Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, өңір бойынша зиянды қосымшалар арқылы ақша ұрлау фактілері жиілеп кетті.
— Әуелі алаяқтар өздерін «Қазақтелеком» қызметкерлері ретінде таныстырады. Одан соң байланыс қызметіне жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталғанын хабарлайды немесе «ерекше» жеңілдіктер ұсынады. Бұған сендіргеннен кейін WhatsApp мессенджері арқылы «деректерді жаңарту» немесе «жеңілдікті іске қосу» үшін сілтеме жібереді, — делінген ақпаратта.
Сілтеме арқылы өткеннен кейін телефонға зиянды файл жүктеледі. Оны орнатқан сәттен бастап қылмыскерлер азаматтың банк қосымшалары мен жеке деректеріне толық қашықтықтан қол жеткізеді.
— Сол кезде телефон қатты қызып кетеді, экран бұғатталып немесе басқару командаларына жауап бермей қалуы мүмкін. Осындай жағдайға тап болсаңыз телефонды қуат батырмасын ұзақ басу арқылы өшіріңіз. SIM-картаны шығарып, интернетті өшіріңіз. Мүмкіндік болса, аккумуляторды алып тастаңыз. Басқа құрылғы арқылы банкпен шұғыл байланысып, барлық шоттар мен карталарды бұғаттап, 102 нөмірі бойынша полицияға хабар беріңіз, — делінген хабарламада.
Байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан мессенджерлер арқылы үшінші тарап қосымшаларын орнатуға арналған сілтемелер жібермейді.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда интернет-алаяқтық ісіне қатысты 10-нан астам адам ұсталғаны хабарланған.