Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
ШҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, 2022 жылдан бері мемлекетке қайтарылған жерлердің 131,6 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
— Бұл жалпы көлемнің шамамен 28%-ын құрайды. Оның ішінде 53,6 мың гектары халықтың қажеттілігі үшін берілсе, 78 мың гектары конкурс негізінде ауыл шаруашылығы саласымен айналысатындарға ұсынылған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша 293 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр, — дейді ол.
Сонымен қатар өңірде қоғамдық жайылымдарды қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері ауыл шаруашылығы жануарларының санын ескере отырып, қажетті жайылым көлемін анықтап, жайылымдарды басқарудың бес жылдық жоспарларын әзірледі.
— Мәселен, мұндай жоспар Алтай ауданында бекітілген. Ал басқа қалалар мен аудандарда құжаттар бекіту сатысында. Жалпы алғанда, өңірде халықтың малын жаюға арналған қоғамдық жайылымдардың көлемі шамамен 700 мың гектарды құрайды, — дейді Надежда Михейлис.
Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы жерлерінің топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бойынша өңірлік жол картасы жүзеге асырылып келеді. Мамандар тозған жерлерді анықтау жұмыстарын қолға алған. Бүгінгі күні осындай 305,9 мың гектар жер анықталды.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында 150 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланған.