“Шыдау керек деп ойладым“. Қазақстанда тұрмыстық зорлық зомбылық құрбандары қайда жүгіне алады?

14.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер туралы жаңалықтар жиі шығып тұрады. Көбісі барар жері, басар тауы болмағандықтан, мұндай жағдайға жылдап төзіп келеді. Бірақ шығар жол бар. Қазақстанның әр қаласында дерлік әйелдер мен балаларына уақытша баспана, мамандар көмегі мен қажетті қолдау көрсететін әлеуметтік қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

Алматыда тілшілер «Жан-Сая» мемлекеттік дағдарыс орталығында болды, оның мекенжайы зардап шеккендердің қауіпсіздігі үшін құпия сақталады; мұнда 11 әйел мен олардың балалары (барлығы 32 адам) тұрады. Орталық 6 айға дейін баспана және 8 түрлі қызмет түрін ұсынады: әлеуметтік-тұрмыстық, педагогикалық (бала күтімі, аналарды оқыту), құқықтық (алимент, ажырасу), еңбек (жұмысқа орналасу, қолөнер), мәдени, экономикалық (жәрдемақы рәсімдеу), медициналық (дәрігерге жазылу), психологиялық. Инфрақұрылымы: тәулік бойы жұмыс істейтін медпункт, ойын аймақтары, ортақ жатын бөлмелер (2–3 ана балаларымен), күніне бес мезгіл тамақтану, психолог кабинеті; балалар балабақшаға/мектепке барады, аналар — жұмысқа, оқуға, құжаттарын қалпына келтіруге. Психологиялық көмек өте маңызды: әйелдердің шамамен 30%-ы серіктестеріне қайтып оралады, олардың 12%-ы — қайтадан келеді; кейбір жұптар арнайы бағдарламалар бойынша ер адамның агрессиясымен жұмыс істейді, бірақ ерлердің қатысуы шектеулі. Кейстер: төрт баласы бар София түнде «Жан-Саяға» қоңырау шалу арқылы пана тапты; Әсел енесінен жәбір көріп, арыз түсірді, ажырасып жатыр, қолдау мен жұмыс тапты; қауіпсіздік мақсатында есімдері өзгертілген. Қалай жүгінуге болады: мемлекеттік дағдарыс орталықтары ҚР әрбір облыс орталығында бар, тіркеуіне және азаматтығына қарамастан қабылдайды; бағыттардың ~70%-ы полиция арқылы. Құжаттардың болмауы көмектен бас тартуға негіз болмайды. «Жан Сая» байланыстары (Алматы): Instagram — crisis_center_almaty; сайт — www.uki.kz; Telegram — Сrisis_Сenter_Аlmaty; телефондар — 8 (771) 450 3 450; 2432221. Полицияға жүгіну: 102, Police 102 қосымшасы, eGov.kz/банк қосымшалары, жеке ПБ-не бару.

Мұндай орталыққа қалай түсуге болады, кімдер көмекке жүгіне алады, онда қанша уақыт тұруға рұқсат және әйелдер мен балаларға қандай жағдай жасалған - Tengrinews.kz материалынан оқыңыз. 

Төрт баламен түнде далада қалды 

Алматы тұрғыны София ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген, бірақ тығырықтан шығар жол таппаған соң бәріне төзуге мәжбүр болған.

Төрт баланың анасы София үйден жұмыс істегенімен, тапқан табысы бөлек шығып, күн көруге жетпегендіктен, күйеуіне қаржылай тәуелді болды. Күйеуі оған көп жыл бойы физикалық және психологиялық қысым көрсеткен, алайда балалармен жалғыз қалып, қиындықтарды еңсере алмаймын деген қорқыныш оның біржола кетіп қалуына кедергі болған.

"Анда-санда туыстарыма кетіп, соларды паналап жүрдім, бірақ олардың үйінде тұрақты тұру мүмкін емес еді. Сондықтан күйеуімнің "түзелемін" деген кезекті уәделеріне сеніп, үйге қайтып келетінмін. Бірақ көп ұзамай бәрі қайтадан басталатын", - дейді әйел.

Бір күні София төрт баласымен түн ортасында далада қалды. Ол кезде кенжесі небәрі бір жаста болатын. Әйелдің ақшасы да, барар жері де болмаған.

"Интернеттен іздеп отырып, Алматыдағы "Жан-Сая" дағдарыс орталығының нөмірін тауып алдым. Телефон соғып едім, мені бірден қабылдады", - деп еске алады ол.

Пана мен қауіпсіздік

Тілшілеріміз қиын жағдайға тап болған әйелдердің тыныс-тіршілігімен танысу үшін осы мемлекеттік дағдарыс орталығына баруды жөн көрді.

Материалды дайындау кезінде бізге орталықтың мекенжайы берілді, бірақ бұл ақпарат құпия екені ескертілді. Мұндай ұйымдардың орналасқан жері әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі үшін жасырын ұсталады.

"Кейбір агрессорлар серіктестері үйден кетіп қалса да, оларды қайтаруға тырысып немесе қысым көрсету үшін іздеуін тоқтатпайды. Сондықтан мекенжайды құпия сақтау - зардап шеккендерді ғана емес, орталықтағы барлық адамды қорғаудың маңызды шарасы", - деп түсіндірді "Жан-Сая" орталығы директорының орынбасары Татьяна Мидо.

Әлеуметтік орталық биік қоршаумен қоршалған жекежайда орналасқан. Кезінде бұл үй сыған баронының отбасына тиесілі болған екен. Бүгінде ол пана іздеген жандардың баспанасына айналған.

Фото: Тengrinews.kz

Қазір орталықта 32 адам - 11 әйел мен олардың балалары тұрып жатыр. Біз барған кезде олардың көбі үйде болмады. Холлда тәрбиешінің қарауында ойнап жүрген кішкентай балаларды ғана көрдік.

Фото: Тengrinews.kz

Татьяна Мидо бізге орталықты аралатып қана қоймай, мұндағы күнделікті тұрмыс-тіршілік қалай ұйымдастырылғанын айтып берді.

Фото: Тengrinews.kz

Үйдің бірінші қабатында балаларға арналған ойын алаңы бар үлкен холл және тәулік бойы медбике кезекшілік ететін медициналық пункт орналасқан.

"Біздегі медицина қызметкері екпе салмайды және ем тағайындамайды, бірақ дәрігердің нұсқауларын орындауды қадағалай алады. Егер күрделі медициналық көмек немесе бейінді маманның кеңесі қажет болса, үйге дәрігер шақыртамыз. Ол ересектерді де, балаларды да тексереді. Орталыққа денесі көгеріп, күтімді қажет ететін әйелдер де келеді. Бірде бізге денесіне жеті жерден пышақ салынған әйел түсті. Ауруханада ота жасалып, бізге келген соң, біздің медбике оның оңалуына көмектесті", - дейді орталық директорының орынбасары.

Бірінші және екінші қабаттарда тұрғындарға арналған бөлмелер орналасқан.

Фото: Тengrinews.kz

Татьяна Мидоның айтуынша, әр жатын бөлмеде балаларымен 2-3 ана тұрады.

"Кейде ренжісіп те қалады, әркімнің мінезі әртүрлі ғой. Бірақ көбіне бір-біріне демеу болып, көмектеседі", - дейді Татьяна.

Фото: Тengrinews.kz

Бос бөлмелерді аралап жүріп: "Бәрі қайда?" деген заңды сұрақ қойдық.

"Әркім әр жерде, - деп түсіндірді директордың орынбасары. - Балалардың бірі мектепте, бірі балабақшада. Аналары өз шаруаларымен кеткен: бірі жұмыста, бірі құжаттарын қалпына келтіруге кетсе, енді бірі оқуда".

Татьяна Мидоның айтуынша, орталықта ортақ күн тәртібі орнатылған: барлық тұрғынға ұйқыдан тұру, тамақтану және ұйықтау уақыты бірдей. Бұл режим бәріне бірдей ұнай бермейді, бірақ үйренуге тура келеді, дейді ол. 

Бірінші қабатты аралап болған соң, жертөледегі қабатқа түстік. Мұнда конференция залы, психолог кабинеті, ас үй және асхана жабдықталған.

