Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
– Балаларды понимен серуендету идеясы қалай келді?
– Алғашында фармацевт болып жұмыс істеген едім. Кейінірек ат туризмі саласына ойыстым. Содан ата-аналар хабарласып, балаларын понимен серуендеткілері келетінін айта бастады. Сырттай оқып жүріп, ат спорты бойынша жаттықтырушы сертификатын алдым. Сосын иппотерапиядан жаттықтырушы-кеңесші сертификатына ие болдым. Ал ат клубы 2021 жылы ашылды. Алдымен понилерді ғана жалға берейік деп жоспарладық. Бірақ кейін сұраныс артып, тұрғындар атқа мініп үйренуге де ниет танытты.
– Бұл үшін арнайы білім керек шығар?
– Жалпы, үш жоғары білімім бар. Соның екеуі – жылқы бағытында. Нақты айтсам, салт ат міну жаттықтырушы-нұсқаушысы және иппотерапия нұсқаушысы. Үшіншісі – медицина саласы. Қазір ат қора іргесінде жаттығу жасайтын алаң бар. Өзіміз дайындап, қалыпқа келтіріп, артық-ауыз заттар жатса тазалап отырамыз. Қар қалың жауса, техника жалдаймыз. Ал жазда жазықтың жарасы жеңіл.
– Үйірмеге көп адам келіп жүр ме?
– Ұзын-саны 20-дан асады. Салт мініп серуендеп, жекелей сабақ алу үшін аптасына үш-төрт рет келеді. Өздері арнайы уақыт бекіткен. Мектепке баратын ұл-қыздар алдын ала жазып, қай кез ыңғайлы екенін сұраса, бұрыннан келіп жүргендер қалыптасқан кестеден ауытқымайды.
– Риддерді кеншілер қаласы деп те жатады. Жазда табиғаты ғажап. Ол кезде үйірме бағдарламасы қызықты өтетін шығар?
– Жазда туризммен, салт атпен серуендеумен айналысамыз. Әсем табиғатымыз тұрғанда, ниеттілер легі толастамақ емес. Жыл өткен сайын қызығушылық танытқан шетелдіктер қарасы молайып барады. Ресейден, Германиядан келген. Былтыр италиялықтармен жүздестік. Ол жақтарда ат клубының түр-түрі бар. Бірақ қылқан жапырақтысы қалың, көрікті жерлерде серуендеудің жөні бөлек. Туристер тек табиғатқа тамсанып қайтып кетпей, айрықша әсер алу үшін осы жағын дамыта беру керек сияқты.
– Облыс аумағында ұйымдастырылған бәйгелерге қатысып көрдіңіз бе?
– Екі жыл бұрын Зайсан ауданында өткен Халықтық ойындарға барып қайттық. «Малыш» атты жүйрігімді қостым. Бірақ оны тізгіндеген шабандозға келгенде бірнеше сұрақ туындап, кей азамат кекетіп сөйледі. Себебі, «Малышты» мінген шабандоз – Арина есімді қыз бала. «Бәйгеге шабатын бір ұл табылмағаны ма?» деп сын айтқандар болды. Мүмкін қыз бала құлап қала ма деп уайымдаған болар. Алайда 15 шақырымды толық еңсереді деп Аринаны бекер таңдамадық. Тұлпар мініп, жарыс жолына шығып жүрген тәжірибесі бар. Күн де шыжып тұрды. Әйтеуір 25 ұлдың ішінде жалғыз бұрымды мәре сызығын бесінші болып кесіп өтіп, қойған межені толық орындады.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан– Сондай жарыстарға барып-келу қаржы, көлік жағынан қиын емес пе?
– Иә, көп нәрсе қаражатқа байланысты. Зайсандағы бәйгеге әкімдіктен шақырту түскен. Естіген бойда ат жаратуға кірісіп, жауапкершілік жүгін сезіне бастадық. «Малыш» сенімді ақтады. Тұқымы – ағылшын. Екі жыл бұрын конкур (кедергілерден секіріп өту) бойынша 1-ші, 2-орынға ие болды. Сол уақыттары тек бәйгеге қосуды жөн көрдік. Әйтпесе зорығып кетеді. Конкурға қатысатын басқа аттар бар. Жалпы, көбі 4-6 жас аралығында. Олардың санын көбейтіп, командамызды кеңейтсек дейміз. Туризмді де дамытып, балаларды көптеп қабылдағымыз келеді. Дегенмен жекеменшік ат клубы болғандықтан еш жерден қаржыландырылмайды.
– Ал пониге мінуді иппотерпия деуге келе ме?
– Әуелі бұл іске қалай кіріскенімді айта кетейін. Екі жыл бұрын «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты бағдарламамен 3 млн теңгенің грантын ұттым. Ол «Пони-драйвинг» бағытын дамыту үшін бөлінген қаражат еді. Негізі бұл – алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған әлеуметтік жоба. Олармен қатар мүгедек балалар да келеді. Бәрі бірдей пони міне алмайды. «Незабудка» аталатын орталықпен бірлесе жұмыс істейміз. Солар арқылы Қарттар күнінде ата-әжелерді салт атпен серуендетеміз.
Ал пониге міну иппотерпия емес. Кейбірі солай деп жазып, қате ақпарат беріпті. Менің қолға алғаным – біршама күрделі бағыт және Риддерде жуық арада дамып кетуі екіталай. Өйткені ол үшін жабық кешен керек, ыстықта да, суықта да жұмыс тоқтамауы тиіс. Өзі науқас бала ашық аспан астында салт атпен серуендеп, ол уақытта жаңбыр жауып, жел тұрса – ем қонбақ түгілі, екінші рет келмеуі мүмкін.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан– Жабық кешен жыл он екі ай ат баптауға қолайлы болғаны ғой?
– Әрине. Қысқасы, манежсіз жұмыс жүрмейді. Әзірге ондай жер тек Өскеменде ғана бар. «Даму» қоры арқылы несие алып, осыған күш салғым келеді. Жабық кешен Риддерде салынып, бастама қолдау тапса, жаман ба? Тіпті бұл тек мүгедек жандарға ғана емес, ат жаратқан шабандоздар үшін де керек.
– Сізде салт мінуге бейім бір топ, понимен серуендейтін бір топ бар екен. Екеуін қатар алып жүру бір өзіңізге қиын емес пе?
– Мен жалғыз емеспін, көмекшілерім бар. Понилердің біріне Маша, ала түстісіне Саша деп лақап ат бердім. Бұл жақтың қысы қатты. Бірақ понилер аязға да, аптапқа да төзімді. Жем-шөпті талғамай жейді. Айтпақшы, мүгедек балалардан ешқандай ақы алмаймыз. Осылай қайырымдылық шарасына да қатысып тұруды жөн көрдік. Кейде баласы гаджеттерге телміріп, толып бара жатқанын көрген ата-ана хабарласып жатады. Ұл-қызын жетектеп әкелгенде, жағдайдың ушығып бара жатқанын көреміз. Понимен серуендету арқылы аз-маз көмек беруге болатынын түсіндім.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан– Әйел заты үшін жүйрік баптаудың оңай емес екені белгілі. Оған қоса, Күршім, Катонқарағай аудандарының бәйге аттарына қарсы тұру қиын. Бұл тұрғыда алға қандай жоспар қойып отырсыз?
– «Шаман», «Добрыня» есімді аттарым қонақтарды серуендетуге дәл. Екеуі де Орловтың желісті жылқысы. Зайсандағы бәйгеде бестікке ілінгені – «Малыш». Осы үшеуінің соңғысын жақсылап жаратса, облыстағы біраз жүйрікпен қапталдаса шабуы мүмкін.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан– Ат клубындағы қылқұйрықтылардың бәрі өзіңіздікі ме?
– Жоқ, кейбірі елдікі. «Баламның тақымы тастай болсын» деген кей ата-ана жүйрігін жетектеп, осында әкеледі. Мен соларға қарайлаймын. Суғарып, жемдеп, күзейтін де өзім. Өзара ымыраласқанымыз бар. Алыс-жақыннан қонақтар келіп, салт мінеміз десе, аттардың бірін ерттеп беремін. Қысқасы, бір тарап атын бақтырады, екіншісі оны жалға беру арқылы, нәпақасын табады.
– Жаз соңына қарай жемшөп жинауда жұбайыңыз қолұшын беретін шығар?
– Өзім істеп келемін. Кейде сәл қамығамын. Көмекші алу жағын ойлағанмын. Бірақ азын-аулақ ақшаға келе қоймайтыны белгілі. Негізі жұмыс сондай қиын емес. Таңертең, кешке суын беріп, шөбін салып отырса да жетер еді. Әйел затына ауыр екені рас. Мына жақтан шаршап келгенде, отбасыңа да көңіл болу керек. Түнгі 00:00-де ұйықтасам, таңғы 05:00-де қайта тұрып, қораға беттеймін. Бір есептен, бұл үлкен жауапкершілік. Ешқайда кетіп қала алмайсың, ауыруға болмайды, кейде еріншектік басады. Жануар күтімді қажет ететіндіктен олай етуге құқың жоқ.
Келешекте жылы, жайлы атқора салсам деймін. Солай сәйгүліктер баптап, күтіміне мән беруге қолайлы болар еді. Мал жылы жерде тұрса, жылқы ұстаған көп адамның келіп, жүгінері сөзсіз. Егер қаржы табылып, қора салынып жатса, біз аялдаған шаруашылық алқабы соған жарап тұр. Заң жүзінде ол жерде мал ұстауға болады. Несие алып, атқора салсам, жоқ дегенде 5 млн теңге қажет. Манеж бұдан 4-5 есе қымбат. Құрылыс үшін ені – 20, ұзындығы – 40 метр аумақ болса жетеді. Бәрі біртіндеп бола жатар.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Еске салсақ, осыған дейін Батыс Қазақстан облысында жылқылардың өліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазбалар тарағаны жайлы жазғанбыз.