Шымкентцементтің өніміне шетел де қызығады

05.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Тауардың бір бөлігі ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалғаны экспортқа шығарылады. Елімізде құрылыс индустриясының жандануына байланыс­ты цемент өндірісі де қарқын ала түсті. Әсіресе күрделі құрылыс жобаларының көбеюі­мен цемент сапасы да артты. Бүгін­де «Шымкентцемент» өнімі еліміз бен шетел­дің барлық сапа талабына сәйкес келеді.

Кәсіпорын ауқымды жаң­ғыртудан өткен. Нәтижесінде, цемент өндірудің ылғалды тәсілінен құрғақ тәсіліне көшті. Бұл, біріншіден, энергия тиім­ділігін арттырса, екіншіден, экологиялық жүктемені азайтуға ықпал етті. Тоқсаныншы жылдары тоқырау кезеңін бастан өткерген кәсіпорын алғашында италиялық инвес­торлардың басқаруында болды. Кейін неміс инвесторларының иелігіне өтті. Бүгінде «Шымкентцемент» немістің «Heidelberg Materials» компаниясының құрамына кіреді. Бұл компания әлем бо­йынша құрылыс материалдары өндірісі саласындағы көшбасшылардың бірі саналады. Шетелдік инвесторлар зауытқа заманауи технологиялар енгізіп, озық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етуде.

Зауытта 250 адам еңбек етеді. Қызмет­кер­лердің басым бөлігі – жергілікті тұр­ғындар. Оларға Германиядан келген ма­мандар жаңа технологиялар бойын­ша білім береді. Сонымен бірге зауыт бас­шылығы жергілікті мамандардың білік­тілігін арттыру мақсатында оларды Гер­ма­нияға тағылымдамаға жіберіп отырады. Кәсіпорын өндіретін цемент сапалы болғандықтан құрылыстың барлық түріне жарамды. Бұл материал гидротехникалық және күрделі инженерлік құрылыстарда да кеңінен қолданылады.

«Зауытта өндіріс толықтай автоматтан­ды­рылған. Басқару пультінде екі оператор барлық үдерісті бақылап отырады. Цемент өндірісіне қажетті шикізат – саз, әктас пен кен. Мұндағы кен – құрамында қажетті минералдары бар тау жыныстары. Олар ұсақталып, майдаланып, 1400 градус температурада күйдіріледі. Алынған клинкерге түрлі қоспа қосылып, әртүрлі маркалы цемент дайындалады. Қазіргі таңда кәсіпорынға жасанды интеллект тех­нологиялары енгізіліп жатыр. Соның арқасында өнім сапасы артып, еңбек өнімділігі де жоғарылады. Арнайы есептеу жүйесі шикізат құрамының стандартқа сай дәл мөлшерленуін қамтамасыз етеді. Бұрын қоспа құрамында аздаған ауыт­қу­лар кездесетін. Қазір дозаторлық жүйе арқылы өндіріс барысында қоспалар нақты реттеледі. Мұның бәрі жасанды интеллект технологиясының нәтижесі. Ал­дағы уа­қыт­та зауыттың басқа да технологиялық үде­рістерін жасанды интеллект негізіндегі басқару жүйесіне енгізу жоспарланып отыр. Бұл өнім сапасын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Елде кейінгі жылдары құрылыс жұ­мыс­ы қарқын ала түсті. Әсіресе көп­қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік және коммерциялық нысандар көптеп са­лынып жатыр. Осыған байланысты зауыт та өндіріс көлемін арттырып, цемент шығару көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Жалпы, еліміздегі құрылыс индустриясының дамуы экономикалық өсімнің артуымен тікелей байланысты. Цемент – құрылыс материалдарының ішін­дегі негізгі өнімдердің бірі. Сондықтан Қазақстанда бұл өнім­нің толықтай отандық өн­дірісте шығарылуы – маңызды жетістік.

Айта кетерлік жайт, Қазақ­станның стан­дарттау және метрология институты це­мент пен бетон өндірушілер қауым­дастығымен бірлесіп СТ РК 3361 ұлттық стандартын бекітті. Соның нәтижесінде стандарт талаптарына сәйкес келмейтін цемент өнімдерінің нарыққа түсуі азайып, отандық өндірістің дамуына жол ашылды.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде цемент өндірісі 1,5 есеге артып, 14,4 млн тоннаны құрады. Бұл – цемент өндірісі тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Халықаралық тәжірибе негізінде отандық кәсіпорындар техникалық регламент талаптарын сақтауға міндетті. Соның негізінде бірыңғай ұлттық стандарт қалыптасты. Шетелден келетін импорттық өнімдер де осы стандартқа сәйкес болуға тиіс.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью