Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қысқы олимпиада ойындарының басталуына 29 күн қалды. Әзірге ел қоржынында 23 жолдама бар.
Қазір лицензия алып үлгерген спортшыларымыз соның ішінде шорт-трекшілер Астанада оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Иә, 25-ші қысқы олимпиада ойындарына аз уақыт қалды. Отандастарымыз 2018 жылдан бері бірде бір жүлде алмағаны белгілі. Десе де спорт саласының өкілдері Милан олимпиадасында 1 медаль аламыз деп үміттеніп отыр.
Қазақстандықтар қысқы олимпиада ойындарында дәл осы шорт-тректен медаль күтетіні сөзсіз. Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша сынды спортшыларымыз әлем чемионаттары мен әлем кубоктарында топ жарып, жүлдеге ілігіп жүр. Алайда олимпиада ойындарында қоржынымыз бос қайтатын.
Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың кеңесшісі:
- Абзал мен Денис осымен 4-ші олимпиадасына қатысады. Барлық үміт сол 2 спортшыда. Одан кейін микс эстафетада 2 әйел, 2 еркек жүгіру керек. Сол жағынан командамыз жаман емес. Сол 2 спринтер. Эстафетада спринтерлеріміз жақсы жүгіреді.
Иә, спринттік бәсеке яғни 500 метрлік қысқа қашықтықта жүлдеге ілігуіміз әбден мүмкін. Себебі бұл дистанцияда өздерін суда жүзген балықтай еркін сезінетін 2 дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша мен әлем кубоктарының жеңімпазы Абзал Әжіғалиев өнер көрсетеді. Абзал 2014 жылы Сочи олимпиадасында 5-орын алса, 2018 жылы Пхёнчханда 6, 2022 жылы Бейжің олимпиадасында 4-ші орынға табан тіреп, жүлдеге сәл ғана жетпей қалған еді.
Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың кеңесшісі:
- Олимпиадаға дайындық жақсы өтіп жатыр. Қазір спортшыларымыз қай елде дайындалып жатыр? Қазір осы Астанада. Қаңтардың 20-сына қарай Нидерландыға барады. Сол жерде құрамаға қатысып, Миланға кетеді. Шорт-трек жарысы 10 ақпанда басталады.
Спортшыларымыздың қоржынында әзірге 23 жолдама бар. Соның 9-ы шорт-трекшілерге тиесілі. Олар 500 метрлік сынға 4 лицензия, 1000 метрлік бәсекеде 2-еу, 1500 метр қашықтықта тағы 2-еу және 2 мың метрлік аралас сынға 1 жолдама жеңіп алды.
Мейрам Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
- Жалпы биылғы қысқы спорт түрлері бойынша олимпиада ойындарына 10 спорт түрінен қатысамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір 30-ға жуық спортшыда мүмкіндік бар. Жақында ғана шорт-тректен біріншілік аяқталды. Бірақ барлық рейтингтік турнирлардың қорытындысы қаңтар айының 20-сына қарай шығатын болады. Сол кезде нақты спортшылардың саны белгілі болады.
Биыл 25-ші қысқы олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан мен Кортина қалаларында өтеді. Оған шорт-трекшілерден бөлек конькимен жүгіру шеберлері 12, мәнерлеп сырғанаушыларымыз 2 жолдама алып үлгерді.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мұрат Әріпхан