Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Облыстағы ең суық жер
Марқакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, 18 қаңтар күні таңертең Шанағатты ауылында ауа температурасы -56 градусқа дейін төмендеген. Бұл елді мекендегі ең суық тарихи көрсеткіш 1969 жылы тіркеліп, -62 градусқа жеткен еді.
Мұндай климаттық жағдай ауылдың географиялық орналасуына да байланысты. Шанағатты шағын ойпатта орын тепкен. Қазіргі таңда осында шамамен 60 адам тұрады. Азынаған аязға қарамастан медициналық пункт, дүкен өз жұмысын жалғастырып келеді.
Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешевтің айтуынша, жергілікті тұрғындардың еті қатал қысқа әбден үйренген.
— Бұл облыстағы ең алыс әрі суық елді мекендердің бірі. Мұндағы тұрғындар осындай жағдайда ұзақ жыл бойы өмір сүріп келеді, аязбен күресуді жақсы меңгерген. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, десе де ахуал тұрақты бақылауда, — деді аудан басшысы.
Осындай жағдай Алтай ауданында да байқалып отыр. Парыгино ауылында ауа температурасы -53 градусқа дейін төмендеген. Аудан әкімі Ренат Курмамбаев елді мекеннің суыққа алдын ала дайындалғанын айтты.
— Әлеуметтік және коммуналдық нысандар тұрақты жұмыс істеп тұр, апаттық ажыратулар жоқ. Барлық қызмет қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жағдай толық бақылауда, — деді ол.
Синоптиктер болжамы мен мамандардың ескертулері
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, түнгі уақытта облыс аумағында ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Кейбір аудандарда тұман күтіледі. Өскемен қаласында да осыған ұқсас ауа райы болжанып отыр.
Осыған байланысты тұрғындарға елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеу және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылады.
Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, мұндай кезде үйлер мен пәтерлерде электр жылытқыштар мен пештерде жүктеме артады. Сондықтан олардың жұмысына назар аудару керек.
— Пешті үнемі қыздырмаңыз, шамадан тыс қызып кетпес үшін үзіліс жасау қажет. Балаларға пеш жағуды сеніп тапсыруға болмайды. Жылытқышты желіге қоспас бұрын сым мен штепсельді тексеру керек. Оның үстіне заттарды кептіруге тыйым салынады, — дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінен тұрғындардың пәтерлері салқын болып қалмайтынын мәлім етті. Аймақтағы барлық жылу электр орталықтары күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, ал пәтерлер мен үйлердегі жылу тұрақты түрде қамтамасыз етілуде.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанның Шанағатты ауылында аяз -56 градусқа дейін жеткені хабарланған.