Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша ауа температурасы жылынып, қар қарқынды ери бастады.
— Құтқарушылар өзендердің мұздан ашылу барысын бақылап, су тасқыны қаупі бар учаскелерді ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып тексеріп жатыр. Аталған жұмыстар су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалауға, тасқын қаупі туындаған жағдайда уақтылы шаралар қабылдауға бағытталған. Бақылау нәтижелері бойынша гидрологиялық жағдай тұрақты екені анықталды, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Облыстың көптеген өзенінде мұздың ерігені байқалады. Су деңгейінің қауіпті шекке дейін көтерілу фактісі тіркелген жоқ.
Айта кетейік, облыста 8,5 мың адам тұратын 71 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі жойылды, 50 ауылда азайтылды, 5 елді мекенде әлі сақталып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Батыс Қазақстанда қар күрт еріп, жолды бұзып кеткені хабарланған.