24.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Шығыс Қазақстанда 10-сынып оқушысы бөдене өсіріп, шағын кәсіпкерлікті бастады. 17 жастағы Кирилл Шерудило біліммен жеке ісін қоса алып көпке үлгі болып жүр.
Биологиялық бағыттағы талай республикалық сайыста топ жарған жасөспірім былтыр облыс әкімінің сертфикатына ие болды. Жиналған қаржылай қолдауға өз қаражатын қосып инкубатор сатып алған ол, бөдене өсіруге білек сыбана кірісіпті.
Кирилл Шерудило мектептен шыға сала кент шетіндегі шағын шаруашылығына асығады. Алыс болса да күндегі әдеті осы. Өйткені кішкене ғана тор ішінде тұрған мына бөденелерге екі уақыт жем шашып, тазалап, күтімін жасап үлгеру керек. Температураны қадағалап отыру да маңызды. Өйткені бұл құстар суыққа төзімсіз.
Кирилл: «Бұл жобаны бастауға құстар әлеміне деген қызығушылығым түрткі болды», - дейді. Көп ойланбастан, тұрқы кішкентай әрі күтімге жеңіл болған соң бөдене құсын өсіруді жөн көріпті. Енді осы арманын болашақта үлкен кәсіпке айналдырып, ірі ферма ашуды көздейді.
Кирилл Шерудило, мектеп оқушысы:
- Мені жан-жануарлар, әсіресе құстар әлемі қатты қызықтырады.Осы бағытта бірнеше сайысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Бөденелер туралы мәліметті жақсылап зерттеп алдым. Сондықтан қолыма тиген қаражатты босқа шашпай, іске жұмсауды жөн көрдім. Болашақта тек қана бөдене емес, тауық, қаз өсіретін үлкен ферма ашқым келеді.
Жеткіншек жұмыртқа сатудан түскен қаражатын жем мен керекті жабдықтар алуға жұмсайды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл жерде отыздан астам бөдене тұр. Егер бабы жақсы болса, жұмыртқаны да жақсы береді. Жұмыртқа демекші бұл шұбар жұмыртқаның пайдасы ғылыми түрде дәлелденіп те қойған. Асқазан,өкпе, тыныс алу жолдары ауруларына таптырмас ем. Сондықтан тапсырыс берушілер қатары да көп.
Кириллдің еңбекқорлығы мен болашаққа деген сенімі замандастарына да түрті болды. Қазір мектепте «Орнитологтар клубына» мүше болғысы келетіндер көп. Өйткені дәл осы ұйым балалардың талпынысына қолдау көрсетіп келеді.
Ирина Байғонысова, орнитологтар клубының жетекшісі:
- Қазақстандағы жануарлар әлемінің әр түрлілігін сақтаумен айналысатын ұйымдармен бірлесе жұмыс істесек жақсы болар еді. Клубқа мүше болып жатқан оқушылар көп. Келешекте жергілікті және шет елдік танымал орнитологтармен тәжірибе алмасып көрсек деп армандаймыз.
Кирилл Шерудило болса болашақта медициналық салада жоғары білім алғысы келеді. Алайда «Құс өсіру туралы арманыма адалмын, орта жолда тастамаймын», -дейді ол.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Дмитрий Пыхтин