Шығу үшін 10 мың теңге : Құрманғазы ауданындағы перзентханада​ тексеріс басталды

17.03.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Сурет: 2ГИС

Бұған Құрманғазы ауданындағы жергілікті тұрғын Сәуле Қизатованың видеосы себеп болды. 

Ол онда перзентханада босанған әйелдерден ақша жинау және аудандық ауруханадағы басқа да мәселелер туралы баяндаған.

Ол шағымды 15 наурызда, референдум өткен күні жариялап, перзентханада заң бұзушылықтар болуы мүмкін екенін, соның ішінде перзентханадан шығару үшін ақша сұрау жағдайларын айтқан.

Оның айтуынша, жарияланымнан кейін оған әйелдер хабарласып, осыған ұқсас жағдайлар болғанын жазған. Қизатова балада, мысалы, сары ауру бар немесе балаңның басы қысылып туған деп, босанған аналарды перзентханадан шығармайтынын айтады. Алайда, баланың дені  сау болса да, перзентханадан шығару үшін анасынан он мың теңге сұрайтынын айтады.

Қизатованың сөзінше, босанған әйелдер Лариса есімді педиатр дәрігер ақша сұрайды деп отыр. Оның айтуынша, медбикелер палаталарды аралап, төлем қажеттігін ескертіп, мекемеден еш қиындықсыз шығу үшін қалтасына ақша жинап беруді ұсынады.

«Сондықтан босанған әйелдер әлгі ақшаны беруге мәжбүр. Заң қайда біздің? Бақылаушы органдар қайда қарап отыр, прокуратура қайда?» — дейді Сәуле Қизатова.

Одан бөлек, ол басқа мәселелерді де атады. Оның айтуынша, санитарлар бір жылдай бойы тиісті төлемдерін алмаған, бірақ мәселе жария болғаннан кейін шешілген. Сондай-ақ, Қизатова тегін дәрі-дәрмек тізіміне енгізілген науқастардың оларды ала бермейтінін, ал жаңа туған нәрестелердің аналары қажетті тағаммен қамтамасыз етілмейтінін жеткізді.

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы жарияланымға жауап беріп, қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

— Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен арнайы комиссия құрылып, Құрманғазы аудандық ауруханасында тексеріс жүргізілуде. Көрсетілген медициналық көмектің сапасына және белгіленген стандарттардың сақталуына баға беріледі, — деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданатыны айтылды.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 15:06

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью