Швейцария курортындағы өрт: өтемақы талаптары миллиард еуроға жетуі мүмкін

05.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Қайғылы оқиға Жаңа жыл қарсаңында орын алып, салдарынан 41 адам қаза тауып, тағы 115 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Қазірдің өзінде зардап шеккендердің бірі – бір отбасы 56 миллион швейцариялық франк (шамамен 61 миллион еуро) көлемінде өтемақы талап еткен.

Blick басылымының мәліметінше, 25 жастағы Жиль мен оның 18 жастағы қарындасы Фабьен оқиға кезінде даяшылардың үстелдерге жанған бенгаль отшашуларымен бірге шампан алып келгенін көрген. Дәл осы отшашулар төбеге тиіп, өрттің шығуына себеп болған.

Фабьен алғашқы болып қауіпті байқаған. Ол бірнеше рет «Өрт!» деп айқайлаған. Алайда сол сәтте от тез таралып, адамдар жаппай шығаберіс жаққа ұмтылған. Жиль қарындасын жалын астынан итеріп шығарып үлгергенімен, өзі ауыр күйік алған.

Фабьен бірнеше операцияны бастан өткеріп, оқуын қайта жалғастыруға мәжбүр болған. Ол психологиялық жарақат салдарынан қалыпты өмірге оралуда қиындық көріп отырғанын айтқан. Ал Жиль денесінің 30%-ын күйік шалып, комаға түскен. Қазір ол еңбекке жарамсыз және ұзақ мерзімді оңалтуды қажет етеді.

Зардап шеккен бауырлар әрқайсысы 25 миллион франк өтемақы талап етуде. Олардың ата-анасы да моральдық зиян үшін әрқайсысы 2,5 миллион франктан, ал тағы бір туысы 1 миллион франк сұраған. Талаптардың негізі – психологиялық зардап пен еңбекке қабілеттіліктің жоғалуы.

Тергеу деректеріне сәйкес, жауапты тұлғалар қатарында бар иелері Жак пен Джессика Моретти, сондай-ақ Кран-Монтана қауымдастығының басшысы Николя Феро және бірқатар жергілікті шенеунік бар.

Жәбірленушілердің адвокаты Себастьен Фанти бұл істі тек ұлттық деңгейде емес, халықаралық деңгейде де қарауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар сотқа дейінгі келісімге келуі де мүмкін.

Сарапшылардың бағалауынша, басқа зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстары да талап-арыз берсе, жалпы өтемақы көлемі 1 миллиард франктан асуы ықтимал. Мемлекеттік және әкімшілік құқық профессоры Феликс Ульманның айтуынша, муниципалитетке қарсы талап қоюдың заңдық негізі бар.

– Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – жергілікті биліктің негізгі міндеттерінің бірі, – деді ол SRF арнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, бұған дейін Вале кантоны прокуратурасы Кран-Монтана әкімі мен тағы төрт шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғағаны хабарланған.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью