Шолпан Каринова, Құрылтай депутаты, Әділет партиясы фракциясының мүшесі: Мемлекет басшысының ұстанымы халықтың әл ауқатын арттыру және әлеуметтік қолдаудың әділдігі

29.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Экономи­калық өсімнің нәти­жесі отбасының күнделікті тіршілі­гінен, азаматтардың табысынан, білім мен медициналық көмектің қолжетім­ділігінен көрінуге тиіс. Мен бүгінгі Жолдаудың әлеуметтік мазмұнын осы тұрғыдан қабылдадым.

Президенттің әлеуметтік бастамалары халықтың нақты қажеттіліктеріне бағыт­талған. Ең төменгі жалақыны арттыру, алғашқы медициналық көмекті күшейту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау және мұғалімнің кәсіби еңбегін қорғау өзара сабақтас міндеттер. Олардың барлығы адамның лайықты өмір сүруіне, еңбек етуіне және өз мүмкін­дігін жүзеге асыруына жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етпек. Әсіресе табысы төмен отбасылар үшін мұндай шешімнің маңызы зор. Осы шараны іске асыру барысында жалақы өсімінің азаматтардың нақты сатып алу қабілетіне әсерін де назарда ұстау қажет. Азық-түлік, тұрғын үй және күнделікті қызметтер бағасы өскен жағдайда қосылған табыстың отбасына беретін пайдасы төмендеп кетпеуі керек.

Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаң­ғыр­туға, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтуге және қаржылан­дыруды кезең-кезеңімен ұлғайтуға назар аударылды. Келер жылдың басынан учас­­келік қызмет мамандарының жала­қысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру тапсырылды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысына әсер етеді. Азамат ең алдымен емхана мен учаскелік қызметке жүгінеді. Сон­дықтан осы буындағы мамандарды қолдау аурудың алдын алу, дер кезінде анықтау және емдеу сапасын жақсарту міндетімен тікелей байланысты.

Жолдауда ұсынылған «Халықтық құрыл­ыс» бастамасы да әлеуметтік саясатқа жаңа мүмкіндік береді. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Инфра­құрылымдық жаңғыруды жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.

Алғашқы кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесін салу жоспарлануда. Перзент­ханалар, ауруханалар, жедел меди­циналық көмек станcалары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға лайықталған спорт­залдар қажет. Шығармашылық үйлері, кітапхана­лар, ғылыми орталықтар мен спорт кешендері де өңірлердің әлеу­меттік мүмкіндігін кеңейтеді. Тұрғын үй салу, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз ету, көлік пен ин­же­нерлік желілерді жаңғырту азаматтардың күнделікті өмір сапасына тікелей ықпал етеді.

Бұл жұмыста әр өңірдің нақты сұра­нысын дұ­рыс анықтау маңызды. Жаңа ғимараттың қа­жетті жерге салынуы, са­па­лы аяқталуы, ма­мандармен және жаб­дықпен қамтамасыз етілуі біртұтас міндет ретінде қарастырылуға тиіс. Мәселен, оңалту орталығы ашылғанымен, онда қажетті маман болмаса, отбасының мәселесі тол­ық шешілмейді. Ауылдағы бала мен қаладағы бала­ның әлеуметтік қызметке қолжетімділігі ара­сындағы ай­ыр­маны азайту жобаларды іріктеудің басты өлшемдерінің бірі болғаны жөн.

Педагог ретінде Жолдауда мұғалімнің абырой-беделін қорғауға және оның негізгі міндетіне кедергі келтіретін артық жұмысты қысқартуға берілген тапсырманы ерекше қолдаймын. Ұстаздың уақыты сабаққа дайындалуға, балаға білім беруге және тәрбие жұмысына арналуы керек. Қағаздағы есепті электрондық есеппен алмастырып қана қоймай, сұралатын ақпа­раттың қажетті­лігін қайта қарау қажет.

Жолдауда әлеу­меттік көмектің шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы керек екені айтылды. Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Мемлекеттік қолдау отбасы­ның қиын жағдайдан шығуына, баланың дамуына, еңбекке қабілетті азаматтың жұмысқа орналасуына көмектесуі керек. Осы мақсатқа жету үшін көмектің атаулы­лығы мен мұқтаждықты бағалаудың әділ­­дігі қатар қамтамасыз етілуге тиіс.

Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтауды да осы мақсатпен қарастырған жөн.  В санатына шамамен халықтың 43 пайызына жуығы жатқызылуы мүмкін. Мұндай ауқымды топтың тұрмыс деңгейі біркелкі болмайтыны түсінікті. Сондықтан санаттардың шекарасын, олардың ішкі айырма­шылықтарын және әр шешімнің отбасыларға әсерін қосымша талдау қажет. Бұл көрсеткіштерді түпкілікті нәтиже ретінде қабылдамай, нақты деректермен тексеру маңызды.

Ең алдымен, отбасының нақты табысы мен міндетті шығындары ескерілгені жөн. Бірдей жалақы алатын екі отбасының мүмкіндігі әртүрлі болуы ықтимал. Бірі өз үйінде тұрады, екіншісі пәтер жалдайды. Бірінде тұрақты емделуді немесе оңалтуды қажет ететін бала бар. Алимент, тұрғын үйді жалдау, дәрі-дәрмек, күтім және оңал­ту сияқты құжатпен расталған қажетті шығындар отбасының қолында қалатын қаражатқа тікелей әсер етеді. Мұқтаждықты бағалау осы айырма­шылықтарды көрсетуге тиіс.

Тағы бір маңызды бағыт – деректердің дұрыстығы. Бұл жерде азаматтардың өз жеке деректері үшін жауапкершілігін де айтуымыз керек.  «Отбасының цифрлық картасы» мемлекеттік көмекті уақытылы жеткізуге мүм­кіндік береді. Бірақ оның тиімділігі ақпа­раттың толықтығы мен өзектілігіне байланысты. Бұрын сатылған көлік, қате тіркелген, жаңар­тылмаған отбасы құрамы немесе өзекті емес өзге мәлімет азаматтың көмектен айырылуына себеп болмауы керек. Әр адам өзі үшін, отбасылы адам отбасы үшін жауапты екенін де азаматтарымыз дұрыс түсініп, тиісті шаралар қабылдауы маңызды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью