Шұрық тесік жол: Өскемендегі Ертіс көпірінің қашан жөнделетіні белгілі болды

08.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Көлік жүргізушілерінің айтуынша, Ертіс көпіріндегі қозғалыс күн өткен сайын қиындап әрі қауіпті болып барады. Көпірдегі асфальттың әбден тозғаны соншалық жүргізушілер көлік тежеуішін қайта-қайта басуға, жолақ ауыстыруға, тіпті тығыз көлік ағынында ой-шұңқырлардың арасымен «ирелеңдеп» жүруге мәжбүр.

— Ол жердің шұңқырының ішінде шұңқыр бар. Жолды білмесең, көліктің астына зақып келтіру қас-қағымда, — дейді жүргізуші Ержан Әбітаев.

Жағдайды уақытша болса да жеңілдету үшін коммуналдық қызметтер суық мезгілде де шұңқырларды жамауға мәжбүр болған. Кейбір учаскелерде ойықтар қолда бар материалдармен, тіпті кірпішпен толтырылған.

Алайда жүргізушілер мұндай шаралар қауіпті аздап төмендеткенімен, мәселені түбегейлі шешпейтінін айтады.

Көпір қашан толық жөнделетіні туралы қала әкімі Алмат Ақышов мәлім етті.

Оның айтуынша, жол жабынына күрделі жөндеу жұмыстарын мамыр айының соңында, яғни мектеп оқушылары каникулға шығып, көлік ағыны азайған кезде бастау жоспарланып отыр.

— Биыл көпірді міндетті түрде күрделі жөндеуден өткізу керек. Кептелісті азайту үшін қозғалысты дұрыс ұйымдастыру қажет. Мүмкін, полицияның қатысуымен реверсивті қозғалыс енгізерміз: күндіз бір бағытқа көбірек жолақ қойып, кешке керісінше дегендей, — деді қала әкімі.

Жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал күрделі жөндеу басталғанға дейін жауапты қызметтерге жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұңқырларды жамау жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде Ертіс көпірі астындағы жаңа жол тұрғындар арасында дау тудырғаны хабарланған

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью