Шипа іздеп шетел асудың қажеті жоқ

01.04.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Онкологиядағы емдеудің халықаралық стандарттары NCCN, ESMO хаттамаларына негізделеді. Қазіргі медицина ісіктің тек орналасуын ғана емес, оның молекулалық-генетикалық ерекшелігін ескеретін дербестендірілген емге басымдық беріп отыр. Онколог-хирургтердің айтуынша, әлем елдерінде қолданылатын тәсілдер арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ал Қазақстанда енгізілген емдеу хаттамалары бүгінде әлемнің 30-ға жуық елінде қолданыста.

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кейінгі өзгерістер қатарында таргеттік және иммунотерапия­ны енгізу, диагнозды биопсия арқылы нақтылау, сондай-ақ науқасты жүйелі бақылау бар. Ал негізгі айырмашылық емдеу сызбаларында емес, жаңа дәрілер мен технологиялардың қолжетімділігінде көрінеді. Онколог-дәрігер Илья Фоминцевтің айтуынша, заманауи технологиялар мен ғылыми жаңалықтар ісік биологиясын дәл саралауға жол ашып отыр. Дегенмен дерттің бұл түрін жеңіл-желпі тұмау секілді аурумен салыстыру мүмкін емес. Себебі тұмау ет пен сүйектің арасындағы жел тәрізді, оны ағзадағы табиғи иммундық жүйе арқылы да жеңуге болады.

 «Жақын арада қатерлі дерттің құпиясы табылатынына сенемін. Бірақ обыр тұмау сияқты желмен келіп, термен кететіндей оңай ауру емесі түсінікті», дейді И.Фоминцев.

Медицина ғылымдарының докторы Сурия Есентаева есімі химия терапиясы сегментінде жақсы таныс. Оның айтуынша, хирургия, дәрілік терапия, сәулелік емдеу, молекулалық диагностика бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істейді. Қолданыстағы онкомаркерлер обырды бастапқы кезеңде де анықтай алады. Бірақ обыр ісігі жасушасын қай кезеңде таниды деген мәселе күн тәртібінен түскен емес.

«Біздің дәрігерлердің біліктілігі, қол­даныстағы технологияның деңгейі өте жоғары. «Бізде емдеуді білмейді», «препараттар мен хаттамалар ескірген» деген әңгімені мен де естимін. Емдеу хаттамалары бірдей, препараттар да кем емес екенін айта-айта шаршадым. Менің ойымша, бұл сенімсіздік бірінші кезеңде дәрігерден қажетті ақпаратты, өз сұрақтарына жауап алмаған, өз проблемаларымен оңаша қалған сәтте туындайды. Осы тұрғыда халықтың медициналық сауаты да аса маңызды», дейді С.Есентаева.

Ғалымның айтуынша, елімізде кейінгі жылдары тоқ ішек, өкпе, меланома, мидың қатерлі ісігіндегі кейбір генетикалық маркерлерді анықтау арқылы молекулалық диагностика дами бастады. Маркерлердің тізімі осы қатерлі ісік локализациясын емдеу хаттамаларына енгізілген.

Осы уақытқа дейін диагноз ПТР әдісімен анықталып келсе, қазір генетикалық профильдеу әдісі (NGS) қолданылып жүр. Бұл дерттің қай сатыда ғана емес, гендердің жеткілікті үлкен санының (52-ден 161, 300-ге дейін) жай-күйі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ендігі жерде гистологиялық материалдарды шетелге жіберудің қажеті жоқ. Молекулалық, генетикалық ісік маркерлері әрбір жеке науқаста аурудың толық көрінісін алу, терапияны даралау тұрғысынан дұрыс емдеу тактикасын таңдау мақсатында анықталады.

Химиотерапия туралы сөз болғанда, көпшілік Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде қолданылатын препараттарды салыстырып, соңғысына басымдық беріп жатады.

С. Есентаеваның айтуынша, онкологияда ғана емес, жалпы медицинада қолданылатын түпнұсқа дәрілер белгілі бір мерзімге патентпен қорғалады. Осы мерзім аяқталған соң, олардың баламалары – генериктер мен биосимилярлар – әртүрлі елдерде өндіріле бастайды. Мұндай препараттарды шығаруға фармацевтикалық өндіріс орындары халықаралық GLP, GCP, GMP талаптарына толық сай болуға тиіс. Бұл талаптарға сәйкес келмеген жағдайда өндіріс жүргізуге рұқсат берілмейді.

Сондықтан Ресейде, Израильде, Оңтүстік Кореяда, Түркияда немесе Қазақстанда өндірілген дәрі-дәрмектердің арасында түбегейлі айырмашылық жоқ.

Елімізде ісікке қарсы бірнеше иммундық препараттар: пембролизумаб, атезолезумаб, дурвалумаб, авелумаб тіркелген. Олардың барлығы республикалық емдеу хаттамаларына енгізілген.

«Былтырдан бастап отандық  пембролизумаб қолжетімді болды. Біз оны отандық фармацевтика өнеркәсібінің басты жетістігі деп қабылдауымыз керек. Дәрі-дәрмек өндірісін дамыту – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы екенін әрдайым есте ұстаған жөн», дейді С.Есентаева.

