Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңірде шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тарту фактілерінің жолын кесу мақсатында жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде жыл басынан бері тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген 183 шетелдік азамат жауапққа тартылды.
Кезекті заңбұзушылық фактісі жақында жүргізілген тексерулер барысында белгілі болды. Тәртіп сақшылары Өскемендегі құрылыс нысандарының бірінен уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек етіп жүрген көршілес мемлекеттің 22 азаматын анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Шетелдіктерге 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ олар 1-ден 3 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Көші-қон заңнамасын өрескел бұзғандарға қатысты сот шешімімен ел аумағынан шығару туралы қаулы қабылданды.
Заңсыз әрекетке жол берген жұмыс беруші де жауапсыз қалмады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында жылдың алғашқы үш айында 7700-ден астам азамат көші-қон заңын бұзғаны хабарланған.