Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бизнес өкілдеріне жүргізілген тексерудің заңды немесе заңсыз екенін қалай ажыратуға болатыны ШҚО-дағы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында талқыланды.
Кез келген тексеріс басталмас бұрын ол Тексерулерді есепке алу мен тіркеудің бірыңғай жүйесіне тіркелуі тиіс. Тексеру актісі QR-кодпен рәсімделеді, оның көмегімен кәсіпкер бақылаушы орган өкілдері әрекетінің заңдылығын бірден тексере алады. Егер тіркеу болмаса, мерзімдер сақталмаса немесе тексеру анонимді шағым негізінде басталса — мұның бәрі оны заңсыз деп тануға негіз болады.
Мәселен, 2025 жылы ШҚО бойынша барлығы 3 776 тексеру тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 73 пайызға көп. Алайда жеке бизнеске қатысты тексерулер саны 41 пайызға қысқарып, 2 111-ді құрады. Соған қарамастан, жүйелі заңбұзушылықтар да анықталды. 28 тексеру тіркеуден өткізілмей тоқтатылса, 138-і заңсыз деп танылған.
— Бизнес өкілдері бақылау қай жерде аяқталып, құқық бұзушылық қай жерде басталатынын нақты түсінуі тиіс. Тіркеусіз тексеру — бұл бақылау емес, қысым, — деді кеңес төрағасы Игорь Шацкий.
Мониторинг қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы 9 ұсыныс енгізіліп, 10 тәртіптік және 23 әкімшілік іс қозғалды. Жалпы саны 41 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте жарнама төлемін есептеу кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік тудырғаны хабарланған.