Бүгінде онкологияны емдеу тәсілі әртараптандырылған, хирургиялық тәсіл ар­­қылы дертті пайда болған ошағында жойып жіберуге мүмкіндік бар. Осы орайда хи­рур­гиялық емдеу тәсілімен ісік ошағының ағзаға таралып кетуінің алдын алуға бола ма? Хирургиялық тәсіл  қатерлі ісіктің қай кезеңінде нәтиже береді? Бұл сауалдарға Ұлттық ғылыми онкология орталығы торакалды хирургия секторының аға ординаторы Валерий Макаров тиянақты жауап берді. Оның айтуынша, қан жүйесінің ісік­тері, өкпенің ұсақ жасушалы обыры, сондай-ақ бірқатар жоғары агрессивті ісіктер хирур­гияның мүмкіндігіне бағынбайды. Кейбір жағдайда ісікті ерте алып тастағанда да ауру тез өршуі мүмкін. Мысалы, меланома өзінің жоғары агрессивтілігімен белгілі, сондықтан емдеу әрқашан кешенді болуға тиіс. III, IV сатыларда хирургия нәтиже бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жүйелік терапия, иммунотерапия, сәулемен емдеу неғұрлым тиімді.

«Операцияларды ісіктің азаюын немесе өмірге қауіп төндіретін асқынулардың: қан кетудің, ісіктің ыдырап кетуінің алдын алу мақсатында жасаймыз. Мұны медицина тілінде сальваждық немесе құтқару хирургия­сы деп атайды», дейді В.Макаров.

Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісікті бір ғана ағзаның дерті деп қабылдауға болмайды. Бұл – жасушадағы генетикалық бұзылулармен, иммунды бақылауды жоғал­тумен байланысты жүйелі үдеріс. Дерттің кейбір түрлерін ерте кезеңде де заманауи диагностика әдістерімен анықтау мүмкін. Олар тіпті алғашқы сатыларда да микрометастазды бере алады.

Дерт бастапқы сатысында, бірқатар жағдайда II А (екінші А) сатысында хирургия арқылы жазылады. Кең таралған үдерістерде емдеу әдетте жүйелі терапиядан – химиотерапиядан немесе химиоиммунотерапиядан басталады. Бұдан кейін пациенттің жағдайын қайта бағалау жүргізіледі. Егер хирургиялық араласу кейінгі адъюванттық терапиямен бірге болжамды жақсартатын болса, операция туралы шешім қабылданады.

В.Макаров айтып өткендей, Ұлттық онкология орталығында ісікке қарсы жүйелі терапияның барлық заманауи түрі қолда­нылады. Дәрігерлер халықаралық конгрес­ке қатысып, тәжірибе алмасады. Дегенмен біздің елдегі емнің нәтижесі дамыған елдермен салыстырғанда кенже қалған деген пікірді В.Макаров бірнеше дәлелмен жоққа шығарып берді.

«Егер объективті статистикалық деректерге қарайтын болсақ, пациенттердің өмір сүру деңгейі мен көрсеткіштері көбінесе біздің республикалық көрсеткіштермен салыстырылады», дейді В. Макаров.

Жалпы, хирургиялық, дәрі-дәрмекпен емдеу деңгейі тұтастай алғанда салыстырмалы. Айырмашылықтар диагностика кезеңінде туындауы мүмкін. Мысалы, кейбір клиникаларда ісікті молекулярлық-генетикалық зерттеу тез жүргізіледі, бұл дербес емдеуді ерте бастауға мүмкіндік береді. Гистологиялық қорытындыны алған сәттен бастап, иммуногистохимияны қоса алғанда, толық молекулярлық-генетикалық талдау жүргізу, қажет болған жағдайда жаңа ұрпақты секвенирлеу (NGS) 14 күннен аспауға тиіс.

Елімізде NGS-диагностика енді ғана қолданысқа ене бастады. Клиникаларда цитопатоморфология, иммуногистохимия, трансляциялық онкология орталығы тиімді жұмыс істейді. Мұнда пациент тіндерінің үлгілері арқылы ісіктің түрі мен оның молекулярлық ерекшеліктері анықталады, барынша тиімді терапияны таңдауға мүмкіндік туады.

«Иммуногистохимиялық зерттеулер әдісі ісік жасушаларындағы спецификалық ақуыздарды анықтауға жағдай жасайды. Мамандар ісікте қандай молекулярлық маркерлер бар екенін анықтайды. Ұлттық орталық заманауи автоматты иммуногистохимия­лық жүйелермен, сандық микроскоп­тар­мен жабдықталған, бұл зерттеулерді жылдам, халықаралық стандарттар деңгейінде жүргізуге жол ашады», деп сөзін түйіндеді В.Макаров.

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Қор нарығында доллар арзандады

Қаржы • Бүгін, 09:28

Көктемгі дала жұмысы қарқын алды

Шаруашылық • Бүгін, 09:10

Қаладан ауылға бетбұрыс

Ауыл • Бүгін, 09:05

ЖИ агенттерінің жәрдемі

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Таңдайдан кетпес ұлт дәмі

Кәсіпкер • Бүгін, 08:58

Қолжетімді сапалы дерек

Digital • Бүгін, 08:55

Саладағы цифрлық серпін

Білім • Бүгін, 08:53

Логопед таппаған ата-ана, маманға зәру мектеп

Білім • Бүгін, 08:50

Пластик қалдығы пайдаға жарады

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Қалқанша безі түйіндерін емдеудің тың тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Жанға жайлы жатақхана

Аймақтар • Бүгін, 08:43

Шынайы өнер шеруі

Театр • Бүгін, 08:40

Терең тағылым

Руханият • Бүгін, 08:38

Шипа іздеп шетел асудың қажеті жоқ

Медицина • Бүгін, 08:35

«Наршаның сөзі – баршаның сөзі»

Руханият • Бүгін, 08:32

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью