Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Бұл өзгерістер қоғамның демократиялық дамуына ғана емес, елдегі өнер мен мәдениет саласының еркін тыныстауына да тікелей әсер етпек, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Конституция жобасындағы 23-баптың 1-тармағында сөз еркіндігімен қатар ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні көрсетілген. Бұл норма – демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі.
Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Мади Шойынбекұлы Тайпиннің айтуынша, бұл қағидалар бұрыннан бар болғанымен, оларды Конституция деңгейінде нақты бекіту шығармашылық орта үшін айрықша мәнге ие.
«Бұл – мемлекеттің шығармашылық тұлғаға сенім білдіруі, оның еркін ойлауына, еркін ізденуіне жасалған жағдай деп түсінген жөн. Өнер адамы жаратылысынан қалыпқа сыймайды. Еркіндік бар жерде ғана өнер дамиды, жаңа бағыттар мен формалар пайда болады», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, шығармашылық еркіндік өнер адамдарына қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеруге, шаблоннан тыс ойлауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қазақстандық сахнада жаңа репертуарлар қалыптасып, ұлттық және заманауи өнер қатар дамып келеді. Жас композиторлардың тың туындылары сахнаға шығып, отандық орындаушылар халықаралық деңгейде мойындала бастады.
Ал 23-баптың 2-тармағында зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Бұл – өнер адамдары үшін аса маңызды норма. Себебі әрбір музыкалық шығарма, қойылым немесе орындаушылық интерпретация – автордың зияткерлік еңбегінің нәтижесі.
«Өкінішке қарай, авторлық құқықтың бұзылуы, әсіресе цифрлық кеңістікте, әлі де кездеседі. Кейде композиторлар мен орындаушылар өз еңбегінің әділ өтемін ала алмай жатады. Заң нақты жұмыс істесе, бұл өнер адамына сенім береді әрі жаңа туынды жасауға ынталандырады», – дейді М. Тайпин.
Оның айтуынша, зияткерлік меншіктің қорғалуы – тек материалдық емес, моральдық мәселе де. Автордың еңбегі танылып, әділ бағаланған жерде шығармашылық бәсеке артып, өнер сапасы жоғарылайды. Бұл тұрғыда Еуропа елдері мен АҚШ-тағы авторлық құқықты қорғау жүйелері Қазақстан үшін үлгі бола алады.
Конституция жобасындағы тағы бір маңызды норма – 40-бап. Онда әрбір азаматтың тарихи және мәдени мұраны сақтауға, ескерткіштерге ұқыпты қарауға міндетті екені көрсетілген. Бұл талап мәдениетке деген жауапкершілікті тек мемлекетке емес, бүкіл қоғамға жүктейді.
«Филармония – тек концерт өткізетін орын емес, ол ұлттық музыкалық мұраны сақтап, насихаттайтын рухани орталық. Дәстүрлі музыка мен классикалық туындылар арқылы біз өткен мен бүгіннің арасын жалғап отырмыз. Бұл бап біздің осы бағыттағы жұмысымыздың маңызын заңдық деңгейде бекітіп тұрғандай», – дейді сарапшы.
Мәдени мұраны сақтау – тек музей мен архивке қатысты ұғым емес. Ұлттық өнерді қолдау, концерттерге бару, жас ұрпақтың мәдени талғамын қалыптастыру да осы міндеттің бір бөлігі. Сарапшының пікірінше, бұл норма жастардың тарихи санасын күшейтіп, ұлттық өнердің жаңғыруына жол ашады.
Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа жобасындағы бұл баптар Қазақстанда еркін ойлайтын, жауапкершілігі жоғары, шығармашылық әлеуеті мықты қоғам қалыптастыруға бағытталған. Ал өнер мен мәдениет саласы үшін бұл – жаңа мүмкіндіктер мен сапалы дамудың берік құқықтық негізі.