Фото: Тengrinews.kz

"Бізде тамақ бес уақыт беріледі, үйлестірілген. Мәзір күн сайын өзгереді", - дейді Татьяна.

Бүгінгі тамақ мәзірі асхананың қабырғасында ілулі тұр.

Фото: Тengrinews.kz

Орталықтағы тұрмыс-тіршілікті таныстырған Татьяна басты мәселеге көшті: баспана мен тамақ – мұндағы әйелдерге көрсетілетін көмектің бір бөлігі ғана. Орталықтың мақсаты әлдеқайда ауқымды: бастан өткерген зорлық-зомбылықтан кейін оңалтуға, өз бетінше күн көруге бейімдеуге және панажайдан тыс өмірге дайындауға көмектесу.

Орталық қандай көмек көрсетеді?

Татьяна Мидоның айтуынша, орталықта қызметтің 8 түрі көрсетіледі:

Татьяна Мидо. Фото: Тengrinews.kz

1. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер

Әйелдер 6 айға дейінгі мерзімге тегін қауіпсіз баспанамен, бірінші кезекте қажет заттармен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі.

2. Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер

Бұған аналары жанында болмаған кезде балалармен айналысатын педагогтердің көмегі кіреді. Әйелдердің өздері оқып, мамандық алады. Олар: сұлулық индустриясы, тігін курстары, аспаздық, ал егер орта медициналық білімі болса – массаж жасауды үйренеді.

3. Әлеуметтік-құқықтық қызметтер

Орталықта барлық құқықтық мәселені шешуге көмектесетін заңгерлер бар: сотқа арыз жазу, алимент өндіру, ажырасуға өтініш беру және тағы басқалар.

4. Әлеуметтік-еңбек қызметтері

Бұл қызметтерді әйелдердің жұмысқа орналасуына көмектесетін және қолөнерге баулитын арнайы терапевтер көрсетеді. "Жақында біздің қыздар лентаны өруді үйреніп, шашбау жасап, оларды әлеуметтік желі арқылы сатты. Бұл да олар үшін табыс көзі", - дейді Татьяна.

5. Әлеуметтік-мәдени қызметтер

Орталықта бос уақытты ұйымдастыратын қызметкер бар. Орталықты паналаушылар мұражайларға, кинотеатрларға, хайуанаттар бағына, театрлар мен саябақтарға барады.

6. Әлеуметтік-экономикалық қызметтер

Орталыққа балаларына жәрдемақы алмайтын аналар жиі келеді немесе, мысалы, бұл жәрдемақылар күйеуінің атына рәсімделіп, ол барлық ақшаны өзі иемденіп алады. Қызметкерлер құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.

7. Әлеуметтік-медициналық қызметтер

Бұған емханаға, соның ішінде бейінді мамандарға жазылу кіреді.

8. Әлеуметтік-психологиялық қызметтер

Әйелдермен және балалармен міндетті түрде психолог жұмыс істейді. Тығырықтан шығу жолы

Психологиялық көмек – дағдарыс орталығы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Ол әйелдерге қорқынышты жеңуге, өз күшіне сенуге және жылдар бойы зорлық-зомбылыққа төзіп келген қарым-қатынасты үзуге көмектеседі. Өйткені қауіпсіз жерге келгеннің өзінде, әрбір әйел бірден жаңа өмір бастауға дайын бола бермейді: көбін "жалғыз өзімнің шамам жетпейді" деген сенім тежеп тұрады.

Татьяна Мидоның айтуынша, орталықта тұрған әйелдердің шамамен 30 пайызы күйеулеріне қайтып барады, ал олардың 12 пайызы дағдарыс орталығына көмек сұрап қайта келеді.

Оның сөзін орталық психологы Маржан Ізтілеуова растап отыр.

"Мұндай әйелдермен жұмыс істеудегі ең қиыны – бәрі бірдей деструктивті қарым-қатынастан шығуға дайын емес. Оларда жалғыз қалсам күнімді көре алмаймын деген үлкен қорқыныш бар. Ең қиыны – осы ұстаныммен жұмыс істеу", - дейді орталық психологы Маржан Ізтілеуова.

Маманның айтуынша, кейбір әйелдер серігіне қайтып оралып, қарым-қатынасты реттеуге тырысқысы келеді. Мұндай жағдайда психологтар ер адамның агрессивті мінез-құлықпен жұмыс істеу бағдарламасынан өтуін ұсынады.

"Егер ер адам мұндай бағдарламадан өтуге келіссе, содан кейін барып біз жұппен жұмыс істейміз. Кейбір қарым-қатынастарды сақтап қалу мүмкін болады және олар расында жақсы жаққа өзгереді. Бірақ, өкінішке қарай, ер адамдардың бәрі бірдей мұндай жұмысқа дайын емес", - дейді психолог.

Бұл ретте зорлық-зомбылық әрдайым күйеуінен бола бермейді. Кейде әйел отбасының басқа мүшелері тарапынан қысым көреді, ал күйеуі оны қорғаудың орнына, өзі де психологиялық қысым көрсетеді. Мұндай жағдайларда серігімен жұмыс істеу мәселені толық шешпейді.

Орталықтың тағы бір паналаушысы Әсел дәл осындай жағдайға тап болған. Ол енесі тарапынан физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаннан кейін дағдарыс орталығына жүгінген.

Енесі ұрып, күйеуі араша түспейтін

Әсел кетуге ұзақ уақыт қорыққанын айтады. Кіші баласы небәрі бір жаста, үлкені үш жаста болғандықтан, әйел тағы біраз уақыт шыдап бағуға тырысқан.

"Мені күйеуім емес, енем ұратын. Бұған төзе алмадым, ал күйеуім мені қорғамады. Кейін оның бұған дейін де үйленгенін және бірінші әйелімен де анасының кесірінен ажырасқанын білдім", - дейді ол.

Әселдің төркініне қайтып баруға мүмкіндігі болмаған: анасы алыста, ағасымен және оның бес баласымен бірге тұрады. Әсел мен оның екі баласына ол жақта орын жоқ еді.

"Кетуге қатты қорықтым. Кіші балам үш жасқа толғанша шыдай тұрамын деп ойладым. Бірақ отбасындағы жағдай төзгісіз болып кетті", - деп еске алады әйел.

Ақыры Әсел полицияға жүгініп, енесінің үстінен арыз жазды. Басында ол жазалатуға ниетті болғанымен, кейін оны кешіріп, өз өміріне назар аударуды жөн көрді. Әселдің айтуынша, енесіне ескерту жасалған. Ал Әселдің өзі қазір күйеуімен ажырасып жатыр.

"Ол бәрін ұрады. Менен бөлек тағы бес келіні бар, бәріне қол көтереді. Мұны өзі мақтанышпен айтып отырады. Басқалары шыдап жүр, ал мен үндемей қалғым келмеді. Мен мұндай қарым-қатынасқа үйренбегенмін", - дейді Әсел.

Ұзақ шыдаған сайын, одан шығу қиындай түседі

Маман зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерінен кейін көмекке жүгінетін әйелдермен жұмыс істеу жылдар бойы төзіп келгендерге қарағанда оңайырақ екенін атап өтті. Бұл ретте көптеген әйел басынан өткеріп жатқан жағдайдың зорлық-зомбылық екенін мүлдем түсінбейді.

"Көбісі зорлық-зомбылықты тек соққы деп ойлайды. Бірақ балағат сөздер, қаржылай шектеу немесе әйел қаламаған кезде не өзін нашар сезінгенде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу де - зорлық-зомбылық. Әйелдерге бұл қалыпты жағдай емес және бұлай болмауы керек екенін түсіндіру үшін кейде уақыт қажет", - деп атап өтті Маржан Ізтілеуова.

Психологтың айтуынша, дағдарыс орталықтарына көмекке жүгінген 30 әйелдің шамамен 20-сы қарым-қатынасты тоқтатып, табыс тауып, өз өмірін дербес құруға қол жеткізеді.

"Ол үшін әйелге уақытша баспана беріп қана қоймай, оның өз күшіне сенуіне көмектесу, бастан кешкендерін саралап, болашаққа деген нақты мүмкіндіктерді көрсету маңызды. Зорлық-зомбылықсыз өмірге барар жол көбіне осыдан басталады", - дейді маман.

Балалар да көмекке мұқтаж

Орталық психологы әйелдермен қатар олардың балаларымен де белсенді жұмыс істейді. Маманның айтуынша, олар көбінесе аналарына қарағанда психологиялық тұрғыдан көбірек соққы алады.

"Көптеген әйел балаларының әкесі болсын деп отбасын сақтап қалуға тырысады. Біз оларға ажырасу ата-анасының бірінен айырылу дегенді білдірмейтінін түсіндіреміз. Бала анасымен де, әкесімен де араласуын жалғастыра алады, бірақ бұдан былай зорлық-зомбылықты көрмейді", - дейді Маржан Ізтілеуова.

Оның айтуынша, балалар отбасындағы жағдайды әртүрлі қабылдайды. Кішкентай баланың өзі ата-анасы ұрысқан кезде қорқынышты сезеді, ал зорлық-зомбылықты ұзақ көрсе, оның психикасына кері әсері ауыр болуы мүмкін.

"Анасы кету немесе қалмау туралы шешім қабылдағанша, баланың психикасы зардап шеге береді. Бала есейген сайын онымен жұмыс істеу қиындай түседі", - дейді психолог.

Сондықтан Маржан Ізтілеуова нашар қарым-қатынасқа төзбеуге, жағдай өздігінен өзгереді немесе агрессор бір күні зорлық-зомбылықты тоқтатады деп үміттенбеуге кеңес береді.

"Жағдай шыдас бермейтін шекке жеткенше күтпей, мүмкіндігінше ертерек көмекке жүгіну маңызды. Әйел қарым-қатынасты біржола үзуге әлі дайын болмаса да, психологпен немесе дағдарыс орталығының мамандарымен сөйлесу оған болып жатқан жағдайды түсінуге және алдында қандай таңдау бар екенін ұғынуға көмектеседі", - дейді ол.

Дағдарыс орталықтарына қалай түсуге болады?

Дағдарыс орталығына көмек сұрап өз бетінше жүгінуге болады. Мидо мемлекеттік дағдарыс орталықтары еліміздің әрбір облыс орталығында бар екенін және олар тіркелген жеріне қарамастан көмекке мұқтаж жандарды қабылдайтынын атап өтті.

"Бізде аумақтық немесе азаматтық бойынша шектеу жоқ - Қазақстан азаматтарын да, басқа елдердің азаматтарын да қабылдаймыз. Мысалы, Шымкенттен Алматыға қашып келетін әйелдер болады. Біз оған: "Сіздерде де тамаша дағдарыс орталығы бар ғой" десек, ол: "Күйеуім соңымнан қалмайды деп қорқамын, сондықтан осында келдім" деп жауап береді", - дейді Татьяна.

"Жан Сая" дағдарыс орталығы

Instagram: crisis_center_almaty

AAIFF : www.uki.kz

Telegram: Сrisis_Сenter_Аlmaty

Байланыс нөмірлері: 8 (771) 450 3 450; 2432221

Сондай-ақ елімізде: "Ана үйі", "Мақсат" қоғамдық қоры, Korgau, "Арғымақ" сияқты басқа да ұйымдар жұмыс істейді.

Дағдарыс орталықтарына орналастыруға полиция да көмектеседі. Мидоның айтуынша, дағдарыс орталығына жүгінгендердің шамамен 70 пайызы құқық қорғау органдары арқылы келген.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама түскен кезде қызметкерлер оқиғаның мән-жайын анықтап, зардап шегушіге төнген қауіпті бағалайды. Егер өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, әйел мен оның балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданады, қажет болған жағдайда медициналық көмек ұйымдастырылады", - деп хабарлады ІІМ.

Егер әйел үйіне қайту қауіпті деп санаса, полиция оның дағдарыс орталығына, Отбасын қолдау орталығына немесе қажетті көмек көрсететін басқа ұйымға жүгінуіне ықпал етеді.  

"Ішкі істер органдары қолайлы орналастыру нұсқасын табу үшін мұндай мекемелермен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды", - деп атап өтті министрлік өкілдері.

Бұл ретте нақты орталық әйелдің орналасқан жері, бос орындардың болуы, қабылдау шарттары және басқа да жағдайлар ескеріле отырып таңдалады.

"Полиция орындарды өз бетінше бөліп бермейді: орналастыру туралы шешімді тиісті ұйым қабылдайды. Қажет болған жағдайда қызметкерлер сол ұйыммен байланысуға және қауіпсіз баруды ұйымдастыруға көмектеседі. Балалармен бірге орналасу мүмкіндігі орталықтың жағдайына байланысты", - деп нақтылады ІІМ.

Сондай-ақ министрлік құжаттардың болмауы зорлық-зомбылық туралы хабарламаны қабылдаудан немесе қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алғашқы шараларды қабылдаудан бас тартуға негіз болмайтынын атап өтті. Құжаты жоқ әйелді орналастыру мәселесін қабылдаушы ұйым нақты мән-жай мен өз талаптарын ескере отырып, тікелей шешеді.

Полицияға бірнеше тәсілмен жүгінуге болады: 102 нөмірі арқылы. Зорлық-зомбылық және шұғыл араласуды қажет ететін жағдайлар туралы хабарлауға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс арнасы. Police 102 қосымшасы арқылы. Ол хабарлама жіберуге, аудио және бейнеқоңыраулар жасауға, сондай-ақ сурет және бейнематериалдарды жолдауға мүмкіндік береді.
eGov.kz порталындағы "Заң және Тәртіп" бөлімі және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы (егер оларда тиісті сервис қолжетімді болса).
Жақын маңдағы полиция бөліміне бару арқылы. Қызметкерлер өтінішті белгіленген тәртіппен қабылдауға және тіркеуге міндетті.

ІІМ әйелдерді қорғау шаралары олардың жеке өтінішінен кейін ғана қабылданбайтынын атап өтті. Полиция тікелей анықталған зорлық-зомбылық фактілеріне, қауіп-қатерге және басқа да көздерден (туыстары, көршілері, әлеуметтік желілер) түскен ақпаратқа да ден қояды.

Кейінгі өмір

Материал соңында кейіпкерлеріміз - Әсел мен Софияға қайта оралғымыз келеді. Әйелдердің орталықта жүргеніне бірнеше ай болды.

Бүгінде олардың екеуі де болашаққа басқаша қарайды. Оларға әлі де біраз мәсені шешу керек, бірақ қазір, әйелдердің айтуынша, алға ұмтылуға итермелейтін жоспарлары бар.

Әселдің үлкен баласы балабақшаға барады, өзі жұмысқа орналасты. Әйел психологпен бірнеше сеанстан кейін әрбір сыбдырдан сескенуді және үнемі жанжал күтуді қойғанын, өз күшіне сене бастағанын айтады.

"Күйеуімнің үйінде болғанда үнемі қорқып, біреу тағы ренжітетіндей мазам қашып жүретінмін. Мұнда психологпен жұмыс істегеннен кейін қорқыныш сейілді. Жаным мен ойым ретке келгендей болды", - дейді Әсел.

София да зорлық-зомбылықсыз жаңа өмірге біртіндеп үйреніп, мамандығы бойынша қашықтан жұмыс іздеп жүр: оның жоғары заңгерлік білімі бар. Жоспарында - пәтер жалдап, балаларын өз бетінше тәрбиелеу.

Енді қос әйел тек кезекті күнді қалай өткізуді емес, болашақ туралы айтады. Өткенге көз жүгірте отырып, олар: егер дағдарыс орталықтарының бар екенін ертерек білгенде, бәлкім, өмірлеріндегі жағдай шегіне жетпей тұрып көмек сұрар едік деп ағынан жарылды.

"Бәрі шегіне жеткенше күтудің қажеті жоқ және жалғыз күресудің де керегі жоқ. Өмірді қалай жаңадан бастауды, баспананы қайдан табуды және балаларды қалай асырауды бірден білу міндетті емес. Ең бастысы - алғашқы қадамды жасау, көмек сұраудан қорықпау керек", - деп кеңес береді әйелдер.

Қауіпсіздік мақсатында редакция мақала кейіпкерлерінің есімін өзгертті. 

Тағы оқыңыз: Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес нәтиже берді ме?

Дайындаған Айнұр Қапышова

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью