Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде тіркелген өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында болған.
- Қызыл жалын шығуының негізгі себептері - электр жабдықтарын және пешпен жылыту жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өрт салдарынан 11 адам қаза болды, оның үшеуі - балалар. Қайғылы оқиғалардың барлығында балалар ересектердің қарауынсыз қалған, - делінген ақпаратта.
Басқа өңірлерде болған резонансты оқиғалар - Щучинск қаласындағы дәмханада газ-ауа қоспасының жарылуы және Семейдегі ойын-сауық орталығындағы өртке байланысты Шығыс Қазақстанда адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік талаптары күшейтіліп жатыр.
- Әсіресе көпбалалы отбасылар, қарттар мен әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге ерекше назар аударылып келеді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрмыстық газ баллондарын және газ жабдықтарын пайдалану барысын қатаң бақылауға алды. Ал білім басқармасы ата-аналар арасында балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, мектептерде қауіпсіздік сабақтары мен эвакуациялық жаттығулар ұйымдастырады, - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Сонымен қатар кәсіпкерлер мен адамдар көп жиналатын нысандардың иелерімен өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл әсіресе Ораза айт пен Наурыз мейрамы қарсаңында өзекті болып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі өндірістік ангар өртенгені хабарланған.