Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ауыл тұрғындарының айтуынша, аулада тұрған қойларды қаңғыбас иттер қырып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жыларман болған ауыл тұрғындары түйткілді мәселені осыған дейін талай рет көтергендерін айтады.
– Бір түнде 17 бірдей қойдың қырылып қалуы ауылда бұрын-соңды болмаған жағдай. Балаларымыз үшін қорқамыз. Бүгін қойға шапса, ертең адамға шаппайтынына кім кепілдік бермек, – дейді ашынған ауыл тұрғындары.
Айта кетейік, өңірде мұндай жағдайлар бұған дейін де басқа аудандарда тіркелген. Бұған дейін ветеринария басқармасы қаражат тапшылығын және конкурстық рәсімдерді күту қажеттігін алға тартқан еді. Енді иттерді аулауды ұйымдастыру функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілген. Алайда бұл өзгеріс кейбір аудандық билік үшін күтпеген шешім болғанға ұқсайды.
Шортанды ауданы әкімінің орынбасары Болат Токішевтің мәліметінше, екі апта бұрын ауданға ит аулауға қатысты функциялар мен қаржы қаражаты берілген. Қазіргі уақытта қызмет көрсетушіні анықтау үшін конкурс рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Полиция аталған факт бойынша тергеу амалдары басталғанын айтты. Иттердің иелері анықталып, тиісті шешім қабылданбақ. Егер олардың нақты иелері табылса, заң аясында жауапкершілікке тарту мәселесі қаралмақ.
Бұл – соңғы уақытта тіркелген жалғыз оқиға емес. Бұған дейін де осындай жағдай Жақсы ауданы аумағында болып, бірнеше қойды бұралқы иттер жарып кеткен. Расында да, ауылдағы ағайынның алаңдаушылығы орынды. Қараусыз иттер мәселесі тек бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр. Ендігі үміт – жауапты органдар нақты әрі жедел шара қабылдап, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алады деген сенімде.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы