Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзу болуы мүмкін деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
– Аталған қызмет бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері заң талаптарына толық сәйкес өткізілген. Нәтижесінде ең төмен баға ұсынған «Эльдорадо» жарнама агенттігі» ЖШС жеңімпаз атанды, - деп хабарлады әкімдік.
Қала басшылығының мәліметінше, жасалған келісімшарттың жалпы сомасы – 5 млн 431 мың теңге. Жоба аясында кемінде 36 мың бейнематериал көрсетілімі жоспарланған, яғни бір көрсетілімнің құны – 151 теңге. Сондай-ақ байқауға қатысушыларға қойылған талаптың бірі – кемінде 300 шаршы метр көлеміндегі LED-экрандардың болуы және бұл талап мердігер тарапынан толық орындалғаны атап өтілді.
– Шымкент қаласындағы 100 LED-экранда Наурыз мерекесіне арналған 10 бейнеролик көрсетілді. Пайдаланылған экрандардың жалпы ауданы белгіленген 300 шаршы метрден әлдеқайда асып түседі. Бұл ретте, заң бұзушылықтар туралы ақпарат негізсіз, - деп нақтылады ішкі саясат басқармасы.
Бұдан бұрын Шымкент әкімдігі желіде тараған аудан әкімінің қызметкерге қол көтергені туралы видеоға түсінік берген еді.