірістердің дамуына тікелей байланысты.

Жоғары өсім нүктелерінің бірі – Қарағанды облысы. 2025 жылы осы өңірдегі Құйрықтыкөл учаскесінде «Жаңа Қазақстан» кен орны анықталды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, қазіргі уақытта қор көлемін растау үшін кешенді геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

– Құйрықтыкөл учаскесінің болжамды қоры шамамен 935,4 мың тонна сирек жер металын құрайды. Қазіргі уақытта бұл аумақта «Тау-кен Самұрық» АҚ қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия рәсімдеп, қорды нақтылау үшін кешенді геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер жүргізіп жатыр, - деді Иран Шархан.

Шикізаттан өнеркәсіптік өңдеуге көшу

Мемлекет бұл саланы жүйелі дамытуға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында кемінде бес жаңа өндірісті іске қосу көзделген. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртып, шикізатты кешенді өңдеу технологиялары енгізк жоспарланып жатыр. Сонымен қатар, инвестициялық экожүйе қалыптасып келеді. Оның құрамына:

– 16 арнайы экономикалық аймақ,
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы,
– Minerals.e-Qazyna.kz цифрлық платформасы,
– көлемі 1 млрд долларды құрайтын Қазақстан Даму Банкінің қаржыландыру бағдарламасы кіреді.

Негізгі мақсат – ел ішінде толық өндірістік цикл қалыптастыру.

– Жаңа инвестициялық циклді қалыптастыру үшін 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Инвестициялық келісімшарттар басым секторлардағы компанияларға ұсынылады. Олар салық және кедендік жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заттай гранттар беру көзделген, - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.

10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып жатқанын атап өтті.

– Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет, - деді Президент.

Геологиялық барлауға қазірдің өзінде АҚШ, Германия, Аустралия және Қытайдан халықаралық серіктестер қатысып жатыр.

– АҚШ-тың Cove Capital LLC компаниясы бірлескен кәсіпорындар арқылы вольфрам, литий, тантал, ниобий және сирек жер металдары жобаларына қатысып жатыр. Австралиялық Sarytogan Graphite Limited компаниясымен бірге аккумуляторлық материалдар өндіруге бағытталған ірі «Сарытоған» графит жобасы дамуда. Германиялық Bergbau AG компаниясымен литий кен орындарын игеру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 8 млн доллар жұмсалып отыр. Қорлар расталса, жалпы инвестиция көлемі 500 млн долларға жетуі мүмкін, - деп мәлімдеді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің редакцияның ресми сауалына берген жауабында. 

Мүмкіндіктер терезесі

Қазір Қазақстан өнім өткізу бойынша Қытай мен Ресей нарығына тәуелді. Бұл – логистика мен сұранысқа байланысты қалыптасқан жағдай. Алдағы уақытта еліміз Еуропа мен Азия нарығына шығуға мүмкіндік ала алады. Бұл үшін жеткізу тізбегін кеңейту қажет.

Сирек және сирек жер металдары әлемдік экономикада стратегиялық ресурсқа айналды. Қазақстанда мұндай қор жеткілікті. Саланы дамытуға негіз де бар. Басты мәселе – шикізат сатудан дайын өнім өндіруге көшу. Бұл бағытта нақты қадам керек. Егер бұл міндет орындалса, Қазақстан жоғары технологиялы нарыққа кіре алады. Ал жүзеге аспаса, ел шикізат жеткізуші болып қала береді.

Бұл – бір саланың емес, ел экономикасының болашағын айқындайтын таңдау. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания сирек металдар саласында өзара тиімді әріптестік орнатуға ниетті екенін жазған едік. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью